Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қазақ тілі қанат жаюы тиіс

Қостанайда Тілдер күні қарсаңында «Мемлекеттік тіл – ортақ қазына» атты дөңгелек үстел өтті. Зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ЖОО оқытушылары бас қосқан жиында қазақ тілінің қоғамдағы рөлі, қолданыс аясы турасында әңгіме өрбіді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі үшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрегежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», — деген болатын.

Ана тіл мәртебесіне айрықша мән беруді міндеттеген мемлекет басшысының ұсынысын талқыға салу осы басқосудың басты өзегі болды.

«Ә.Бөкейхановтың: «Хай халық болса да азаттығын тіл азаттығымен байланыстырады», — деген сөзі бар, — деп бастады қоғам белсендісі, ҚМУ профессоры Қалқаман Жақып. — Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуына қоғам, негізінде, дайын. Уақыты келді. Тек оны байыппен, бірте-бірте іске асыру қажет. Әлеуметтануда «Тілдік өлшем» деген түсінік бар. Ол – елде қай тілде тұрғындар басымырақ сөйлесе, оның соншалық абыройы бар дегенді білдіреді. Сондықтан, өзектілігі жойылмай келе жатқан ана тілдің мәртебесін көтеруге барынша мән беретін кез жетті. Ол ең әуелі жоғарғы жақтан басталса игі».