Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 621, 54-81-20, 54-08-30 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Дәурен НИЯЗБАЕВ: «Болашақ – көп жастың бағын ашты»

Тәуелсіздік алған жылдары білікті мамандар тапшылығы елдің дамуына, дербестігіне тежеу болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы қазақ жастарының шет елдерде білім алып, кейін ел ертеңіне еңбек ету үшін «Болашақ» бағдарламасын іске қосқан-ды. Бұл арқылы қазақстандықтар әлемдегі дамыған мемлекеттердің ең озық университеттерінде оқуға мүмкіндік алған.

Бағдарлама бойынша әлемнің 33 еліндегі 200 үздік жоғары оқу орнында білім алу үшін осы күнге дейін 11 126 қазақстандыққа стипендия тағайындалған. Олардың бірқатары бүгінде Қазақстанға оралып, түрлі салада қызмет етеді. Қазіргі «Нұр Отан партиясының төрағасы Бауыржан Байбек, Нұр-Сұлтан қаласының басшысы Алтай Көлгінов, Шымкент қаласының бұрыңғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осы жоба түлектері. Әрине, тізім бұнымен шектелмейді.

Мұхит асып, мол біліммен оралғандар қатарында Қостанай жастары да бар. Мәселен, Дәурен Ниязбаев Сан-Диегодағы Калифорния университетінде оқыған. Бұл білім ошағының іргетасы сонау 1903 жылы қаланыпты және күні бүгінге дейін құрама штаттардағы үздік жиырмалықтың тізімінен түспеген.

Дәурен Алтынсарин ауданына қарасты Воробьев ауылында туған. Кейін ата-анасымен облыс орталығына қоныс аударады. Онда №7 орта мектепті бітірген соң Қостанай әлеуметтік-техникалық университетіне оқуға түседі. Студенттік шақта «Work and Travel» бағдарламасымен Америкаға алғаш рет аяқ басқан.

-Бірінші барғанымда үйренісу қиын болды. Шамалы уақыттан соң үйді сағынасың. Төрт ай ішінде тіл үйреніп, жеңіл-желпі жұмыс істедім. Бірнеше штатта болып, мәдениетін меңгердім,-дейді ол.

Қазақстандағы ЖОО-нын тәмамдағасын, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында еңбек жолын бастайды. Бір қызығы, ол ойламаған жерден «Болашақ» стипендиянты атандым дейді:

-Америкаға барып келген соң да ол жақта оқу туралы мүлдем ойламаппын. Бізге үнемі солай көрінеді, қазақ балалары көп жағдайда өзімізді себепсіз шектейміз. Ол дұрыс емес, бәрін байқап көру керек екен. Санамыз әріге бармайтыны рас. Адам өзге тілді, мәдениетті үйренсе, оның сана-сезімі, білімі артады. Мен бір күні әдеттегідей жұмысқа келдім, хатшы қыздың үстелінде жатқан «Болашақ» бағдарламасының жарнамасын көзім шалып қалды. Қарасам, Қостанайға түсіндіру тобы келе жатыр екен. Сосын барып көрмекке бел будым. Әуелде қызықсыз сияқты көрінді, бірақ шамалыдан соң ден қойып тыңдадым. Аңғарсам, айтып отырған қажетті құжаттардың бәрі дерлік менде бар, ағылшын тілін де бір кісідей білемін. Көп ұзатпай құжаттарды жинап, емтихан тапсырдым. Бұл бар-жоғы бір айдың ішінде болды. Осылайша, Америкаға аттандым,-дейді Дәурен.

Ол магистратураны әуелгі эколог мамандығы бойынша жалғастырады. Алғашқы жылы шет тілін толықтай меңгеруге жұмсаса, қалған екі жылда өз кәсібін тереңінен зерттейді. Көптің аузында, арманында жүретін Америка қазақ баласына орындалған арман десе де болады. Себебі, мұнда кез келген адамның қиялы, ойы жүзеге асады. Адамзат бостандығы мен технологияның ең биік шыңы да осында.

-Адамдарының жүздерінің жылылығы, жөн сұрасқан кісіге ілтипатпен жауап беретіндігі таңдандырмай қоймады. Онда оқу несиелік негізде жүргізіледі. Екі жылда 48 пәндік несиені игеруің қажет, оның 24-і міндетті, 24-і таңдау пәндері. Баға біздегідей күнделікті қойылмайды, семинар сабақтары мүлдем болмайды. Лекциялар интерактивті әдіспен таныстыру түрінде беріледі. Ғаламтор деректері кеңінен пайдаланылады. Сабақ үстінде студент компьютерді еркін пайдаланып, сөмкесінен тамағын алып жей беру үйреншікті жайт. Сосын біздің елдегідей оқытушы шәкірттің көңіліне, сөзіне қарап ешқашан баға қоймайды. Ол спортшы, не өнерпаз екен деп бөлмейді. Жұртпен бірге емтихан тапсырасың,-дейді «Болашақ» түлегі. Бұдан бөлек Дәурен кәсіби боксшы.

Тіпті, бокстан спорт шебері атағын иеленген. Әуесқойлар арасында ҚР чемпионы атанса, кейін кәсіби бокста бір кездесу өткізіп, жеңіске жеткен.

-Бокспен бала күнімнен бастап шұғылданамын. Америкаға барғасын шыңдала түстім, өйткені, ол жақта жұдырықтасуға көп көңіл бөледі. Жатықтырушыларым нағыз өз ісінің шебері болатын. Жақсы ұсыныстар да болды. Бірақ, елге оралу керек болды,-дейді Дәурен.

Дәурен мемлекеттік қызметте жемісті жұмыс істеп, қазіргі таңдка жеке кәсіпорында жұмыс істеп жатыр. Туған ел оған ел көріп, жер көріп, білімін жетілдіруіне мүмкіндік берді. Енді сол баға жетпес байлықты өз отанының дамуына арнамақ, парызын өтемек.

-Осындай мүмкіндік сыйлаған мемлекет алдында біз қарыздармыз. Шет елде жүргенде өзге ұлттың жастары бізге қызыға қараушы еді. Өйткені, біздің мемлекет жыл сайын жүздеген адамды шет елдерде тегін білім алуға жібереді. Расымен де керемет емес пе?! Бұл тек ел көріп, сапалы білім алумен шектелмейді. Сондықтан Отан алдында адал еңбек етіп, оның дамуына үлес қоссам деймін. Мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ,-деп ой бөлісті Дәурен Бақтыбайұлы.