Курс валют
USD 455,12 ₸
EUR 498,99 ₸
RUB 5,55 ₸
CNY 68,29 ₸
Дата курса: 24.11.2026 Источник: НБК

Қос дарынның достығы – мемлекеттер достығы

29 октября 2026 8:21 • 177 просмотров

Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь мырза Арқалық қаласына арнайы келді. Мәртебелі мейман Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесті.

Елші Тобыл-Торғай өңірінің өнерімен танысты. Қазақтың көрнекті композиторы Бақытжан Байқадамов пен Қытайдың халық композиторы Сянь Синьхайдың шығармашылық мұрасына арналған тағылымды шараға қатысты.

Сянь Синьхайдың есімі Қостанай өңірімен тығыз байланысты. Ол облыстық филармонияның қалыптасуына үлес қосып, халық батыры Амангелді Имановтың ерлігіне арналған симфониялық туындыны дүниеге әкелді.

«Өнер – халықтарды жақындастыратын ортақ мұра. Ұлы тұлғалардың шығармашылығы Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты нығайтып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ықпал етеді. Екі мемлекет арасындағы достық пен стратегиялық әріптестік нығайып, мәдени байланыстарымыз жаңа жетістіктермен толыға беретініне сенімдімін», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

Мәртебелі қонақтар ең алдымен қаладағы қазақтың атақты композиторы Бақытжан Байқадамов атындағы балалар музыка мектебінің тыныс-тіршілігімен танысты.

Одан кейін қалалық мәдениет сарайында қазақ-қытай халықтарының ортақ тарихын, өнер арқылы өрілген достықты және адамгершілік құндылықтарды суреттейтін «Композитор» көркем фильмін қала жұршылығымен бірге тамашалады.

Фильм көрсетілімінің алдында облыс әкімі мен елшіге сөз берілді.

«Талантты адамдар өз халқының ғана емес күллі адамзаттың ортақ тұлғасы. Әр дәуірде туған таланттардың шығармашылығы уақыт өткен сайын ұлттық мұраға, әлемдік құндылыққа айналады», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Тарихи тұлғалардың артына өшпес мұра қалдырғанын елші Хань Чуньлин мырза да ерекше атап өтті.

Тағдыр тоғыстырған таланттардың өнері мен достығы ешуақытта маңызын жоймақ емес. Қастерлі қос композитордың отандары Қазақстан мен Қытай бүгінде ұлы достықтың берік негізін қалады», – деді елші Хань Чуньлин мырза.

Фильм Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Алматы қаласында болған Қытай Халық Республикасының ұлы композиторы Сянь Синьхайдың өмір жолын баяндайды. Сол қиын кезеңде қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовпен танысқан Сянь Синьхай оның қолдауы мен қамқорлығын сезінеді. Екі композитордың арасындағы шынайы достық пен рухани байланыс фильмнің негізгі өзегіне айналған.

«Композитор» көркем фильмі 2019 жылы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен жобасы ретінде түсірілген. Фильмнің режиссерлері – Шерзат Яхуп пен Сабит Құрманбеков. Тарихи драма және биографиялық жанрда түсірілген туындының ұзақтығы шамамен 1 сағат 42 минутты құрайды. Фильм «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Қытайдың Shinework Pictures компаниясының бірлесуімен дүниеге келген.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды