Ұстаз жолы – ұлы жол

8 октября 2026 9:03 • 145 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңіріміздің ұстаздарын кәсіби мерекесімен құттықтады. Бұл күні бірқатар ұстазға «Еңбек ардагері» медалі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі және басқа да марапаттар табысталды.

Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру, әр балаға тең мүмкіндік жасау, заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу, педагогтерді қолдау мәселелерін айқындады.

Облыс басшысы Құмар Ақсақалов білім саласындағы өзгерістермен қатар, соңғы жылдары атқарылған жұмыстарға да тоқталды. 2023 жылдан бері өңірде 28 білім беру нысаны салынған. Оның ішінде 6840 орынға арналған 10 жаңа мектеп және 2,3 мыңнан астам орынға арналған 15 балабақша бар. Нәтижесінде өңірдегі оқушы орындарының тапшылығы үш есе қысқарған. Мектеп пен балабақша құрылысы алдағы уақытта да жалғасады. Қостанай мен Тобыл қалаларында әрқайсысы 1200 орынға арналған тағы екі мектеп салу жоспарланған.

«Тек 2023 жылдан бері облыста 6 840 орынға арналған 10 жаңа мектеп және 15 балабақша салынды. Соның арқасында оқушы орындарының тапшылығы үш есеге қысқарды. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 100 пайызға, ал 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 96,6 пайызға жетті», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

Жаңа зауыттар мен заманауи өндірістердің ашылуына, экономиканың өсіп келе жатқан сұранысына орай, соңғы жылдары облыс колледждерінде 25 жаңа мамандық ашылды. Айталық, бүгінде жаңа өндірістердегі жұмысшылардың 70%-ін 35 жасқа дейінгі жастар құрайды.

Өңірде 22 мыңға жуық педагог және 159 мыңға жуық білім алушы бар. Биыл облысымыздың білім саласында жеткен жетістіктер аз емес. PISA-2025 халықаралық зерттеуінде облысымыз үш бағыт бойынша үздік үштікке енді: оқу сауаттылығы бойынша 2-орын, жаратылыстану-ғылыми сауаттылығы және цифрлық мәселелерді шешу дағдылары бойынша 3-орын иеленді.

Қостанай облысының барлық мектептері жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген, 156 ауыл мектебі Starlink спутниктік интернетін пайдаланады. 5 мыңнан астам мұғалім ChatGPT Edu жасанды интеллект көмекшісін пайдаланады. «Жасанды интеллект және Game Development» жобасына 666 оқушы, «Auyl Ertegi» республикалық жобасына 14 оқушы қатысты. Биыл алғаш рет өңірімізде «QOSTANAI TECH» отбасылық фестивалі ұйымдастырылды.

«Мемлекет басшысы тамыз конференциясында Қостанай облысы түлектерінің Ұлттық бірыңғай тестілеудегі жоғары нәтижелерін ерекше атап өткен болатын. Осы жетістіктердің әрқайсысының артында ұстаздарымыздың еселі еңбегі, кәсіби шеберлігі мен үлкен жауапкершілігі тұр. Білім саласының ардагерлеріне айрықша алғысымды білдіремін. Сіздерге еңбектеріңіздің жемісін көріп, шәкірттеріңіздің жетістігіне қуана берулеріңізге тілектеспін. Ұстаздар күні құтты болсын!», – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Ұстаздар күніне арналған іс-шарада «Еңбек ардагері» медалімен қатар «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі, «Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломы, Оқу-ағарту министрлігінің «Құрмет» және «Алғыс» грамоталар және облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы табысталды.

Марапаттау рәсімі аяқталған соң мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төрінде ұстазға деген алғыс пен құрметті ән арқылы жеткізген өнерпаздар өнер көрсетті.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды