Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Әлімхан МЫРЗАХАН, облыстық қазақ драма театрының директоры: «Денсаулыққа жауапты болайық!»

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесін оқып, көп нәрсені түйдік. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпке бағынған құл болмайды» — деген ғибратты сөзі бар. Расымен де, кейбіреуіміз карантин режимін бұзып, олқылыққа жол беріп жатырмыз. Әлі де кеш емес.

Бүкіл әлем күресіп, жеңе алмай жатқан індеттен құтылудың бір жолы – карантин. Біз мұны толығымен сақтауымыз қажет, халықты мейлінше үйден шықпауға шақырамын. Төтенше жағдай режимі алынып тасталғанымен, елде карантин сақталады. Бұл – дұрыс шешім. Жеке гигиенаға жауапты болайық, қолды үнемі жуып отырудың маңызы зор. Осы тұста мамандардың кеңесіне құлақ асу керек. Шетелдерге шықпақ түгілі, облысаралық жолдарда тәртіп қатаң. Әсіресе, той-томалақтарды шектей тұрған жоқ.

Президентіміз айтпақшы, қоғамдық орындарда бетперде киюді әдетке айналдырған жөн. Қысқасы, карантинге жауапты қарайық. Дәл қазіргі Рамазан айында қонақ шақыруды тоқтатат тұруға кеңес беремін. Бұл үшін ағайынмен араздасып қалмаймыз. Керісінше, жақындарымыздың денсаулығына да жауаптымыз. Рас, экономика жағынан қатты тиіп отыр. Кәсібі тұралап қалған бизнесмендерге оңай емес. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» немесе «Көппен көрген ұлы той» деп жатамыз. Мемлекет қиын жағдайда қалдырмайды. Ата-бабамыз бұдан қиын нәубет кезеңді бастан өткерді. Бізге сол кісілердің шыдамдылығы мен сабырлығын берсін. Сондықтан да көп нәрсені тежей тұрайық.

Біз – өнер ұжымымыз. Біздің Қазақ драма театры карантин режиміне бағынып, сақтық шараларын толық қамтамасыз етуде. Жұмысқа әкімшілік қызметкерлерді ғана кіргіздік. Денсаулыққа аса мән беруіміз керек. Барлық шектеулер біз үшін жасалып отырғанын түсінген жөн.