Агроөнеркәсіп – Сарыкөл экономикасының негізгі күші

8 октября 2026 9:05 • 153 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Сарыкөл ауданына жұмыс сапарымен барып, бірнеше әлеуметтік нысанды аралады. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен кездесіп, аудан әкімінің «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарған жұмысының есебін тыңдады.

Сарыкөл ауданында агроөнеркәсіп секторы экономиканың 85%-ін құрайды. 557 ауыл шаруашылығы кәсіпорны жұмыс істейді. 271,3 мың га алқаптан өнім жиналып, 531,3 мың тонна астық бастырылды. Орташа түсім – 19,6 центнер. 61,6 мың га майлы дақыл жиналды. 8 айда 5,1 млрд теңгеге 91 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Ауданда 3 мал шаруашылығы нысан салынып жатыр. 4,7 млрд теңгенің 10 инвестициялық жобасы іске асырылуда.

«MEL-FARMAGRO» ЖШС 1,5 млрд теңге өз қаржысына асыл тұқымды ет бағытындағы ірі қара мал фермасын салып жатыр. 22 жаңа жұмыс орны ашылады.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Сарыкөл ауданына барған жұмыс сапары барысында жергілікті әкімдік пен ауыл шаруашылығы тауар өндіруші арасында жасалған меморандум аясында салынып жатқан шаңғы-велосипед трассасының жұмысымен танысты. Бұл жұмысты «СарыкөлДорСтрой» ЖШС 75 млн теңге инвестиция қаражаты есебінен жүзеге асырып жатыр. Жалпы, ауданда 67 спорт нысаны бар, 315 спорт секциясы жұмыс істейді.

Биыл ауданда 2,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 30 жылдан кейін тұрғын үй құрылысы қайта жанданды. Қазіргі уақытта әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналып 1 640 шаршы метр 32 пәтерлі 2 үйдің, 260 шаршы метр 2 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, 14 пәтер сатып алу, 2 пәтерлі 6 үй салынады.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Сарыкөл ауданының әкімі аудан әкімі Марат Шымырбековтің «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарған жұмысының есебін тыңдады.

Облыс басшысы аудан әкімінің аумақты абаттындыру бағытындағы жұмысын сынап, есебі қабылданбайтынын айтты. Себебі тазалық жұмыстарының нәтижесі мардымсыз.

(Жалғасы. Басы 1-ші бетте)

«Сарыкөл ауданында анықталған абаттандыру қағидаларын бұзу деректерінің 80% қалпына келтірілді. Қалғанын түзету жалғасуда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер көмектесуде. Алайда, бәрі біз қалағандай бола бермейді. Бірақ, жұмыс істеп жатырмыз. Сарыкөл ауылының өзінде 204 бұзушылық анықталып, оның 169-ы қалпына келтірілді. 165 мың тонна қоқыс шығарылды. 45 сенбілік өтті. Әсіресе зират маңайы тазартылды. Саябақ ішін жинап, шарбақтарды сырладық. Сынған орындықтарды жөндедік. Кезең-кезеңімен қалпына келтірудеміз», – деді Сарыкөл ауданының әкімі Марат Шымырбеков.

Жергілікті билік күрделі мәселелерді шешудің орнына ұсақ-түйек ақауларды түзеумен айналысқан. Аймақ басшысы мұны нағыз көзбояушылық деп бағалады.

Естеріңізде болса, биыл көктемде аймақ басшысы Құмар Ақсақалов облыс әкімі аппаратының қызметкерлеріне өңірге қарасты әр елді мекенді аралап, абаттандыру қағидаларын бұзу фактілерін анықтау туралы тапсырма жүктеді. Оның қорытындысында әр ауыл бойынша фотоальбом жасалды. Апатты жағдайдағы ғимараттар, иесіз қалған үйлер, жылдар бойы тоң болып жиналған үйінділер, бәрі құжатқа түсті. Шамамен 14 мың бұзушылық анықталғаны туралы дерек жинақталды. Әсіресе, Қарабалық, Сарыкөл, Б. Майлин аудандарында тазалық талаптарының өрескел бұзылғаны байқалды. Облыс әкімі тамыз айында үлкен кеңес өткізіп, олқылықтарды 1 қарашаға дейін түзетуді тапсырған-ды. Арада бірнеше ай өтті. Нәтижесі көңіл көншітпей отыр. Сол себепті Сарыкөл ауданы әкімінің абаттындыру және тазалық шаруаларына қатысты есебі қабылданбады.

Ауданда 18 емдеу-профилактикалық мекемесі бар. Өткен жылы Крылов ауылында медициналық пункт пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта Маяк ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталды.

Сарыкөл аудандық ауруханасының директоры Нұрсұлтан Бексұлтанның айтуынша, Маяк ауылының медицина мамандары 20 жылдан астам уақыт әкімдік ғимаратының бір бұрышын жалға алып келді. Жаңадан бой көтерген ғимарат ауыл халқына бұрынғыдан да сапалы қызмет көрсетуге жол ашпақ.

«2019 жылы Түркістан облысының Ордабасы ауданынан қоныс аудардық. Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, қуанып жатырмыз. Мұнда алғашқы көмек көрсетуге қажетті барлық жабдықтар қамтылған. Тиісті көмекті бір жерде көрсетуге мүмкіндік бар. Жаңа ғимарат іші жарқырап тұр», – деді фельдшер Эльмира Есжанова.

Маяк ауылында 509 тұрғын бар. Соның 88-і бала. Мамандар уақытында екпе салып, скринингтен өткізеді. Профилактикалық тексерулерді ұйымдастырады. Аудан орталығынан апта сайын бір рет дәрігер келіп, пациенттерге ем-шара ұсынады. Жергілікті фельдшер дәрігер нұсқауымен ем-домды жалғастырады.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауыл медицинасының сапасын арттыру жұмысы жалғасатынын айтты. Шалғай ауылдарда медициналық пунктер салу Президент тапсырмасына сай жүзеге асырылуда.

Сапар барысында облыс әкімі аудан жұртшылығымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.