Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Аты аңызға айналған

Әубәкір Дүйсенбин –  Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 1938 жылғы бірінші сайлауының депутаты. Қан майданға өз еркімен кетіп, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапты. Оның есімі Қазақстан Республикасының Парламентінде алтын әріппен жазылған.

Біздің нағашы атамыз Әубәкір Дүйсенбіұлы 1906 жылы Қостанай облысындағы Аманкелді ауданындағы бұрынғы №10 ауылында (Құмкешу) қарапайым отабсында дүниеге келген. Аманкелдіде екі кластық мектепте білім алды. 1929-30 жылдары Жаңақоныс ауылдық кеңесіндегі «Елтай» колхозының мүшесі бола жүріп, колхоздастыру жұмысына белсене араласады. 1932-34 жылдарында мал басын екі есе артық өсіріп, тамаша еңбеккерілігімен көзге түседі. Бұл елімізде социалистік жарыс қарқын алып, Алексей Стаханов бастаған қозғалыстың кезі болғандықтан, оған осы қол жеткен табысы үшін Амангелді ауданында тарихында бірінші болып «Стахановшы» деген атақ беріледі, «КСРО-ның XV жылдығы» значогымен марапатталады.

Колхоз шарушылығын өркендетуге белсене кірісіп, бірнеше ұсақ серіктестіктерді Киров атындағы колхозға біріктіріп, шаруашылықты алға бастыруда ұйымдастырушылық қабілетін көрсетеді. Дәлірек айтқанда, ол «Киров» колхозын өзі ұйымдастырып, соның іргетасын өз қолымен қалап, шаруашылықты алдыңғы қатарға шығаруға зор үлес қосады. 1934-36 жылдарында Киров колхозында ферма меңгерушісі, 1937 жылы колхоздың басқармасы болып қызмет атқарады.

1938 жылы Әубәкір Дүйсенбіұлы халық қалаулысы атанып, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланады. Өзінің депутаттық міндетін барынша іскерлікпен атқарады. Соның нәтижесінде 1941 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық Халық Шаруашылық Көрмесіне де барып қайтады.

Осы сайлаудан кейін ол Киров колхозының төрағалығынан Аманкелді аудандық Советі атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына жоғарылатылды. Аудандық Советі атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған кезде жастарды тәрбиелеу ісіне көп көңіл бөледі.

Сол арада өзі іргесін қалаған Киров колхозының даму қарқыны бәсеңдей бастағанына қатты алаңдайды да, өз тілегімен 1940 жылы қайтадан басқарма төрағасы болады. Бірақ, жаңалыққа жаны құштар, жүрегі елім деп соғатын депутаттың көптеген іс-жоспарлары іске аспай қалды.

1942 жылдың маусым айында өзі тіленіп, комсомолдық билетпен, депутаттық мандатпен соғысқа кете барады. Соңғы жазған хатында: «Ұрысқа 25 шақырым жер қалды, ертең ұрысқа кірісеміз. Жеңім жастық, етегім төсек. Сау болыңдар, ендігі хатты аман шықсам көрерсіңдер» жазған деп еске алады әкесінен 6 жаста қалған менің анам.

Артында анасы, біздің үлкен нағашы әжеміз, әйелі Қаниша және үш баласы – қыздары 12 жасар Аңсаған, біздің анамыз – 6 жасар Торта, алты айлық ұлы Қонысбай қалды.

1975 жылдан бастап анамыз Торта әкесі туралы мәліметтерді, ақпараттарды, материалдарды іздестіре бастады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумына, Қазақстан Компартиясы Қостанай облыстық комитетінің мұрағатына, халық депутаттары облыстық Кеңесінің Қостанай атқарушы комитетінің мұрағатына хаттар жазып, құжаттарының көшірмелерін алды. Әкесінің достарының, көзін көрген замандастарының, әріптестерінің, туыстарының естеліктерін жинады. Қолдарына түскен барлық материалдарды анамыз 1982 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының мұражайына, Арқалық қаласының өлкетану мұражайына тапсырды.

Әр жылдары нағашы атамыздың ерен еңбегі туралы мақалалар газет беттерінде жарияланды. «Большевиктік жол» газетінде 1937 жылдың 5 қаңтарында «Құм кешу колхоздың ырысы болды», 1937 жылдың 14 ақпанында «Әубәкір Дүйсенбин» атты мақалалар жарияланған. Газеттегі суретінің астында: «Дүйсенбин Әубәкір – Амангелді ауданы «Елтай» серіктігінің екпінді мал өсіруші мүшесі, жеке пайдалануында 66 бас малы бар. «Қазақстанның 15 жылдығы» төсбелгісін алған» деп жазылған.

Кейін мерзімді баспасөздерде атамыз туралы замандастарының естеліктері, журналистердің, ғылыми зерттеушілердің мақалалары жарияланды («Торғай таңы» газетінің 1987 жылғы 5 маусымдағы санында Ә. Ламашевтің «Ел есінде» мақаласы; 1990 жылғы 24 наурызда «Дидар» газетінде шыққан У. Хайруллиннің «Алғашқы депутат» мақаласы; «Ұмытылмас есім» атты мақалаға орай «Торғай таңы» газетінің 1990 жылғы 8 желтоқсандағы санында «Елін сүйген ер еді» атты мақала; 1991 жылғы 5 қазандағы «Халық кеңесі» газетінде Ербол Байтоғаевтың « Майданға мандатпен аттанғандар» атты мақаласы; 1992 жылғы 26 желтоқсандағы «Торғай таңы» газетінде К. Батырғалиеваның «Амангелді…, жоқ, Дүйсенбин көшесі» мақаласы; 2005 жылғы 23 сәуірдегі «Егемен Қазақстан» газетінде Әлисұлтан Құланбайдың «Он үштің бірі. Әубәкір Дүйсенбиннің рухымен сырласу» мақаласы).

1992 жылғы 18 қырүйекте Амангелді селолық кеңесінің Халық депутаттары сессиясы қаулысымен жерлестерінің құрметіне жастай ие болған, Отан үшін жанын қиған Әубәкір Дүйсенбиннің есімі өзі қызмет атқарған Қостанай облысы Амангелді ауданы Амангелді ауылының орталық көшесіне берілді.

2014 жылы анамыз Торта әкесі Дүйсенбин Әубәкір туралы мерзімді баспасөздерде жарияланған мақалаларды, замандастарының естеліктерін және мемлекеттік органдардан алынған материалдарды жинастырып, «Дүйсенбин Әубәкiр немесе тамырын жайған бәйтерек» атты естелік кітап шығарды. Ол кітап Қазақстан Республикасының Ұлттық электрондық кітапханасының қорында бар (kazneb.kz).

Біраз уақыттан бері атамыздың Сталинград түбіндегі шайқаста қаза тапқан деп жүрдік. Қай жерде жерленгені белгісіз болды.

Интернет пайда болғаннан кейін, шамамен 2014 жылғы мамырда Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің «Мемориал» сайты ашылып, 70 жыл өткеннен кейін Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің мұрағаттағы құпия тізімі жарияланды. Інім Қаныш пен келінім Наташа атамыздың жерленген жерін табу үшін біраз еңбек сіңірді. Сол сайттан Дүйсенбин Әубәкірдің атын іздеп, аты-тегі «Дойсейбин Аубакир» деп жазылса да, тауып алды. Бондарев ауыл кеңесінің төрағасы Александр Борисович Тищенкомен хат жазысып, мәліметтер алып отырды. Соның нәтижесінде, біздің атамыз, Дүйсенбин Әубәкір, 1-ші гвардиялық армияның 195-ші атқыштар дивизиясының 573-ші атқыштар полкінің құрамында соғысып, Украина жерінде – Луганск облысы Марков ауданы Бондаров ауылында жерленгені белгілі болды.

Бондаров ауылында КСРО уақытынан бері мемориалдық кешен бар екен. Сол кешеннің ішінде біраз жауынгерлердің аты жазылған көктастар бар. Бірақ Әубәкір Дүйсенбиннің аты жазылмаған. 2016 жылы Бондаров кентіндегі Мемориал — Кеңес жауынгерлерінің бауырлас зиратында Бондарев ауыл кеңесі өз күшімен Әубәкір Дүйсенбиннің аты жазылған ескерткіш көктасын қойды. Оларға алғысымыз, ризашылығымыз шексіз.

«Елiнiң егемендiк алғанын, тәуелсiз ел болғанын, Ұлы Жеңiстiң 75 жылдық мерекесiн көрмегенi болмаса, әкем Әубәкiр қазiр тамырын тереңге жайған бәйтерек», — дейді қызы Торта.

Біздің болашағымыз үшін өз өмірін қиған, аты аңызға айналған нағашы атамыз, Дүйсенбин Әубәкірді, біз мәңгі есте сақтаймыз, қадір тұтамыз және оның ұрпағы болғанымызды мақтан етеміз.

Атамыз жерленген жерге барып, туған жерінің топырағын жеткізу жоспарда бар және барамыз деп үміттенеміз.

Гүлзейнеп Садвакасова, Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының ғылыми-зерттеу және редакциялық-баспа жұмысын ұйымдастыру бөлімінің редакторы, запастағы полиция подполковнигі