Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жаңа мектеп құшақ жаяды

Қостанай қаласында биыл қос мектеп қолданысқа беріліп отыр. Оқу жылының басында «Аэропорт» шағын ауданында зәулім білім ордасы оқушылар үшін есігін айқара ашса, енді міне бұрынғы кәсіптік-техникалық колледж ғимараты орта білім ошағына лайықтап салынып, қайта ашылды. Бұл мектеп тек мемлекеттік тілде білім береді.

Мектептің жөндеу жұмыстары биылғы жылдың шілде айында басталған еді.Бұл білім ошақтары облыс орталығының 140 жылдығына орайластырылған ең тамаша сый болмақ. Жаңа мектептің сыйымдылығы 900 орындық. Үш қабатты нысан екінші тоқсанда пайдалануға беріліп отыр. Мектептің ағымдағы жөндеуіне
250 млн. теңге жұмсалған. Оның 95 млн. теңгесі – демеушілер қаржысы.

Мектептің ашылу салтанатына қала әкімі Қайрат Ахметов және өңірге белгілі қоғам қайраткерлері қатысты. Олар: ақын Ақылбек Шаяхмет, мемлекеттік қызмет ардагері Римма Ғайсенова, белгілі журналист Жанұзақ Аязбекұлы, ардақты ардагер Беген Көпеш, дәстүрлі әнші Қыдырбек Қиысқан. Ел алдында жүрген азаматтар мектеп ішімен танысып, мұғалімдер мен оқушылармен кездесті. Оларды жаңа оқу орнымен құттықтап қайтты.

— Мемлекет басшысы өз Жолдауында «қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» деп атап өткен болатын. Бүгінгі таңда қаламызда ана тілімізде оқытатын 6 мектеп жұмыс істейді. Қостанай қаласында балаларды 1-11 сыныптарға дейін қазақ тілінде оқытатын тағы бір мектеп ашу қажеттілігі туындағалы біраз уақыт болды. Қысқа мерзім аралығында үлкен жұмыс атқарылды. Мектептің ашылуы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және жалпы білім беруді дамыту саласында жасалған маңызды қадам болып табылады. Мұнымен жұмыс тоқтап қалмайды, әлі де ауланы абаттандыру, көлік тұрағын ашу қатарлы шаруалар бар. Ол алдағы күндердің еншісінде, — деді құттықтау сөзінде Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов.