Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Елі үшін еңбек еткен ер

Мырзағали Темірбайұлы 80 жаста

Тобыл төрінде сонау тың игеру заманынан ел үшін еселі еңбек еткен ерлер аз емес. Бүгінгі ұрпақ сол аға буын қалыптастырып кеткен асыл да адал еңбек жолын жемісті жалғастырып келеді. Өткен ғасырда Қостанай өңірі астықты алқабы мен төсінде өрген төрт түлігімен танылған. Сол жетістіктердің қойнауында бірнеше жерлесіміздің еңбегі жатқаны белгілі. Солардың бірі — Құрманов Мырзағали Темірбайұлы. Әл-әзір сексенге аяқ басқан ағамыз елінің ардақты ақсақалына айналған.

Мырзағали Темірбайұлы 1940 жылдың 7 ақпанында Жітіқара ауданы Милютин совхозының арқаның боранында мал-жанға пана болған Үлкен Қопа деген ауылында дүниеге келген. Туған жері жазық дала төрінде мың гектардай алқапты алып жатқан, Тобыл өзенінен бір шақырымдай жерде ну қамысты, күн райының желсіз тынық мезгілінде ертелі кеш әупілдегі күңіренген Үлкен Қопа деген көлдің жағасында еді.

Балалық шағы сол және онымен көршілес Қақпақ деген ауылдарда өтті. Бүгінде ол елді мекендер жоқ, олардың орындары «Степной» совхозының аумағында қалды. Бұл суы мол, жайылымы кең, мал өсіруге өте ыңғайлы жер болатын.

Мырзағали Темірбайұлы 1952 жылы Қақпақта бастауыш мектепті тәмәмдап, «Красноармейск» совхозының орталығында жеті жылдық мектепте оқуын жалғастырды. Кейін 1958 жылы №2 Жітіқара қалалық қазақ орта мектебін бітіріп шығады. Сонан кейін 1961 жылға дейін Жітіқара ауданының «Красноармейск», «Степной» совхоздарында механизатор болып, қыста мал қораларында, жазды күні далада егін алқаптарында тракторшы болып алуан түрлі жұмыстарды істейді. Маңдайы терін дала төсіне тамызып, еңбектің дәмін татады.

Бұл тың игеру науқанының алғашқы жалдары еді. Осылайша, тың игерушілермен бірге бірнеше жас өрен ауылшаруашылық саласының қыр-сырын меңгерді. Ол кезде Н.С.Хрущевтің мектептен кейін жоғары оқу орындарына түскен жастарға ең кемінде екі жыл өндірісте жұмыс істеулері қажет деген талаптары болатын. Бүкіл жастар соны орындауға кіріскен кезі. Сондықтан мектеп бітіргеннен кейін үш жыл жұмыс істеуге тура келеді.  

Бұдан соң жалындап тұрған жас өрен Мәскеудің Тимирязев атындағы ауылшаруашылық акедемиясының зоотехникалық факультетіне оқуға түседі. Ол кезде академияда әскери кафедра болатын. Соңынан ол жабылып, 1964 жылы Мырзағали Темірбайұлы әскер қатарына шақырылады. Үш жыл әскери борышын аман-есен атқарған соң кейін оқуын жалғастырады.

Осылайша, 1969 жылы оқуды тәмамдап, еңбек жолын Қостанай ауданының Силантьев шаруашылығында бас зоотехник болып бастайды. Сол совхозда бас-аяғы тоғыз жыл мал шарушылығында, екі жыл бастуыш партия ұйымының хатшысы болып қызмет атқарады. ТСХҚ түлегінің дипломымен Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасарына жүгінді.

Жап-жас Мырзағалиді әңгімелесу үшін Қостанай ауданының Силантьев совхозына жібереді, онда совхоздың директоры Шевченко Терентий Дмитриевич қабылдайды. Сол кезде ол алпысты алқымдаған, жылы жүзді, ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері болатын. Көпті көрген кәнігі директор жас Мырзағалидің қалыптасуына зор ықпал етеді. Сол кездегі бас агроном ветврач Солодовник Филипп Матвеевич олардың барлығы еңбек сіңірген мамандар. Силантьев кеңшары кейін КСРО-ның 50 жылдығы кеңшары болып өзгертілді және ұжым Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Мырзағали Темірбайұлының алғашқы марапаты да осы совхозда бұйырды.