Курс валют
USD 455,00 ₸
EUR 498,77 ₸
RUB 5,56 ₸
CNY 68,12 ₸
Дата курса: 23.11.2026 Источник: НБК

Ел мерейі ұлықталған күн

29 октября 2026 8:22 • 178 просмотров

Қостанайда Республика күніне арналған салтанатты концерт өтіп, өңір тұрғындары ұлттық мерекені көтеріңкі көңіл күймен атап өтті. Сахна төрінде Қазақстанның танымал өнерпаздары өнер көрсетіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтау сөз сөйлеп, өңір тұрғындарын Республика күнімен құттықтады.

Құмар Ақсақаловтың құттықтау сөзі:

«Сіздерді еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! 1990 жылғы 25 қазанда маңызды қадам жасалып, ел тарихының жаңа парағы ашылды. Бүгінде Республика күні – заңға, азаматтық теңдікке, саналы патриотизмге және халық еркінің үстемдігіне негізделген Әділетті Қазақстанның басты символына айналды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан үлкен тарихи жолдан өтіп, елеулі сынақтарды еңсерді, халықаралық аренадағы беделін нығайтып, дамудың берік негізін қалыптастырды.

Мемлекетіміздің барлық жетістіктерін есте сақтап, үнемі айтып жүруіміз керек. Өйткені олардың бәрі – Қазақстан Республикасының шынайы егемендігінің жемісі. Биылғы 2026 жылдың тарихи орны ерекше. Еліміз конституциялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтуде. Бұл жыл өңіріміз үшін де ерекше маңызға ие. Қостанай облысының құрылғанына 90 жыл толды. Осы уақыт ішінде өңіріміз қалыптасу мен дамудың маңызды жолынан өтті, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Тәуелсіздік жылдарында облыс экономикасының құрылымы айтарлықтай өзгерді. 1991 жылы жалпы өңірлік өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі 46,5 пайызды құраса, өнеркәсіптің үлесі небәрі 17,4 пайыз болды. Қазір өнеркәсіп өндірісінің көлемін ұлғайтып, оның үлесін 33 пайыздан асырдық. Ал ауыл шаруашылығының үлесі 9,4 пайызды құрайды.

Өнеркәсіп саласында шикізаттық бағыттан біртіндеп алыстап келеміз. Қазір өнеркәсіп өндірісінің 70 пайыздан астамы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бұл біздің шикізат өндірумен ғана шектелмей, дайын өнім шығаруды да дамытып отырғанымызды көрсетеді. Бүгінде облыс өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі бойынша еліміздің 20 өңірінің ішінде төртінші орында. Өткен жылы бесінші орында болған едік. Алдымызға қойған мақсат – үздік үштікке ену.

Өңірімізде жаңа өнеркәсіп саласы қалыптасты. Қостанай облысы Қазақстанның машина жасау орталығы атанды. Еліміздегі машина жасау саласы өндірісінің жалпы көлемінің 25 пайызы шығарылады. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш одан әрі өседі. Қазір тағы бірнеше машина жасау зауытын салу жоспарланған.

Бүгінде бұл сала жеңіл және жүк автомобильдерін, тракторлар мен комбайндарды, автокомпоненттерді, жеңіл және жүк көліктеріне арналған бөлшектерді, сондай-ақ теміржол көлігіне қажетті өнімдерді шығаратын ірі кәсіпорындарды біріктіріп отыр.

— KIA зауытының іске қосылуы облыс үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға болды. Жаңадан ашылып жатқан зауыттарымыз – заманауи жоғары технологиялық өндіріс орындары. Оларда 150-ден астам робот жұмыс істейді. Машина жасау кәсіпорындарында шамамен 6 мың адам еңбек етеді. Еңбек ұжымдарының 55–70 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар, соның ішінде өңіріміздегі колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері құрайды. Мәселен, KIA зауыны қызметкерлерінің орташа жасы 30-дан сәл асады. Жастардың техникалық мамандықтарға қызығушылығының артып келе жатқаны қуантады. 2021 жылдан бері облыс колледждерінде 25 жаңа мамандық ашылды. Оның бесеуі машина жасау саласына қатысты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жоғары оқу орындарымызда әлемнің жетекші университеттерімен бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламалары іске қосылды. Машина жасау, металлургия және тау-кен ісі, экономика және құрылыс, энергетика және ақпараттық жүйелер бағыттары бойынша жоғары мектептер ашылды, – дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Басты міндет – сұранысқа ие мамандарды алдын ала даярлау, олардың заманауи өндіріс орындарында жұмыс істеуіне жағдай жасау және Қостанай облысының одан әрі индустриялық дамуына қажетті кадрлық негіз қалыптастыру.

— Қостанай облысы еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі саналады. Сүт-тауарлы фермалардың ашылуы, егіс алқаптарын әртараптандыру және агротехнологияларды жетілдіру нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі жыл сайын артып келеді. Биыл егін жинау науқаны гектарына 14,9 центнер өнімділікпен аяқталды. 6 миллион тоннадан астам астық жиналды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығын дамытуға екінші жыл қатарынан қомақты қаражат бөлініп келеді. Республика бойынша қаржыландыру көлемі 1 триллион теңгеден асты. Мәселен, биыл облысымызға 326 миллиард теңге бөлінді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 207 миллиард теңге болған еді. Яғни қаржыландыру көлемі 1,6 есе өсті. Бұл агроөнеркәсіп кешеніне көрсетіліп отырған зор қолдаудың айқын дәлелі. Қазір облыста сүттің 93 пайызы, еттің 79 пайызы, астықтың 33 пайызы және майлы дақылдардың 31,5 пайызы өңделеді. Өңірде шикізат өндіру мен экспорттаудан толық өндірістік цикл құруға көшу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Яғни егістік пен фермадан бастап, өнімді терең өңдеуге және дайын тауар шығаруға дейінгі үдерісті қалыптастыруға басымдық беріліп отыр. Етті, сүтті және астықты терең өңдеу – негізгі бағыттарымыздың бірі. Заманауи өңдеу зауыттары мен фабрикалар салынды, – деп атап өтті облыс басшысы.

Нәтижесінде облыс ауыл шаруашылығының өңделген өнімдерін экспорттау бойынша еліміздің 20 өңірінің арасында бірінші орынға шықты. Алдағы уақытта республикалық экспорттағы үлесіміз одан әрі арта түседі.

Көлік қатынасын дамытпай, ел экономикасын көтеру мүмкін емес. Сондықтан облысымызда қалалармен қатар ауылдардағы жолдар да жөнделіп жатыр.

Соңғы үш жылда 305 ауылдағы 1 072 көше жөнделіп, 185 ауылға кіреберіс жолдар жаңартылды.

Сонымен қатар облыстан шығатын барлық негізгі бағыттар бойынша мыңдаған шақырым автожол қайта жаңғыртылды. Бұл – Ресей Федерациясына, Астанаға, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарына апаратын жолдар.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша маңызды «Орталық – Батыс» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында Транскаспий бағытына шығатын, Арқалық пен Торғай арқылы өтетін жаңа автожол салынуда.

Арқалықтан Ұлытау облысының шекарасына дейінгі «Жезқазған – Петропавл» автожолын жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Нәтижесінде жол қашықтығы 500 шақырымнан астамға қысқарып, еліміздің оңтүстік өңірлерінен келетін көлік ағыны Арқалық арқылы өтетін болады.

Осылайша, Қостанай облысы еліміздің солтүстігін, оңтүстігін және батысын байланыстыратын маңызды көлік торабына айналып келеді.

— Бұл жетістіктердің артында жаңа кәсіпорындар, халықты жұмыспен қамту және қалаларымыз бен ауылдарымызды дамытуға арналған қосымша мүмкіндіктер тұр. Мұның бәрі облыс экономикасын нығайтып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және туған өлкеміздің өркендеуіне елеулі үлес қосуда-деді Құмар Ақсақалов өз құттықтау сөзінде.

Өңір басшысы облыстың дамуына үлес қосып жүргер бірқатар түрлі сала майталмандарына мемлекеттік наградаларды табыстады.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды