Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Дұрыс жазып жүрміз бе?

3 июля 2020 11:00 • 1 079 просмотров

Латын графикасына көшу туралы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деген болатын.

Сондықтан да тіліміздің тарих белесінде жүріп өткен жолы, тіл дамуы мен кемшін дамуындағы қиындықтарды, әсер еткен факторларды, қазақ жазуының тарихындағы дыбыс – әріп – фонема – графема туралы зерттеулерге сүйеніп, тіл дыбыстарының, жазу жүйесінің заңдылықтары мен таңбалық сипаттарын анықтау өзекті болып табылады.

Әрбір тіл өзінің тарихында түрлі тарихи, саяси, әлеуметтік, географиялық, биологиялық факторлардың әсерімен қалыптасып, дамып, жетіліп отыратыны белгілі. Қазақ тілі өзінің тарихында табиғи жолмен дамып қана қойған жоқ. Үстіміздегі ғасырдың ортасында «күштеп» енгізілген «орыс тілінің сөздері қазақ тілінде сол қалпынша жазылсын» деген принцип қазақ тілінің дамуында түрлі қиындықтарға әкеліп соқтырды. Кез келген тіл өзара ықпалдасу арқылы кейбір дыбыстық модификациялануға ұшырап тұратыны белгілі, бұл көбінесе туыстас тілдерге, сонымен қатар географиялық жақын орналасқан тілдердің диалектілік ықпалдасуына байланысты болады.

Алайда саяси ықпал ету мақсатында жасалған әліпби мен емле ережелері тілдің ішкі дамуына, кірме сөздерді тілдің физиологиялық, акустикалық, айтылым белгілеріне еркін кіріктіруге мүмкіндік бермеді. Мәселен, Қазан төңкерісіне дейін қазақ тіліне орыс тілінен енген сөздер «қазақыланып», тілге ыңғайланып енген еді: ящик – жәшік, суд – сот, кровать – кереует, бутылка – бөтелке, конфета – кәмпит, сумка – сөмке, кирпич – кірпіш және т.б. Осы сияқты «ыңғайланған» сөздердің дыбыстық сәйкестендіруін жасау бүгінгі таңда қазақ тіліне мүлдем жат кірме дыбыстардан арылғаннан кейін жасалатын кірме дыбыстардың орнын толтыру процесіне игі ықпалын жасайды.

Сөздерге талдау жасай келе мынадай жайттарға назар аударуға болады. Орыс тілінің щ және ч дыбыстары қазақ тіліне тән ш дыбысымен алмасқан (ящик, чай, чайник, кирпич). «Ящик» сөзі қазақ тіліне жәшік болып енген, сөздегі дауысты дыбыстар қатары (ә-і) жіңішке дыбысталады. Бұл тілдік факті ж/ш дыбыстарының а фонемасын жіңішкертіп алуымен байланысты болса керек. И дыбысы і фонемасымен алмасуы сөздің біріңғай әуезделім белгісінің жіңішкеруі болып табылады.

Орыс тілі сөздерінде кездесетін а фонемасы сөздің бірінші буынында ә фонемасымен (тарелка-тәрелке, машина-мәшине, галоши-гәлөш), екінші буында е фонемасымен (ярмарка-жәрмеңке, кровать-кереует) берілген.

Орыс тілінің сөз соңындағы -ка ашық буынды тіркесі қазақ тілінде үнемі -ке түрінде ауысып отырған: ярмарка-жәрмеңке, бутылка-бөтелке, сумка-сөмке, ботинка-бәтеңке, серенка-сіріңке, тарелка-тәрелке.

«Бутылка» сөзі қазақ тіліне бөтелке болып жіңішкеріп енген, бөтелке сөзі оқылуында ерін үндестігіне бағынып, [бөтөлкө/е] болып айтылады. Бірінші

буындағы дауысты у дыбысы қазақ тілінің төл ө жіңішке дауысты еріндігіне ауысып енеді, орыс тілінің ы дыбысы қазақ тілінде алдыңғы буынның дауысты ө еріндігінің әсерімен біріңғайланған. Орыс сөздерінің бірінші буындағы у дауыстысының қазақ тілінде ө еріндігіне айналуын сумка-сөмке алмасымынан да көруге болады.

«Ботинка», «носки», «конфета» сөздерінің бірінші буынындағы о әрпі [а] фонемасымен дыбысталады [батинка], [наски], [канфета]. Сондықтан да а фонемасының бірінші буында ә фонемасына ауысуының тағы бір дәлелін көреміз. Ботинка [батинки] сөзі қазақ тіліне бірыңғай еріндік дауыстылармен бәтеңке түрінде берілген, орыс тілінде сөздің айтылымына байланысты бірінші буындағы а дауыстысының ә-ге ауысқанын көреміз. Ботинка, серенка сөздеріндегі -нк тіркесімен келетін н дыбысы қазақ тіліне ң дыбысына ауысады, бұл -нк дыбыс тіркесінің жымдасып, -ңк дыбыс тіркесіне айналуына байланысты. Серенка сөзі қазақ тілінде сіріңке түрінде енген. Е дыбысының жіңішкеріп бірыңғай і жіңішке дауыстысына ауысады.

Суд сөзінің у дауыстысы о жуан дауыстысымен ауысқан (суд-сот, уезд-ояз), сөз соңындағы д дыбысы қазақ тілінің төл ережесіне бағынып, д дыбысы қатаңдап т-ға айналады.

«Кровать» [кравать] сөзінің қазақ тіліне буын құрамы көбейіп, ке-ре-ует болып енеді, бұл қазақ тілінде сөз басында екі дауыссыз дыбыстың қатар келмейтіндігімен байланысты кр- дауыссыздарының арасына е дауысты естілімі айқындалған. Сөз құрамындағы дауысты а дыбыстары біріңғай е дауыстысына ауысады. Сөз соңында (-ть) жіңішкерген дауыссыз дыбысы ескерілмейді. В дауыссыз дыбысы қазақ тілінің у дауыссыз дыбысына өзгереді, в дыбысының қазақ тілінде у дауыссына (кровать-кереует, самовар-самауыр), қазақ тілінің у дауыссызы орыс тіліне в дауыссызына (Уәлиханов-Валиханов) ауысып отыратын дыбыстық алмасым тұрақты құбылыс болып табылады.

«Конфета» сөзі қазақ тіліне кәмпит болып енеді. Бұл жердегі ф фонемасы қазақ тілінде п фонемасына ауысып кіреді. Қазақ тілінде -нп тіркесі айтылуында ықпалдасып, -мп дыбыс тіркесіне айналады. Е фонемасының и фонемасына ауысып, сөз соңындағы а фонемасының түсіп қалғанын байқаймыз.

«Волость» сөзі қазақ тіліне болыс болып енеді. Бірінші буында в фонемасы б дыбысының фонемалық варианты екендігі, сол себепті қазақ тілінде тән б фонемасымен ауысқаны түсінікті. Сөзде екпін бірінші буынға түскендіктен, екінші буындағы о редукцияланады да қазақ тілінде екінші буынның дауыстысы ы фонемасымен беріледі. Сөз соңындағы -сть қатары бір ғана -с фонемасын сақтап қалып, мағыналық үстеме бермегендіктен тіл артық дыбыстардан арылуға тырысқан.

«Уезд» сөзінде де осы сияқты тілдік фактіні анықтаймыз, -зд қатары тек -з фонемасын қалдырған. Сөз басындағы уе- дауыстылар қатары оя- [ойа] қатарымен беріледі. «Утюг» сөзі қазақ тілінде үтік [үтүк] түрінде, сонымен қатар диалектілік өтек нұсқасында енген, сөз соңындағы г фонемасы қазақтың төл дыбысталуында сөз соңында г дыбысының келмейтіндігіне байланысты қазақ тілінде к фонемасымен ауысып, тілдің төл заңдылығына бағынған.

Орыс тілінің и фонемасының қазақ тіліне і фонемасымен (ящик – жәшік, машина – мәшін (диалект), кирпич – кірпіш) және е фонемасымен (ботинка –бәтеңке, чайник – шәйнек) ауысып енгенін көреміз.

Айтылуын жеңілдету мақсатында стол, станция сөздерінің алдынан ү/ы дауысты дыбыстарының үстемеленген. Мұндай фонетикалық құбылыс тіл білімінде протеза деп атады. «Стол» сөзінің басынан ү фонемасы, ал станция сөзінің алдынан ы фонемасы үстемеленген. Бірізділік бір көргеннен байқалмағанымен, ү/ы дыбыстарының әрбір сөзде таңдалуына сөздегі жақын орналасқан дауысты дыбыстың әсер еткендігін көруге болады.

«Стол» сөзіндегі о дыбысы қазақ тілінде ө дыбысымен алмастырылған, бүгінде жазылуында үстел болып жазылғанымен, айтылуында үндестік заңына бағынып [үстөл] болып оқылатынын білеміз. Ендеше, кері байланыс та осылайша жұмыс істейді, яғни ө жіңішке еріндік дауысты дыбысы ст- тіркесінің алдынан ү жіңішке еріндік дауысты дыбысының болуын талап етіп тұр. Ал станция сөзі ыстанса болып беріледі, сәйкесінше а жуан езулігі ст- тіркесінің алдынан ы жуан езулігін талап етіп тұр. Ц бөгде дыбысы с фонетикалық вариантымен берілген, ал ия [ийа] қатары қысқарып тек а фонемасын сақтап қалған.

Бұл тілімізге орыс тілінен еркін жолмен Қазан төңкерісіне дейін енген сөздерге жасалған фонетика-графикалық талдау Қазан төңкерісіне дейін енген сөздердің ауызша тіл нормалары, артикуляциялық, әуезделім және үндесім заңдарына сәйкес қабылданғанын көрсетеді.

Ақмарал ЕРПОЛАТ