Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 (OLD) kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ауыл – ел бесігі

Биыл Қостанай облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 16 жоба қолға алынып отыр. Мемлекеттік бағдарламаның, әсіресе шалғайдағы елді мекендерге тигізіп жатқан игілігі мол. Бүгінде облыс орталығынан 600 шақырымдай шалғай жатқан Жангелді ауданында көптен күтім көрмеген мектеп, аурухана ғимараттары жаңарып, бұқаралық спорт нысандары күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Торғай кентіндегі аудандық аурухананың іргесі 1975 жылы қаланған.  Көптен бері дұрыс күтім көрмей тозыңқырап қалған екі қабатты ескі ғимаратқа биыл сәуір айында күрделі жөндеу жұ­м­ы­стары басталды. Қазір мұн­да қызу жұмыс жүріп жатыр. Емдеу ме­ке­месінің хирургиялық, ота жасау бөлімдері мен әкім­ші­лік ғимараты жаңартылып, заман талабына сәйкес іші-сырты қапталып, бүтінделіп, төбесі қайта жабылуда.

– Бұл енді көптен күткен үлкен қуаныш. Жуырда ауданға жасаған сапарында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс барысын көріп кетті. Сол кезде шешілген тағы бір мәселе, қазір күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан екі қабатты ғимараттың сыртында тағы екі ғимарат болатын. Оның біреуінде емхана мен перинаталды орталық орналасқан. Екіншісінде жұқ­па­лы ауруларды емдейтін. Бұған дейін осы үш емдеу ғи­ма­ратының әрқайсысы бөлек жы­лы­тылатын. Әр ғимаратта дербес бір жылу қазандығы болатын. Оның шығыны аз емес еді, отын көп кететін. Енді бүкіл аурхана кешені, яғни жаңағы үш ғимараттың бәрі модульді жылу қазандығы арқылы орталықтан жылытылатын болады, – деді аудан әкімі Шота Оспанов.

«Ауыл – ел бесігі» бағ­дар­ла­масы бойынша жүзеге асыры­лып жатқан бұл жобаның жалпы құны 420 млн теңге болады. Қаржы облыс бюджетінен бөлініп отыр. Бұл денсаулық сақтау басқармасының тапсырысымен істеліп жатқан шар­уа. Бас мердігер – «Аллюминий құ­ры­лыс» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігі.

– Күрделі жөндеу жұмыстары сәуірде басталған. Қазір мұнда 55 адам жұмыс істеп жатыр. Аурухананың 56 орындық дербес хирургиялық корпусы толық жаңартылады. Биыл қыркүйек айында толық аяқтап, тапсырамыз, – деді серіктестік басшысы Абай Мұқанов.

Аудандық аурухана бас дәрі­ге­рінің міндетін атқарушы Қуат Әлмағамбетовтың айтуынша, қазір аудан көлемінде жалпы саны 300-ге жуық медицина қыз­меткері бар. Ауданда медби­ке­лер жеткілікті болғанымен, дәрігер мамандар жағы тапшы. Алайда аурухана күрделі жөн­деуден өтіп, медициналық құ­рыл­ғылармен толықса, кадр мәсе­ле­сінің де шешілетін түрі бар. Өйткені биыл «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бо­йынша ауылға жұмысқа тұрған жас мамандарға берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі артты.

Сонымен қатар ауылдағы жас ма­мандарды баспанамен қамту мәсе­лесі де оңай шешіледі. Бұл мақ­сатта әрбір жас маманға жылдық сыйақысы 0,01% болатын 4 млн 167 мың теңге көле­мін­де қаржы беру көзделіп отыр.

Басты мақсат – ауылдық елді ме­кендердің әлеуметтік және ин­женерлік инфрақұрылымын да­мыту. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқа­тын жақсарту. Бұл бағытта қолға алынған ауқымды істің бірі – Торғайдағы «Топжарған» стадио­нын жаңарту жобасы. Ста­дион 154,8 млн теңгеге қайта жаңар­ты­лып жатыр. Аталған жобаның аясында 40 жаңа жұмыс орны құрыл­­ды. 20 жұмыс орны жұ­мыс­пен қамту орталығы арқылы ашылып отыр. Ауылдық елді мекендерде бұқаралық спорт түрлерін дамытуды көздейтін дене шынықтыру-сауықтыру кешені 3 мың адамға арналған.

Ал бүгін­де «Топжарған» стадионына жүріп жатқан күрделі жөндеу жұ­­мыстарының аяқталып, ны­сан­­­ның пайдалануға берілуін тағат­­сыздана күтіп жүрген тұл­пар шығар жастар көп. Спорт кеше­ні іске қосылса, айналасы 5-6 жыл­дың ішінде Торғайдан талай топ­жарған түлеп шығары шүбә­сіз.