Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қамыстыда құрылыс қарқынды

28 мая 2020 10:00 • 540 просмотров

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Қамысты ауданына жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігімен танысып, көптеген нысанды аралады. Іссапар барысы туралы ол «Инстаграм» желісіндегі жеке парақшасында жазды.

Облыс әкімі әуелі «Жітіқара-Қамысты-Ливанов» автомобиль жолы учаскесінің жөндеу жұмыстарын барлап қайтты. Бұл нысанның мердігері – «Қостанай Жолдары» ЖШС. Құны 523,7 млн теңге болатын жобаны аталмыш ұйым осы жылдың қыркүйек айында аяқтауды жоспарлап отыр.

«Бұдан әрі Қамысты ауылындағы «Юность» стадионына бардым, — деп ақпарат береді Архимед Мұхамбетов. — Стадионда қайта құру жұмыстары жүргізілуде, стадионның сыйымдылығы 2500 орынды құрайды. Жоба «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жөндеу барысында әкімшілік-тұрмыстық ғимарат, трибуна қайта қалпына келтірілiп, сондай-ақ жасанды көгал мен жүгіру жолдары төселеді».

Стадиондағы құрылыс жұмыстарын жүргізуге 540,4 млн теңге қарастырылған. Жобаны осы жылдың жазында аяқталмақ.

Әр өңірге жасаған іссапарындағы әдеті бойынша, аймақ басшысы аудан әкімдігінде орналасқан «Қамысты ауданы – адалдық алаңы» фронт — кеңсесіне де ат шалдырды. Басқа өңірлердің фронт-кеңселеріне ұқсас, мұнда да азаматтарды қабылдау және кеңес беру тұрақты жүргізіледі, сондай-ақ электрондық үкімет сервистеріне қолжетімділікті қамсыздандыратын өзіне-өзі қызмет көрсету секторы бар.

Сондай-ақ, Архимед Бегежанұлы аудандағы көктемгі егіс жұмыстарымен танысуды жоспарға алған. Ол қырман басындағы қызу жұмысқа куә болу мақсатында «Алтын-Масақ» ЖШС алқабында болды. Бұл серіктестіктің ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы көлемі 15,1 мың гетарға жетеді. Оның ішінде егістік танабының аумағы – 13,8 мың га. Тиісінше, облыс әкімі қамыстылық диқандармен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізді. Жиын басында егіс науқанын әрі қарай дамыту мен цифрландыру мәселелері талқыланды.

Аудан әкімі Ғазиз Бекмұхамедов берген ақпарат бойынша, Қамысты ауданындағы осы жылғы жалпы жаздық егіс 324,5 мың гектарға жетіп отыр. Бидай дәні сіңірілген егіс алқабы – 289,0 мың га, майлы дақылдар – 9,4 мың га, картоп пен көкөніс – 9 га, азықтық дақылдар — 12,6 мың га, бақша дақылдары – 58 га. Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі Қамысты ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты нақты тапсырмалар берді.