Курс валют
USD 444,16 ₸
EUR 487,29 ₸
RUB 5,40 ₸
CNY 66,63 ₸
Дата курса: 19.11.2026 Источник: НБК

Арқалықтың жаңғыру жолы

19 ноября 2026 8:21 • 21 просмотров

Арқалық қаласы дамудың жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, инженерлік желілерді жаңарту және әлеуметтік нысандар салу бағытында қолға алынған жобалар шаһардың экономикалық әрі әлеуметтік келбетін өзгертуге бағытталған. 2026 жылдың алғашқы он айының қорытындысы бұл бағытта бірқатар оң нәтижеге қол жеткізілгенін көрсетеді.

Қала әкімі Әмірхан Асановтың мәліметінше, биыл Арқалықта өнеркәсіп саласында жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын үш инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 47 жаңа жұмыс орны ашылған. Солардың ішіндегі ең ірісі – «Aspan Energo» ЖШС-нің 50 МВт қуаттылығы бар жел электр станциясының құрылысы. Құны 30 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 22 адам жұмыспен қамтылған. Бұл бастама қаланың энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «ARQALYQ­REMSERVIC» ЖШС қиыршық тас карьеріне арналған ұсақтау кешенін іске қосып, 20 адамды жұмыспен қамтыған. Кәсіпорын 40 млн теңгеге бетон араластырғыш қондырғы сатып алып, өндірістік қуатын кеңейтті. Сағатына 90 текше метр бетон өндіруге мүмкіндік беретін жаңа жабдық тағы бес адамды жұмыспен қамтуға жол ашады.

Шағын және орта бизнес те қала экономикасының маңызды қозғаушы күшіне айналып отыр. Биыл жалпы құны 325 млн теңге болатын бес жоба іске қосылып, 89 жұмыс орны құрылған. Асхана, наубайхана, кондитерлік цехтар мен кафелердің ашылуы тұрғындарға жаңа қызмет түрлерін ұсынып, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруда. Қонақ үй бизнесінде де екі жаңа жоба жүзеге асқан. Осылайша, Арқалықта қызмет көрсету саласын дамытуға да айрықша көңіл бөлінуде.

Арқалық өңірінің дамуында ауыл шаруашылығының орны ерекше. Биыл қала аумағында 341 мың гектар жерге дән себіліп, орақ науқаны нәтижесінде 250 мың тоннаға жуық өнім жиналды. Орташа өнімділік гектарына 8,2 центнерді құрады.

Егін шаруашылығын қолдау мақсатында диқандарға жеңілдетілген несие мен қаржыландыру тетіктері ұсынылды. «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында «Аграрлық кредиттік корпорациясы» арқылы 1 млрд теңгеден астам, «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 1,8 млрд теңге бөлінді. Бұдан бөлек, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» мен «Қазақстан Халық банкі» арқылы 3,6 млрд теңгенің 45 өтінімі мақұлданған.

Алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жалпы құны 14,6 млрд теңге болатын екі ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Соның бірі – «Arkalyk Qus› ЖШС құс фабрикасын кеңейту және жаңғырту жобасы. Құны 8 млрд теңгені құрайтын бастама кәсіпорынның жылдық жұмыртқа өндіру қуатын 300 млн данаға жеткізуді көздейді. Жоба аясында құрама жем зауыты салынып, қолданыстағы құс қоралары жаңғыртылады және тағы алты жаңа нысан бой көтереді. Нәтижесінде қосымша 120 адам жұмыспен қамтылмақ.

Екінші жоба – «АВ Agro-KZ» ЖШС қолға алатын қой шаруашылығы кластері. Құны 6,6 млрд теңге болатын кәсіпорынды келесі жылы іске қосу жоспарланған. Бұл жоба 20 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Қаланы абаттандыруға биыл 2,2 млрд теңге бағытталған. Оның ішінде облыстық бюджеттен бөлінген 890 млн теңгеге 29 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жөнделуде. Бүгінде 21 үйдің жұмысы аяқталған. Сонымен қатар 25 үйдің шатыры жаңартылды.

Қоғамдық кеңістіктер де жаңа сипатқа ие болуда. Теміржол вокзалы алдындағы саябақты абаттандыруға 350 млн теңге жұмсалды. А. Байтұрсынұлы аллеясында 38 млн теңгеге жаңа субұрқақ орнатылды. Демалыс саябағында 17 млн теңгеге жыл он екі ай пайдалануға болатын тюбинг аттракционы іске қосылды.

Бұдан бөлек, жеті көпқабатты үйдің сыртқы келбеті жаңартылып, 461 көше бағанына жарық орнатылды. Тұрғындардың қоғамдық көлікті пайдалануына қолайлы жағдай жасау үшін 20 млн теңгеге 15 жаңа аялдама салынды.

Қаладағы өзекті мәселелердің бірі – тұрғын үй қорын жаңарту. Биыл 1,9 млрд теңгеге бос тұрған үш көпқабатты тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары басталды. Жобалар толық аяқталғаннан кейін 110 пәтер пайдалануға беріледі. Бұл баспанаға мұқтаж азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға септігін тигізбек.

Спорт инфрақұрылымын дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын екі жоба қолға алынған. Оның бірі – жабық хоккей кортының құрылысы. Облыстық бюджеттен 545 млн теңге бөлініп, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілген. Нысанды толық аяқтау үшін тағы 88 млн теңге қажет.

Екінші жоба Родина ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды көздейді. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттерден 646 млн теңге қарастырылған. Сонымен бірге «Самұрық-Қазына» қорының қаражаты есебінен Арқалықта 1,6 млрд теңгеге тағы бір спорт кешені салынып жатыр. «Жігер» стадионы да жөндеуден өткен.

Спорт саласына бөлінген 54 млн теңгеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, саябақтар мен тұрғын үйлердің аулаларындағы спорт алаңдары жаңартылды. Ал «Arkalyk Qus› кәсіпорнының демеушілігімен жасанды төсенішті шағын футбол алаңы салынды. Мәдениет нысандарын жөндеу мен материалдық-техникалық базасын нығайтуға 147 млн теңге жұмсалған.

Арқалықта қолға алынған жобалардың ауқымы қаланың даму бағыты бір ғана саламен шектелмейтінін көрсетеді. Өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті қолдау, агроөнеркәсіп кешенін өркендету, коммуналдық желілерді жаңарту, жол сапасын жақсарту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – өзара сабақтас міндеттер.

Әсіресе, әуежайдың қайта іске қосылуы мен теміржол вокзалының жаңаруы қаланың көлік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге негіз болмақ. Бұл өз кезегінде инвестициялық тартымдылықты арттырып, кәсіпкерлік пен өндірістің дамуына жаңа серпін береді.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды