Курс валют
USD 455,00 ₸
EUR 498,77 ₸
RUB 5,56 ₸
CNY 68,12 ₸
Дата курса: 23.11.2026 Источник: НБК

Мерекеде баспаналы болды

29 октября 2026 8:28 • 189 просмотров

Республика күні қарсаңында Рудный қаласына қарасты Қашар кентінде көп жылдан бері баспана кезегінде тұрған 22 отбасыға пәтер кілттері табысталды. Қала әкімі Виктор Ионенконың айтуынша, бұл – тәуелсіздік жылдарында кентте кезекте тұрған азаматтарға пәтер кілттері салтанатты түрде табысталып отырған алғашқы жағдай.

Баспана күткен тұрғындар үшін бұл күн көптен күткен арманының орындалған сәті болды. Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко жаңа қоныс иелерін құттықтап, баспана мәселесін шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Мұны тіпті тарихи оқиға деп те атауға болады. Өйткені тәуелсіздік жылдарында алғаш рет кезекте ұзақ жылдар тұрған тұрғындарымызға осылайша салтанатты түрде пәтер кілттерін табыстап отырмыз. Олардың кейбірі 20 жылдан астам уақыт кезекте тұрған», – деді Виктор Ионенко.

Әкімнің айтуынша, бұған дейін бос тұрған ғимарат бүгінде қайта қалпына келтіріліп, тұрғындардың игілігіне беріліп отыр. Қашардағы № 84 үй – кентте мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерлер кезекте тұрған азаматтарға үлестіріліп жатқан алғашқы қалпына келтірілген үй. Мұнда әртүрлі санаттағы азаматтар баспана алды. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және мүгедектігі бар азаматтар бар.

Виктор Ионенко Қашардағы өзгерістер тек тұрғын үй құрылысымен шектелмейтінін де атап өтті. Оның сөзінше, кейінгі жылдары кенттің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жақсартуға басымдық берілген.

«Қашарда соңғы үш жылда жоспарлы түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Әрине, тұрғындар қалағандай барлық мәселені бірден толық шешу мүмкін болмауы мүмкін. Дегенмен, атқарылған жұмыс аз емес. Алғашқы жылы жылу желілері мен жылу трассаларының едәуір бөлігін ауыстырдық, су құбырын жаңарттық. Биыл кәріз коллекторын жөндеу жұмыстарын аяқтап жатырмыз. Бұған дейін кәріз жүйесінде су жиналып, тірекке қатысты мәселелер болған. Қазір бұл бағыттағы жұмыс та мәресіне жақындады, – деді ол.

Кентте жол жөндеу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Өткен жылы негізгі Федоров–Қашар тасжолынан кентке кіретін жол жөнделіп, елді мекеннің ішкі жолдарын реттеу жұмыстары басталған. Биыл тұрғын үй қорын қалпына келтіру бағытына басымдық берілген.

«Осы жылы тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына кірістік. № 84 үйді жөндеп, міне алғашқы отбасыларға кілттерін тапсырып отырмыз. Осы жұмысты атқарған мердігер компания өкілдеріне тұрғындар атынан алғыс айтқым келеді», – деді Виктор Ионенко.

Қашардағы тұрғын үй мәселесін шешу жұмыстары мұнымен аяқталмайды. Қазіргі уақытта кенттің бірінші шағынауданындағы № 12 және № 13 үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларды желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланған. Екі үйде кезекте тұрған азаматтарға арналған тағы 68 пәтер болады.

Айта кетейік, соңғы үш жылда Рудный қаласы мен Қашар кентінде тұрғын үй мәселесін шешу бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Осы кезеңде 13 көпқабатты үй қалпына келтіріліп, бес жаңа үй салынған.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды