Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Қарасу ауылындағы № 24 өрт сөндіру бөлімінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Нысан ТЖМ инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында кешенді реновациядан өтті. Аталған бағдарлама еліміз бойынша жүздеген бөлімшені қамтыды.
Қарасу ауданында қайта жаңғыртудан өткен № 24 өрт сөндіру бөлімі салтанатты түрде ашылды. Айтулы күні Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов келді.
Салтанатты іс-шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі, полковник Мұрат Муханов пен Қостанай облысы әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов қатысты. Министр мырза ғимараттың келбетіне жоғары баға беріп, осы жобаны іске асыруға және жалпы құтқару қызметінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар мамандарды марапаттады.
Өрт сөндіру бөлімінің жаңаруы Қарасу халқы үшін маңызды оқиға. Жөндеуден кейін өзгеше түрленген нысан тұрғындардың қауіпсіздігін нығайтуға, төтенше жағдайларға жауап беру қызметін жеделдетуге, жеке құрамның жұмысын ұтымды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Заманауи талаптарға сай жабдықталған орын құтқару қызметінің сапасы мен қолжетімділігін қалыптастырады. Жергілікті тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғау жөніндегі міндеттерді жоғары деңгейде орындауға жәрдемші.
Өрт сөндіру бөлімінде қызметтік бөлмелер жаңартылып, негізгі ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ алты өрт сөндіру автокөлігіне арналған модульдік ангар орнатылды. Кешен құрамына Қарасу ауданының төтенше жағдайлар бөлімі ғимараты да кіреді. Бөлімше шамамен 19 мың тұрғыны бар аумақтың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жаңғырту барысында өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың күнделікті қажеттіліктеріне ерекше назар аударылды. Бөлім аумағында футбол алаңы, воркаут аймағы, демалыс орны және Batyr Team спорт залы жабдықталған. Мұнда қызметкерлер дене шынықтырумен айналысып, жаттығулар өткізіп, кезекшіліктен кейін күш-қуатын қалпына келтіре алады.
Салтанатты рәсім барысында министр жеке құрамды нысанның ашылуымен құттықтады. Қызметтік міндеттерін атқаруда ерекшеленген қызметкерлер ведомстволық медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Іс-шара өрт сөндіру бөлімінің аумағына ағаш отырғызумен аяқталды.
Өрт сөндіру-құтқару инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары еліміздің барлық өңірінде жалғасуда. Қолданыстағы бөлімшелерді жаңарту техниканы тиісті деңгейде күтіп ұстауға, қызметті ұйымдастыруды жетілдіруге, сондай-ақ құтқарушылардың кәсіби даярлығы мен демалысына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Марапаттау рәсімінен соң ғимараттың жібек лентасын қиюға кезек келді. Мәртебелі меймандар мен азаматтық қорғау органдарының ардагерлері салтанатты рәсімді атқарып, нысан ішіне кезекпен бас сұқты. Ауыл ақсақалдары жаңарған өрт сөндіру бекеті ел игілігіне қызмет етсін деген ақ тілекті жаудырып жатты.
Жөндеу жұмыстары шамамен, осы жылдың 1-шілдесінде басталып 30-қазанында аяқталды. Нәтижесінде ғимараттың барлық бөлмелері ретке келтірілді.
«№ 24 өрт сөндіру бөлімін жаңғыртуға 399,9 млн теңге қаражат бағытталып, 26,6 млн теңгеге аумағы кәсіби жасақталды. Жаңғырту барысында өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың күнделікті қажеттіліктеріне ерекше назар аударылды. Бөлім аумағында футбол алаңы, воркаут аймағы, демалыс орны және спорт залы жабдықталды. Қызметкерлер дене шынықтырумен айналысып, жаттығулар өткізіп, кезекшіліктен кейін күш-қуатын қалпына келтіре алады. Инженерлік коммуникация, жарық және сумен жабдықтау жүйелері ауыстырылды. Бейнебақылау және газ жабдығы орнатылды. Периметрлік қоршау толығымен жаңарды. Электрлік ашылу механизмі бар қақпа қойылды», – деп хабарлады Қарасу ауданы ТЖБ № 24 өрт-сөндіру бөлімінің бастығы Азамат Текебаев.
Іс-шара соңында жиналған жұрт өрт сөндіру бөлімінің аумағына ағаш отырғызды. Іші мен сырты, айналасы түгел жаңарған ғимарат барша аудан халқының амандығы үшін жасалған игі қадам екені сөзсіз.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды