Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Республика күні Қостанайда мемлекеттік символдарымызға арналған орнатылған тұғырдың ашылуына қатысты. Салтанатты шараны қала тұрғындары мен қонақтары келіп тамашалады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Егемендік пен Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қазынамыз, ең асыл құндылығымыз» – деп атап өтті.
Азаттық жылдарында Қазақстан шекарасын бекітіп, экономикалық жаңғыртуды қалыптастырды, халықаралық қауымдастықтағы орнын нығайтты.
Тұғырдың биіктігі 45 метр. Астыңғы бөлігі, яғни стелласы – 4,5 метр. Мұнда Әнұран мәтіні мен диаметрі бір метрлік Елтаңба орнатылған. Ал көк байрақтың көлемі – 5*10 метр.
«1990 жылғы 25 қазанда маңызды қадам жасалып, ел тарихының жаңа парағы ашылды. Бүгінде Республика күні – заңға, азаматтық теңдікке, саналы патриотизмге және халық еркінің үстемдігіне негізделген Әділетті Қазақстанның басты символына айналды.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан үлкен тарихи жолдан өтіп, елеулі сынақтарды еңсерді, халықаралық аренадағы беделін нығайтып, дамудың берік негізін қалыптастырды. Мемлекетіміздің барлық жетістіктерін есте сақтап, үнемі айтып жүруіміз керек. Өйткені олардың бәрі – Қазақстан Республикасының шынайы егемендігінің жемісі. Биылғы 2026 жылдың тарихи орны ерекше. Еліміз конституциялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтуде. Бұл жыл өңіріміз үшін де ерекше маңызға ие. Қостанай облысының құрылғанына 90 жыл толды. Осы уақыт ішінде өңіріміз қалыптасу мен дамудың маңызды жолынан өтті. Мемлекеттік Ту – бірлігіміз бен ынтымағымыздың, ортақ жауапкершілігіміздің символы. Татулықты сақтау, заңды құрметтеу, адал еңбек ету және ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіру – Егемендігімізді нығайтудың басты кепілі. Тәуелсіз Қазақстанымыз өркендей берсін!», – деді құттықтау сөзінде аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Биыл қабылданған жаңа Конституцияда егемендік пен аумақтық тұтастыққа, адам құқықтары, заң үстемдігі және ел бірлігіне басымдық берілді. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – әділетті қоғам құрып, әр азаматтың өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасау.
«Жобаның жалпы құны – 101 млн теңге. Құжаты биыл әзірленіп, тамыз айында сараптама мақұлдауын алдық. Құрылысын «РдныйСоколовСтрой» АҚ жүргізді. Тутұғыр Қарағандыдан тапсырыспен әкелінді. Нысан құрылысы екі айға жетер-жетпес уақытта аяқталды», – деп мәлімет берді қалалық Құрылыс бөлімінің басшысы Арсайын Байдәулетов.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды