Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 621, 54-81-20, 54-08-30 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жүрегім де, тілегім де – татулық

Қазақстан халқы ассамблеясы – әлемдік тәжірибеде бұрын-соңды болмаған, Елбасының төл идеясы. Президент төрағалық ететін конституциялық органның жұмысы өңірлердегі этномәдени орталықтармен тығыз байланысты. Бүгінде Қостанай облысында 17 орталық жұмыс істейді.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан халқы ассамблеясы (ҚХА) 1995 жылғы 1 наурызда құрылған еді. Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган туралы идея 1992 жылдан бастап қозғалып, арада үш жыл өткенде жүзеге асты. Бұл институт саяси жағынан алып қарағанда, өте тиімді қадам саналды. Елбасы сол кезден ұлттар мен ұлыстар татулығының маңыздылығын терең ұғынып, елімізді бірлікпен тірлік етуге дер шағында шақыра білді. Әлемде алғаш қолға алынған бастамаға әуелгіде бәрі сенімсіздеу қарағаны рас. Алайда, этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің арқасында бірталай белестерді бағындырдық.

Республикада әр халықтың мәдениеті, салт-дәстүрі және тілі сақталуына барлық жағдай бар. Этномәдени бірлестіктер саны жылдар өте көбейіп, бүгінде 800-ден асып отыр. Оннан астам тілде басылымдар шығарылады екен. Кейбір радиолар мен теледидарларда да әртүрлі тілдерде хабарлар беріліп тұрады. Ресми дерек көздерінен білгеніміздей, украин, тәжік, ұйғыр және өзбек тілдерінде білім беретін мектептер де бар екен. Сонымен қатар, жүзден астам оқу ошағында 22 этностың тілі жеке пән ретінде оқытылып жүр.

«Қазақстандық үлгі» деп әлемге танылған ұстанымымызды Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) мен Еуропалық Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ) мойындаған болатын.

Жұдырықтай жұмылған жұрт мәдениетінің дамуына Тобыл өңірінде жиырма орталық үлес қосуда. Өз тілін үйренемін деушілер үшін Қостанай қаласының «Достық» үйіндегі жексенбілік мектептердің есігі айқара ашық. Өнерін өрлетушілерге де кедергі жоқ. Би, қолөнер, көркемөнерпаздар үйірмелері таланттарға бағыт сілтеп жүр. Аталған ғимаратта алуан іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Өйткені орталық мүшелерінің қай-қайсысы да белсенді. Мерекелі күндерді былай қойғанда, қайырымдылыққа арналған бағдарламалар мен ұлттар достығын паш ететін көрмелер де мұнда бас сұғушыларды қатарын сиреткен емес.   

«Дуслық» татар-башқұрт ұлттық мәдени орталығы, «Возрождение» неміс қауымдастығы және «Бірлік» әзербайжан этномәдени бірлестігі, айта берсек, өзге ұлт өкілдерінің басын біріктірер бірқатар орталықтар осы кезге дейін көптеген іс-шараның ұйытқысы болды. Әсіресе, 1 мамыр бірлік күні қауымдастықтарда қарбалас.   

«Бірлік» әзербайжан этномәдени бірлестігі – Қостанайда алғаш құрылған орталықтардың бірі. «Бірлік» сонау 1995 жылдан бастау алған. Ол кездегі аты – «Гейдар». Қазіргі атауына 2006 жылы ауысқан.   

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі, ҚХА-ның ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрайымы Айгүл Сәдуақасова аймақ баспасөздеріне берген сұхбатында, Тобыл өңірінде қоғамдық келісім бағытында жасалған жұмыстарды жоғары бағалады. 

– Ұлттар мен ұлыстар ұйысқан қазақ даласы кең пейілімізді айғақтайды. Отанымызда тамыр жайған этностар Елбасының сындарлы саясатына дән риза. Жиырма жылға жуық мерзімде Ассамблея өзінің тиімділігін дәлелдеп, өзгелер үлгі алуда. Сараптамалық зерттеулер ұстанымның ұтымдылығына көз жеткізеді. «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы міндеттерді орындау үшін де тұрақтылық пен келісімнің маңызы жоғары. Оны қостанайлықтар жақсы түсініп отыр, – деді.

Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығының төрағасы, филология ғылымдарының докторы, академик Князь Мирзоев Қазақстан халқы Ассамблеясы халықтар достығының бірегей институты екенін айтады:

«Жалпыұлттық келісім мен бірлікті нығайту ісінде ҚХА-ның атқаратын рөлі ерекше. Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның алдына XXI ғасырдың күрделі жағдайында біздің толеранттылық моделін нығайту жүктемесін қойды. Жастарымыздың бойында ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісімге деген жоғары жауапкершілік сезімін сіңіру де үлкен жұмыс».

Шындығында, алда үлкен меже тұр. Қазақстан енді екпінді елулікті емес, озат отыздықты нысанаға алды. Экономикалық өсімге ішкі тұрақтылықтың ықпалы бары бұған дейін талай мәрте шертілген сыр еді. Ендеше, бірлігіміз қазіргі қазақстандық сананың басты құндылығына айналуы тиіс.

Істелген жұмыстар, көз алдымыздағы нәтиже де Ассамблеяның өз функциясын орынды атқарғанынан хабардар етеді. Десе де, бірліктің, тыныштықтың сақталуына ҚХА ғана емес, дархан көңіліміз де көбірек себеп тигізгенін де жасырмайық. Лайым, осы беркелі тірлігімізден айырмасын. Тілегіміз, осынау қасиетімізді кейбіреулер басқаша ұғынып, басынып кетпесе дейміз де.