Қостанайда Республика күні қарсаңында ерекше маңызға ие жобаның алғашқы қадамы жасалды. Қалада «Инклюзивті спорт және дамыту орталығы» нысанының іргетасын қаланды.
Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен еркін айналысуына, кәсіби шеберлігін шыңдап, үлкен жарыстарда ел намысын қорғауына жол ашатын маңызды бастама.
Салтанатты рәсімге облыс әкімі Құмар Ақсақалов, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, Паралимпиада ойындарының чемпионы Александр Колядин, сондай-ақ өңірдің спортшылары мен қоғам өкілдері қатысты.
Өңір басшысының айтуынша, орталық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан игі жобалардың бірі.
Қостанайда мұндай орталықтың қажеттілігі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін арнайы спорт нысандарының аздығы жаттығу өткізуге бірқатар қиындық туғызған.
Салтанатты рәсімде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева да жобаның әлеуметтік маңызына тоқталды.
Оның айтуынша, инклюзивті спорт орталықтарын өңірлерде ашу – ерекше қажеттілігі бар азаматтарға тең мүмкіндік берудің маңызды тетігі.
— Республика күні – мен үшін мақтанатын мереке. Әлемде өз елі жоқ халықтар бар. Ал біз осындай мерекеде еліміз үшін маңызды істі бірге бастап отырмыз. Спортшыларымызбен әрдайым мақтанамын. Ерекше қажеттілігі бар жандарға айрықша қолдау көрсету – біздің парызымыз, – деді ол.
Қор басшысының сөзінше, Астанада алғашқы орталық ашылған кезде Мемлекет басшысы нысанның жұмысымен танысып, мұндай орталықтар тек ірі қалаларда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде болуы қажеттігін атап өткен.
Республика күні Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қостанайдағы Триатлон саябақта көпфункционалды стадион ашылды. Салтанатты Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Салтанатты шараға қала тұрғындары мен қонақтары, спортшылар арнайы келді.
2,9 гектар аумақтағы нысан футбол, жеңіл атлетика және спорттың басқа да түрлерімен айналысуға арналған орын.
Мұнда 500 орындық екі трибуна, ұзындығы 400 метр жүгіру жолақтары, баскетбол және волейбол алаңдары орналасқан.
«Қостанайда 11 мыңнан астам тұрғын футболмен шұғылданады. Осы уақытқа дейін қалада әуесқой футбол командаларының жаттығуына және әуесқой лигаларды өткізуге арналған стадион болмаған. Жаңа стадион кәсіби спортшылар мен белсенді өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары үшін маңызды спорт алаңына айналады деп сенемін», – деді құттықтау сөзінде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Бұқаралық спортты дамыту мен қолжетімді спорт инфрақұрылымын қалыптастыру Мемлекет басшысының ерекше назарында.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Республика күні аймақ орталығында Жекпе-жек сарайы құрылысының басталуына қатысты. Шараға қала тұрғындары, спортшылар да қатысып, нысанның алғашқы кірпішін қалау рәсімін өткізді.
2023 жылдан бері облысымызда 40-тан астам спорт нысаны – 19 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 8 спорт залы, 6 жабық хоккей корты, 2 стадион, ат спорты манежі және бассейн салынды.
Енді міне, спортшылар, жастар мен барша аймақ тұрғындары үшін Жекпе-жек сарайының құрылысы басталып отыр.
Жалпы ауданы 5,6 мың шаршы метр болатын 3 қабатты Жекпе-жек сарайында түрлі жаттығу залдары орналасады. Республикалық және халықаралық жарыстарды, ұлттық құрама командаларының оқу-жаттығу жиындарын өткізетін жарыс залы болады. Кешенде көркем гимнастикаға арналған мамандандырылған зал қарастырылады.
Кешеннің өткізу мүмкіндігі бір ауысымда 100-ден астам спортшының жаттығуына жағдай жасайды.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды