Қостанайда экотакси қызметі іске қосылды

8 октября 2026 9:00 • 138 просмотров

Қостанайда отандық өндірістің 65 электромобилінен тұратын экотакси қызметі іске қосылды. Жобаға 488 млн теңгеге жуық инвестиция тартылып, 130-ға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Қостанайда экотакси қызметі жұмысын бастады. Жоба аясында алғашқы кезеңде отандық өндірістен шыққан 65 электромобиль сатып алынды. Инвестиция көлемі 488 млн теңгеге жуық. Жоба нәтижесінде шамамен 130 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, қалалық инфрақұрылымды дамыту қажеттілігі Қостанайдың қарқынды өсуімен де байланысты. Соңғы бес жылда қала халқы 20 мың адамға артқан. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бұл тұрғындардың күнделікті өмірін жайлы етуге бағытталған экологиялық таза шешімдер мен бастамаларды одан әрі енгізуді талап етеді.

Экотакси қызметінің ашылу салтанатында өңір басшысы бұл жобаның тек жаңа тасымалдау форматы емес екенін атап өтті.

«Бүгін біз жай ғана жаңа таксопарк іске қосып отырған жоқпыз. Тұрғындарға экологиялық таза әрі қолайлы қалалық көлік түрін ұсынып отырмыз. Адам таксиге отырған кезде бір нүктеден екінші нүктеге жетуді ғана емес, жайлылықты, қауіпсіздікті және сапалы сервисті сезінуі керек», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Сонымен қатар ведомство мәліметінше, экологиялық таза көлікті дамыту Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру, жаңа шешімдерді енгізу және қалалық инфрақұрылымды дамыту міндеттеріне сәйкес келеді.

Жоба «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Өңір басшысының айтуынша, оның мазмұны абаттандыру және тазалықты қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Оның маңызды бағыттарының бірі – қалалық ортаға деген көзқарасты өзгерту, соның ішінде экологиялық таза көлік түрлерін дамыту.

Электромобильдерді пайдалану қоршаған ортаға тарайтын зиянды заттардың шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар экотакси қызметімен қатар электр көліктеріне арналған зарядтау инфрақұрылымы да дамып келеді. Зарядтау станциялары Қостанайдың әртүрлі аудандарында және дилерлік орталықтарда орнатылады.

Облыс әкімі кәсіпкерлердің қаланы дамытудағы рөлін де атап өтті.

«Кәсіпкер өз бизнесіне ғана емес, қаланың дамуына да инвестиция салғанда, одан барлығы ұтады. Жаңа жұмыс орындары ашылады, жаңа қызмет түрлері пайда болады, инфрақұрылым дамиды. Ең бастысы – қалалық ортаның өзі өзгереді», – деп түйіндеді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Жоба бизнес мүддесін қалалық инфрақұрылымды дамыту міндеттерімен ұштастырады. Облыс әкімдігінің пікірінше, экотаксидің іске қосылуы Қостанайда электр көлігін одан әрі кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды