Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Сәбит Досанов – 80 жаста

Белгілі жазушы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Досанов – 80 жаста. Қаламгердің мерейтойына арналған шығармашылық кеш Алматы қаласында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Алаш», Ресейдің Шолохов атындағы Халықаралық сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, профессор Сәбит Досанов сексеннің сеңгіріне шықты.

Жазушының құрметіне арналған шығармашылық кеш Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында болды. Кешке зиялы қауым өкілдері, Алматы қаласының әкімі, жазушының шетелдегі қаламдас достары келді.

Салтанатты жиында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев құттықтау сөз сөйледі. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған құттықтауын оқып берді.

«Құрметті Сәбит Айтмұханұлы! Сізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтаймын! Халқымыз өзіңізді қарымды қаламгер, қоғамдық-саяси маңызды оқиғаларға ой-пікірін білдіріп отыратын қайраткер ретінде жақсы біледі.Ұзақ жылғы шығармашылық еңбегіңіз өз жемісін беріп келеді. Сіздің қаламыңыздан шыққан көркем дүниелер бүгінгі заманмен үндестік тауып, ғасырлар тоғысындағы көкейкесті мәселелерді көтеруімен ерекшеленеді. Алдағы уақытта да оқырмандарыңызды тартымды туындыларыңызбен қуанта беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық, әулетіңізге амандық пен құт-береке тілеймін», – делінген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған жеделхатта.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатында жазушының оқырмандар ілтипаты мен құрметіне бөленіп, кең тынысты кесек туындыларының ұлттық әдебиеттің, соның ішінде көркем прозаның өркендеп, өрісінің кеңеюіне елеулі үлес қосқаны айтылады. Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова құттықтау хат жолдады. Сондай-ақ, жазушыға Рессей, Өзбекстан, Армения, Әзербайжан, Түрік, Қырғызстан елдерінен арнайы келген белгілі жазушылар мен журналистер жылы лебіз білдірді.