Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Ұзынкөл ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысты. Сапар барысында облыс әкімі аудандағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, атқарылған жұмыстарды көрді.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу көлемін арттыру және шикізаттық модельден жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге көшу қажеттігін үнемі атап келеді.
Өңір басшысы Троебрат ауылындағы жемшөп ұнын өндіру зауытына барды. 2025 жылы «АЛАШ Т» ЖШС құны 300 млн теңге болатын жемшөп ұнын өндіру жобасын іске асырды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 25 мың тонна өнімді құрайды, 15 жұмыс орны ашылды.
«Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 40 пайызға жетті, ал негізгі капиталға салынған инвестициялардағы үлесі 70 пайызға жуықтады. Әрине, шағын бизнес ұлттық экономиканың қозғаушы күшіне айналды. Бұл – өте маңызды көрсеткіш. Облысымызда сіздердің кәсіпорындарыңыз сияқты өндіріс орындарының жұмыс істеп жатқаны қуантады. Жем ұнын өндіретін зауыт – ауыл шаруашылығы шикізатын тиімді пайдалану мен өңдеу өндірісін дамытудың жарқын үлгілерінің бірі. Өңіріміз үшін мұндай өндіріс орындарын дамыту айрықша маңызға ие. Біздің міндетіміз – ауыл шаруашылығы шикізатын өндірумен ғана шектелмей, оны жергілікті жерде өңдеуді дамыту, дайын өнім шығару және қосылған құнды арттыру.», – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.
Бұл зауыт ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін өзіміздің жемшөп қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жем ұнын өндіру мал шаруашылығын дамытумен де тікелей байланысты. Сапалы жем құрамдас бөліктерінің болуы шаруашылықтарға жемшөп қорын нығайтуға, өндіріс тиімділігін арттыруға және басқа өңірлерден жеткізілетін өнімдерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан соң жеңіл болат жұқа қабырғалы конструкциялар бойынша зауыттың қызметімен танысты.
Облыс бойынша жалпы құны 7,5 трлн теңгені құрайтын, 27,8 мыңға жуық жұмыс орнын ашуды көздейтін 158 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Ағымдағы жылы 137 млрд теңге инвестиция тарта отырып, 1,1 мың жұмыс орнын құруды көздейтін 21 жобаны іске асыру жоспарланған. Ұзынкөл ауданында жалпы құны 1,4 млрд теңгені құрайтын, 55 жұмыс орнын ашуды көздейтін 12 жоба жүзеге асырылуда.
Троебратское ауылында «Жана Дала JQ» ЖШС жеңіл болаттан жасалған жұқа қабырғалы конструкциялар өндіретін цехты іске қосты. Жобаға 750 млн теңге инвестиция салынды. Өндірістік қуаты – жылына 6 мың тонна. 15 жұмыс орны ашылды.
Мұнда өнеркәсіптік және өндірістік ангарларға, қойма ғимараттарына және басқа да нысандарға арналған тез құрастырылатын ғимараттар мен құрылыстардың конструкциялары өндіріледі.
Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы, теміржол қатынасы мен автомобиль жолдарының болуы өнімді тасымалдауға және өткізу нарығын кеңейтуге қолайлы жағдай жасайды.
Троебратское ауылында демалыс орталығының құрылысы аяқталды. Нысан 2026 жылдың қазан айында пайдалануға берілді. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «QH Мәдени даму алаңы» жобасы аясында аталмыш нысан заманауи құрал-жабдықтармен, жиһаздармен және музыкалық аспаптармен жабдықталды.
Орталықта шығармашылық үйірмелер, спорт секциялары, кітапхана мен түрлі студиялардың жұмысы ұйымдастырылған. Нысан тұрғындардың мәдени және спорттық демалысын ұйымдастыруға арналған.
— Құрылыс жұмыстарына 481 млн теңгеден астам қаражат инвестицияланды. «Қазақстан халқына» қоры Орталықты заманауи құрал-жабдықтармен, жиһаздармен, музыкалық аспаптармен және шығармашылық студиялар мен функционалдық кеңістіктерді жабдықтауға қажетті мүкәммалмен қамтамасыз етті. Олардың қатарында акт залы мен хореография залы, кітапхана, театр және музыка студиялары, медиа студия, шеберханалар мен коворкинг аймағы бар. Бос уақытты тиімді өткізу орталығы – тұрғындардың қызықты әрі пайдалы демалуына, өзара қарым-қатынас орнатуына, шығармашылықпен және спортпен айналысуына, қабілеттері мен дарындарын дамытуына мүмкіндік беретін орын.
Мұнда барлық буын өкілдеріне қолайлы жағдай жасалуының маңызы зор. Балалар мен жастар үшін өз таланттарын ашуға, шығармашылықпен айналысуға, түрлі үйірмелер мен іс-шараларға қатысуға мүмкіндік беріледі. Ал аға буын өкілдері үшін бұл – өзара араласып, кездесулер өткізіп, белсенді демалыспен айналысатын орта болмақ, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Сонымен қатар, Қор тарапынан іргелес аумақты абаттандыру және саябақ үлгісіндегі этноаймақ құру да қарастырылған. Орталық күніне 100 адамға дейін қабылдай алады және ауылдың мәдени өмірінің маңызды орталығына айналады.
Бұдан соң өңір басшысы Ұзынкөл ауданының халқымен кездесті.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды