Тынысы ашылған Торғай

1 октября 2026 9:03 • 225 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің оңтүстігіндегі аудандарға жұмыс сапарымен барып, атқарылған жұмыстарды тексерді. Сондай-ақ, Торғай жұртымен кездесіп, өзекті мәселелерді көтерді.

Сапар Жангелдин ауданынан басталды. Жұмыс сапары барысында Торғай ауылында салынып жатқан жалпы ауданы 1440 шаршы метр екі пәтерлі 12 үйдің құрылысымен танысты. Торғай кентінде қазығы қағылған тұрғын үйлерді төрт жеке кәсіпкер салып жатыр. Әр баспана аумағы – 60 шаршы метр, екі пәтерден тұрады. Осы үйлерді сатып алу үшін облыстық Құрылыс басқармасына өңір бюджетінен 432 млн теңге бөлу жөнінде өтінім жолданған. Құрылыс жұмыстары аяқталысымен тұрмысы төмен отбасыларға табыс етіледі.Баспаналар әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналып салынуда.

Ауданда соңғы ішінде ауданы 5,4 мың шаршы метрден асатын 44 баспана немесе 59 пәтер пайдалануға берілген. Ал былтырдан бастап жеке инвестиция есебінен, 106 млн теңгеге үш үй бой көтеріпті. Енді олардың қатары таңы 12-ге көбейгелі отыр.

«Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының негізгі бағыты. Мемлекет басшысы қолжетімді баспана – арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз екенін айтқан еді. Кейінгі 3,5 жылда облыста шамамен 1,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 18,4 мың отбасы өз жағдайын жақсартты. 3 жыл ішінде облыста 1,7 мың әлеуметтік пәтер сатып алынды, оның ішінде Жангелдин ауданына 4 пәтер тиесілі. Қазір салынып жатқан 12 пәтер де кезекте тұрған баспанаға мұқтаж азаматтардың басты мәселесін шешіп бергелі отыр», – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Жалпы, Жангелдин ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты. Ірі қара саны 53,6 мыңға, жылқы 21,4 мыңға жетті. 42,3 мың гектарға егіс егілді, 131,7 мың тонна мал азығы дайындалды. Ауыл шаруашылығы саласына 12 техника сатып алынды.

12 елді мекендегі 9 265 тұрғын орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 3 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, 1,4 мың аула тазартылды. 1250 жасыл желек отырғызылды, «Жасыл ел» бағдарламасына 80 жас тартылды.

Аймақ басшысы Торғайдағы «Мерген саябағына» барды. Демалыс орны жеке кәсіпкердің 25 млн теңге демеушілік қаражатына салынған. Аумағы – 4 мың шаршы метр. Биыл саябаққа көше тренажерлері орнатылды.

Облыс әкімі аудан жұртшылығымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Жангелдин ауданының әр саладағы дамуында оң көрсеткіш бар. Шешімін күткен шаруалар да жеткілікті. Ол жөнінде аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев жылдың алғашқы жеті айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы кезеңге белгіленген негізгі міндеттер туралы есебінде баяндады.

Аудан басшысының айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға, бюджетті толықтыруға, кәсіпкерлікті қолдауға және ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар жемісті жалғасып келеді. Жыл ішінде жүргізілген нақтылаулар нәтижесінде трансферттер есебінен бюджет көлемі ұлғайып, 2,6 млрд-қа жетіп, межелі жоспардан асып түскен.

«Аудан экономикасына тартылған инвестициялар көлемі жеті айда 392 млн теңгеге жетті. Оның 148 млн теңгесі жеке инвестицияларға тиесілі. Ол ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға, тұрғын үй салуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Өнеркәсіп саласында 104,3 млн теңгенің өнімі өндірілді», – деген деректер келдірді аудан әкімі Дінмұхаммед Бидашев.

Амангелді ауданына жұмыс сапарымен барған өңір басшысы Құмар Ақсақалов құрылыс нысандарымен танысты. Жиырма пәтерлі үйге облыстық бюджеттен 323,4 млн теңге қаражат бөлінген. Бүгінде жеті баспана құрылысы 90 пайыз аяқталып тұр. Қалған үш үйдің жұмысы ортан белінен асқан. Соңғы 3,5 жылда ауданда 10 мың шаршы метрден асатын 61 үй немесе 67 пәтер салынды. 2025 жылы 12 әлеуметтік пәтер сатып алынды. Биыл 1200 шаршы метр болатын 20 пәтерлі 10 үй бой көтеріп жатыр.

«Бұл үйдер жалғызбасты аналарға, отбасы толық емес жандарға, мүгедектігі бар адамдарға беріледі. Қазір 91 адам пәтер кезегінде тұр. Оның 71-і – әлеуметтік тұрғыдан осал топқа жататын тұрғындар. Тиісті құжаттар ТКШ бөлімі арқылы рәсімделіп, «Отбасы банкке» өткізіледі. Одан соң жаңа үйлер иелерін табады», – дейді Амангелді ауданы әкімінің орынбасары Ислам Анарбекұлы.

Амангелді ауданына барған жұмыс сапары барысында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов бірқатар нысандарды аралады. Аймақ басшысы аудан жұртшылығымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Жалпы, Амангелді ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында нәтиже бар. Ірі қара 62,5 мыңға, жылқы 29,8 мыңға, қой-ешкі 82,3 мың басқа жетті.

Биыл 2150 тонна ет, 12,4 мың тонна сүт өндірілді. 193,4 мың га егістіктен 145 мың тоннаға жуық астық жиналды. 231 мың тонна шөп әзірленді. 1,5 млрд теңгеге 44 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

1012 шағын және орта бизнес субъектісінде 1,8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 70 мың тонна қоқыс шығарылды. 4 балалар ойын алаңы орнатылды. Елді мекендерді жарықтандыру деңгейі 93,3%-ке жетті.

Мемлекет Басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сай, былтыр Амантоғай ауылында спорт кешені салынды. 15 жұмыс орны құрылды.

Арқалыққа барған жұмыс сапары барысында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қаланы дамыту әрі қарай жалғаса беретінін жеткізді. Аймақ басшысы бірқатар нысандарды аралады, қала жұртшылығымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Ауқымды жобалар, жемісті бастамалар өңір өрісін кеңейте түскен. Ауыл шаруашылығы алға жылжып, кәсіпкерлік қанат жайып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңарып келеді. Ендігі міндет – қолға алынған жобаларды соңына жеткізіп, аудан әлеуетін одан әрі арттыру.

«Аудан экономикасының ең еңселі саласы – ауыл шаруашылығы. Сондықтан бұл бағыттағы әлеуетті тиімді пайдалануымыз қажет. Қазіргі таңда бірқатар шаруашылық ірі жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Мысалы, «Bek Invest Burabai» серіктестігінің «Береке» бағдарламасы арқылы 1,1 млрд теңге несие алып, Ресейден мың бас асыл тұқымды «Калмақ» сиыры мен 33 асыл тұқымды бұқа әкелу жоспары бар. Бұған қоса, аталған серіктестік Амантоғай ауылында 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын салуды көздеп отыр. Жоба құны – 2,2 млрд теңге. Нысан толық қуатына шыққанда жылдық өнімділік он мың басқа дейін көбейіп, 32 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Мұның сыртында ауданның 21 шаруа қожалығы «Жайлау» бағдарламасына қатысуға ниет білдіріп, жалпы құны 4,5 млрд теңгенің несиесіне құжат әзірлеуде», – дейді аудан әкімі.

Торғай өңіріндегі елді мекендердің тынысы нақты көрсеткіштермен өлшенеді. Амангелді ауданында биыл атқарылған жұмыстар оңды өзгерістерден хабар беріп отыр. Әу бастан аудан экономикасының негізгі тірегі саналатын ауыл шаруашылығының табысы толайым. Салада өндіріс көлемі артып, өріске мал өргізген жаңа жобалар қатарға қосылды. Аудан әкімі Қанат Кеделбаевтың айтуынша, ендігі кезеңде мал шаруашылығын дамытуға, асыл тұқымды мал басын көбейтуге және өндірісті әртараптандыруға басымдық берілмек.

Атап өту керек, Арқалақта 2 инвестициялық жоба іске асырылып, 42 жаңа жұмыс орны құрылды. 50 МВт жел электр станциясы іске қосылды. Шағын және орта бизнес саласында 5 жоба жүзеге асырылуда. 89 жұмыс орны ашылады. Агроөнеркәсіп саласында 14,6 млрд теңге болатын 2 ірі жоба іске асырылуда. Оның қатарында «Arkalyk Qus› құс фабрикасында жылына 300 млн жұмыртқа өндіру және қой шаруашылығы кластерін құру жобалары бар. Жалпы 140 жұмыс орны ашылады.

Арқалық әуежайы қайта салынды. Теміржол вокзалы жаңғыртылды. 10 км кәріз желісі жаңартылды. Тағы 32 км кәріз желісі жаңғыртылады. Биыл 6,7 км жылу желісі жаңартылды. 4,5 км магистральдық жылу желісі жөнделді. 13,4 км қала жолдары жөнделді. Қалаішілік жолдардың үлесі 57,9%-дан 75,3%-ға дейін артты.

Қала мен ауылдарда 247 мың тонна рұқсат етілмеген қоқыс шығарылды.

61 тозығы жеткен және қараусыз қалған нысан бұзылды. 76 көппәтерлі үйдегі 185 кіреберіс жөнделді. Тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеу, саябақтарды абаттандыру, субұрқақ, аялдамалар, сәндік жарықтандыру, тротуарлар мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Арқалықта жабық хоккей корты, Родина ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. «Самұрық-Қазына» қорының қаражаты есебінен қалада дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеріп жатыр. Биыл Арқалық өңірінде 341,8 мың гектар жерге егіс егілді.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды