Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Туған жердің топырағы

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқан Қостанай облысының сарбаздары жерленген бейіттен алынған уыс топырақ Ресейге жеткізіледі. Туған жердің қалташаға салынған бір бөлшегі РФ елшілігіне тапсырылды. Ол жаңадан бой көтеретін Жеңіс шіркеуіне апарылмақ.

Қалташаны табыстау рәсімі «Естелік жолы» атты ресейлік жоба аясында іске асты. Қазіргі уақытта Ресейдегі «Патриот» тарихи-мемориалдық саябағында «Естелік жолы» атты мемориалды галерея құрылуда. Оның ауданы 1418 адым болады, өйткені сұрапыл соғыс осынша күнге созылған еді.

Бұл жерде соғысқа қатысушылардың 30 млн-нан астам фотосуреті, олар туралы деректер, жеке заттары және фронттық хаттар сақталады. Алдағы жылдың 9 мамырында ауқымды кешен аумағында басты Жеңіс шіркеуі салтанатты түрде ашылмақ.  

«Жылдар жылжып, ұрпақ ауысса да ҰОС оқиғасы мәңгі бақи адамзат жадында сақталып, ұдайы жүрегін толқытпақ, — деп бастады рәсімнің ашылуындағы сөзін Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов. — Бұл акцияның нышандық мағынасы тереңде, яғни біз от пен оқтың арасынан үйіне орала алмаған боздақтар аруағына тағзым жасаймыз. Мұндай жоба бейбіт замандағы көршілес қос елдің татулығы мен ынтымағын да айқын көрсетеді».

Топырақ салынған қалтаны Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің үшінші хатшысы Даниил Лапач қабыл алды. Ол топырақты табыс ету миссиясының «Естелік жолы» жобасы үшін аса маңызды екенін атай өтті. Елшілік өкілі шара барысында ҰОС ардагері, қостанайлық Нәшен Иманалиннің атына тағайындалған «Ерлігі үшін» медалінің куәлігін ұрпақтарына тапсырды. Куәлікке РФ президенті қолы қойылған.