Қостанай ауданы қарқынды дамып келеді

15 октября 2026 8:45 • 58 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Қостанай ауданында болып, бірқатар маңызды нысанның ашылу рәсіміне қатысты.

Сапар аясында заманауи тауарлы сүт фермасы іске қосылып, республикалық маңызы бар «Қостанай – Мамлютка» автожолының жөнделген учаскелері пайдалануға берілді. Сондай-ақ өңір басшысы аудан тұрғындарымен кездесті.

Владимир ауылында заманауи сүт фермасы ашылды

Владимировка ауылында 400 басқа арналған «ДК Мақсат KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тауарлы сүт фермасы іске қосылды. Жобаның жалпы құны 3,2 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 4 380 тонна сүт өндіруге қауқарлы.

Серіктестік директоры Алмат Еслямовтың айтуынша, жобаны жүзеге асыруға 2,9 миллиард теңге қарыз қаражаты тартылып, 324,8 миллион теңге кәсіпорынның өз қаражаты есебінен инвестицияланған.

Ферманың жұмысы кезең-кезеңімен жолға қойылуда. Жоба аясында Германиядан голштин тұқымды 165 бас қашар сатып алынған. Қазір мал төлдеп, сүт бере бастаған. Келесі партияны қараша айының соңына дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін ұлғайту міндетін қойды. Ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамту және өндіріс көлемін арттыру үшін мемлекет инвестициялық бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді», – деді Құмар Ақсақалов.

Қостанай ауданында «ДК Мақсат KZ» және «Надеждинка» серіктестіктерінің сүт фермалары бойынша екі жоба жүзеге асырылып жатыр. Екі кәсіпорын да жобалық қуатына шыққаннан кейін аудандағы жылдық сүт өндірісі 32 мың тоннадан 44 мың тоннаға дейін артады. Бұл – 37 пайыздық өсім.

Жалпы, Қостанай облысында тауарлы сүт фермаларын салуға бағытталған 16 жоба іске асырылуда. Оның жетеуі өткен жылы пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта алты ферма салынып жатыр, ал жыл соңына дейін тағы үш ферманың құрылысын бастау жоспарланған.

«Қостанай – Мамлютка» автожолының 43 шақырымы жаңартылды

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі республикалық маңызы бар «Қостанай – Мамлютка» автожолының жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерін аралап, жаңартылған жолдың ашылу рәсіміне қатысты.

Құны 5,6 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында жалпы ұзындығы 43 шақырым болатын екі учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қостанай облыстық филиалының директоры Серік Қарабековтің мәліметінше, жөндеу жұмыстары Ұзынкөл кентінен Ершовка ауылына дейінгі 17 шақырымды және Нечаев кентінен Тобыл қаласына дейінгі 26 шақырымды қамтыған.

Жұмыс барысында жолдың ескі асфальтбетон жабынының бес сантиметрлік қабаты фрезерленіп, зақымданған учаскелер қалпына келтірілді. Қиыршықтас негізі жөнделіп, жалпы қалыңдығы 11 сантиметр болатын екі қабатты асфальтбетон жабыны төселді.

Сонымен қатар жол жиектері нығайтылып, 89 жол белгісі ауыстырылды, жол таңбалары жаңартылды. Жөндеу жұмыстарына 31 жол-құрылыс техникасы мен 26 маман жұмылдырылды.

Жобаның тапсырыс берушісі – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Қостанай облыстық филиалы. Мердігер – «ВАН» ЖШС, техникалық қадағалауды «Мерей-Тайынша» ЖШС жүзеге асырды.

Жаңартылған жол учаскелерін аралаған Құмар Ақсақалов сапалы жол инфрақұрылымы халықтың күнделікті тұрмысына қолайлы жағдай жасаумен қатар, өңірдің экономикалық дамуына да ықпал ететінін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайту міндетін қойған. Осы тұрғыда Қостанай облысының көлік-логистикалық әлеуеті ерекше маңызға ие. Өңір арқылы еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін, батысы мен шығысын байланыстыратын маңызды көлік дәліздері өтеді. Сонымен қатар облыс Ресеймен арадағы көлік қатынасын қамтамасыз ететін бағыттардың бірі саналады.

Соңғы жылдары облыста автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарының көлемі ұлғайып келеді. Әсіресе республикалық маңызы бар, өңірлер арасындағы көлік байланысын қамтамасыз ететін жолдарды жаңғыртуға басымдық берілуде.

Аудан тұрғындарымен кездесу

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай ауданының тұрғындарымен кездесті.

Кездесулер мен нысандарды аралау өңірдегі өндірістік әлеуетті арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту және көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстардың жалғасы болды.

Жаңа сүт фермасының іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік берсе, республикалық маңызы бар автожолдың жөнделуі көлік қатынасының сапасы мен қауіпсіздігін жақсартуға ықпал етеді. Бұл жобалар Қостанай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына және облыстың инвестициялық әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды