Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 (OLD) kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жаңа жүйеден не күтеміз?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі өз жұмысын бастайды. Қазіргі уақытта МӘМС енгізуге дайындық кезеңі аяқталуда. Дегенмен, облыстың кейбір өңірлерінде бұл бағыттағы жұмыстар әлі де сылбыр жүруде. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында айтылды.

“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” облыстық филиалының директоры С.Аймұхамбетованың айтуынша, екі жарым жыл ішінде қорда 233 млрд теңгеден астам қаражат жинақталған. Оның ішінде Қостанай облысының төлеушілерінен (353421 адам) әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 9 млрд 614 млн теңге түсті. Медициналық сақтандырудың енгізілуіне байланысты облыста денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2019 жылы 40,7 млрд теңгеден 2020 жылы 50,67 млрд теңгеге дейін артады. Өсім 24% құрайды. Бұдан басқа, 2020 жылы ТМККК және МӘМС пакеттерін енгізу нәтижесінде медицина қызметкерлерінің жалақысын одан әрі арттыру үшін медициналық қызметтерге тарифтерді арттыру жоспарлануда.

Ал, медициналық сақтандыруды енгізу мен тарифтердің өсуі есебінен облыстың денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 57,4 млрд теңгені, оның ішінде ТМККК қаржыландыру 40,4 млрд теңгені, МӘМС қаржыландыру 17 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, сақтандыру медицинасын енгізу медициналық қызмет нарығында бәсекелестік ортаны едәуір арттырады. Егер денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында 2018 жылы жеке меншік нысанындағы ұйымдардың үлес салмағы 31 пайызды құраса, 2019 жылы 40 пайызды құраған. Жеке жеткізушілердің де саны ұдайы өсуде.

Мәселен, биыл мәліметтер базасына “Мәсімов медициналық орталығы”, “Сосновый бор санаторийі”, “Оңалту медициналық орталығы”, “Adam” медициналық орталығы, “Жайлау КЗ” сияқты бес жаңа жеке жеткізуші қосылды.