Курс валют
USD 444,16 ₸
EUR 487,29 ₸
RUB 5,40 ₸
CNY 66,63 ₸
Дата курса: 19.11.2026 Источник: НБК

Тілге деген сүйіспеншілікбесіктен басталады

19 ноября 2026 8:12 • 21 просмотров

Тіл – әр халықтың баға жетпес байлығы, рухани қазынасы және ұлттық болмысының айнасы. Ана тілі арқылы адам өз халқының тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін танып біледі.

Сондықтан туған тілге деген сүйіспеншілік пен құрмет бала бойына ең алдымен отбасында, бесіктен бастап қалыптасуы қажет. «Тәрбие – тал бесіктен» деген халық даналығының мәні де осында.

Бала дүниеге келген сәттен бастап айналасындағы адамдардың сөзін тыңдап, дыбыстарды қабылдайды. Анасының әлдиі, әкесінің мейірімді үні, ата-әжесінің ертегілері мен бесік жырлары сәбидің тілдік ортасын қалыптастырады. Балаға күнделікті жылы сөз айтып, бірге сөйлесу, ән айту және кітап оқу оның сөздік қорын байытып, сөйлеу қабілетінің дамуына ықпал етеді.

Отбасы – баланың алғашқы тәрбие мектебі. Үйде қазақ тілінде сөйлесу, ұлттық нақыштағы ертегілер мен мақал-мәтелдерді айту, халық әндерін тыңдату арқылы бала ана тілінің әуезділігін сезінеді. Ата-ананың өз тілінде сауатты әрі көркем сөйлеуі – балаға берілетін ең жақсы үлгі. Өйткені бала үлкендердің айтқанын ғана емес, күнделікті іс-әрекетін де қайталайды.

Балабақшада да тіл дамыту жұмысының маңызы зор. Тәрбиеші балалармен күнделікті қарым-қатынаста қазақ тілін орынды қолданып, олардың ойын еркін жеткізуіне жағдай жасауы керек. Әңгімелесу, сурет бойынша әңгіме құрастыру, жаңылтпаш пен тақпақ жаттау, жұмбақ шешу, сахналау және ұлттық ойындар баланың тілін дамытып, сөзге қызығушылығын арттырады. Әсіресе ойын арқылы үйрету балалардың жаңа сөздерді жеңіл қабылдауына көмектеседі.

Баланың тілге деген сүйіспеншілігін ояту үшін оны қателескені үшін ұялтпай, керісінше, ойын айтуға ынталандыру маңызды. Әр баланың сөйлеу қарқыны әртүрлі болады. Сондықтан баланы мұқият тыңдап, сұрақтарына жауап беріп, дұрыс сөйлеуге жұмсақ бағыттаған жөн. Кітап бұрышын ұйымдастыру, суретті кітаптарды бірге қарау және оқылған ертегіні талқылау да жақсы нәтиже береді.

Қазақ тілі – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын аманат. Оны құрметтеу тек мерекелік шаралармен шектелмей, күнделікті өмірде қолданудан басталады. Отбасы мен балабақша бірлесе жұмыс істегенде ғана бала ана тілін табиғи түрде меңгеріп, оны қадірлеуді үйренеді.

Қорытындылай келе, тілге деген сүйіспеншілік бесіктен басталып, отбасында қалыптасып, балабақшада жалғасын табады. Балаға ана тілін үйрету – оған сөз жаттатумен ғана шектелмейді, туған халқының мәдениеті мен рухани құндылықтарын таныту. Ана тілін ардақтайтын, өз ойын еркін жеткізе алатын ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Қарлыға Сейткалимова, «Мирас» бөбекжайы