Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов «Астана» шағын ауданына барған жұмыс сапарында осылай деді. Төр жылда облыста 1,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның 418-і көпқабатты, 2186-сы жеке тұрғын үй. Соның нәтижесінде 20 мың отбасы баспаналы болды.
Мемлекет Басшысы өзінің биылғы жолдауында 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады. Сондай-ақ, тұрғын үй салудың маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Соңғы жылдары облыста құрылыс жұмыстары жыл сайын артып келеді. Егер 2022 жылы құрылыс жұмыстарына 187 млрд теңге жұмсалса, 2025 жылы 418,1 млрд теңге құрады. Өсім 2,2 есе.
Құрылыс – экономикалық дамудың негізгі драйвері екенін атап өткен жөн. Құрылыс көлемінің ұлғаюы бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашып, еңбекақыны арттыруға, сондай-ақ бюджетке түсетін салықтың өсуіне ықпал етеді.
Мәселен, 2022 жылы мемлекеттік бюджетке құрылыс саласынан 14,2 млрд теңге салық аударылса, 2025 жылы 36,6 млрд теңге түсті. Өсім 2,6 есе.
Тұрғын үй салуға тек қана мемлекеттік бюджеттен 2022 жылы 19 млрд бөлінсе, 2026 жылы 58 млрд теңге қарастырылған, бұл 3 есе көп.
Жыл сайын тұрғын үй салу көлемін жоспардан асырып орындап келеміз. Нәтижесінде, соңғы 3 жылдан астам уақыт ішінде шамамен 1,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 418 көпқабатты үй және 2 186 жеке үй салынды.
20 мыңға жуық отбасы баспана жағдайын жақсартты.
Облыста бір тұрғынды баспанамен қамтамасыз ету көрсеткіші 2022 жылы 22,7 шаршы метр болса, 2025 жылы 24 шаршы метрге жетті. Биылғы міндет – 520 мың шаршы метр баспананы пайдалануға беру.
Басты мақсат – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, қолжетімді әрі жайлы баспана салу.
«Тұрғын үй құрылысы – экономикалық дамудың маңызды қозғаушы күштерінің бірі. Облыста құрылыс жұмыстарының көлемі 2022 жылы 187 млрд теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,2 есеге артып, 418,1 млрд теңгеге жетті. 2022 жылы 449 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл 520 мың шаршы метр баспана беруді жоспарлап отырмыз. Тұрғын үйлер тек қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де салынып жатыр. Пайдалануға берілген 449,3 мың шаршы метр тұрғын үйдің 53,5 мың шаршы метрі ауылдық жерлерге тиесілі», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Соңғы 5 жылда Қостанай қаласының халқы 25 мың адамға өскен. 2021 жылғы 1 қаңтарда қалада 251,9 мың адам тұрса, биылғы жыл басында бұл көрсеткіш 277,1 мыңға жеткен. Алдағы үш жылда қала тұрғындарының саны тағы 15 мың адамға артады деп күтілуде.
2022 жылы құрылыс саласынан жергілікті бюджетке түскен салық түсімдері 14 млрд теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 36 млрд теңгеге жетті.
Бүгінгі таңда «Астана» шағын ауданында 1 030-дан астам пәтер болатын 23 үй салынды. Тағы 24 үйдің құрылысы жалғасуда. Оның ішінде 7 тоғыз қабатты тұрғын үй жеке инвестициялар есебінен салынып жатыр. Облыс әкімі алдағы 1,5 жылда бұл шағын ауданның тұрғындар саны 20 мың адамға жететінін атап өтті.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды