Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Құрылыс қарқын алды

Биыл Жангелдин ауданының орталығында 5 көше жаңартылады. Оған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша облыс бюджетінен 170 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр.

Аудан әкімі Шота Оспановтың айтуынша, бұрын асфальттанған, бірақ бүгінде тозып кеткен көшелер кеңейтіліп, жаңартылмақ және бұрын-соңды асфальт көрмеген 1 шақырымға жуық жол жөнде­ліп, асфальт төселеді. Бұл жұ­мыс­тар­ды да «Алюминий құрылысы» серіктестігі жүргізіп жатыр.

– Техникамызды ертерек жет­кі­зіп алдық. Қазір жол жөн­деу жұ­мыстары жартылай еңсе­ріл­ді. Кө­шелер кеңейтіліп, қазір­гі технология талаптарына сай тегістеледі. Ауыл­дың ажарын көше ашады. Түзу жол, сәнді көше Торғайды көрік­ті ете тү­се­ді. Біз бұл жобаға жер­гілікті тұр­ғындарды да тартып жатырмыз, – деді «Алюминий құрылысы» серіктестігінің басшысы Абай Мұқанов.

Жалпы, Жангелді ауданында биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша жалпы құны 2 млрд теңгеге жуық 8 жоба мақұлданған. Бұл жобалар аудан тұрғындарының жұмыспен қам­тылуына септігін тигізуі тиіс.

– Осы жобалар арқылы жұ­мыс­сыз адамдарды жұ­мыс­қа қабылдап жатырмыз. Олар­дың тиісті еңбекақылары мен зей­нет­ақы төлемдерін мер­ді­гер­лер төлейді. Бұл бағытта аудан­да біраз жұмыс атқарылды. Қазір 5 жоба өз деңгейінде жұ­мыс істеп жатыр. Қалған үш жобаның мердігері енді ғана анықталды. Олар жұмыс бас­тау­ға дайындық шараларын қамдауда. Техникаларын дайын­дап, материалдарын жеткізіп жатыр. Биыл ауданда 478 жұ­мыс орны ашылады. Оның ішінде 239 адамды жұмыспен қамту орталығы арқылы ресми түрде орналастырамыз деп жос­парлап отырмыз. Қазірдің өзінде 114 адамды жұмысқа орна­ластырдық. Ал жұмыспен қамту орталығы арқылы 63 адам жұмыс істеп жатыр, – деді аудан әкімі Шота Оспанов. 

Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған ин­тернет игілігін Жангелді ауда­нының тұрғындары да се­зі­не бастады. Биыл ауданда тал­шық­ты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы аяқталды. Торғайға жұмыс сапары барысында желілік-техникалық цехқа өңір басшысы Архимед Мұхамбетов бас сұғып, «Қазақ­те­леком» тора­бының жұ­мы­сымен та­ныс­қан. Солтүстік өңір­лік теле­­коммуникация дирек­ция­сы­ның басшысы Ерсайын Дүй­се­нәлиевтің айтуын­ша, бү­гін­гі таңда ауданның 23 елді мекені телефон қызметімен толық қамтылған. 9 елді мекенде мо­бильді байланыс бар. Ал 7 ауыл «Қазақтелеком» интернетін пайдалану мүмкіндігіне ие болып отыр.

«Қазақтелекомның» Сол­түс­тік филиалы мемлекет-жеке­­меншік әріптестігі арқылы Қалам-Қарасу, Сужарған, Ақ­шы­ғанақ, Көкалат, Аралбай, Торғай, Тәуіш елді мекендеріне дейін жалпы ұзын­ды­ғы 240 шақырымнан асатын тал­­шық­ты желі өткізген. Енді бұл ауыл­дар­дағы білім беру, ден­сау­­лық сақтау, ауыл шаруа­шы­лы­ғы нысандары мен жергілікті әкім­ші­лік, полиция, тағы басқа 24 мем­­ле­кеттік мекеме кең жолақты ин­тер­нет желісіне қосылады. Бү­гін­ге дейін бұл ауылдарда 7 мекеме интернетке қосылып үлгер­ген. Жыл­дам интернеттің жеткені, әсіре­се жергілікті тұр­ғын­­дар үшін үлкен қуаныш.

Е.Дүйсенәлиевтің айтуын­ша, алдағы уақытта 250-ден астам тұрғыны бар елді ме­кен­дерді жоғары сапалы мобиль­ді бай­ла­ныс­пен қам­та­масыз ету үшін Ақкөл, Ақшы­ғанақ, Көкалат, Аралбай, Тәуіш, Саға, Шилі ауыл­да­рына ұялы байланыс опе­ра­тор­ларының мұ­на­ралық бекеттері ор­наты­латын болады.