Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мәдениет қызметкерлері марапатталды

Айшығы ерек Астана күні мерекесіне орай, Қостанайда аймақ мәдениеті мен өнер саласында біраз жылдардан бері табанды еңбек етіп келе жатқан бірқатар қызметкерлер марапатталды.

Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның мәжіліс залында өткен салтанатты рәсімге 6 адам қатысты. Олардың ішінде музей, театр, өнер, кітапхана қызметкерлері бар.

«Қазіргі күрделі аһуалға байланысты бүгінгі ресми салтанатқа Қостанай қаласының өзінен санаулы ғана адам келіп отыр. Бұл жолы облыс орталығынан тыс жатқан қалалар мен аудандарға шақырту жіберілген жоқ. Сондықтан қалған қызметкерлердің марапаты жергілікті жерлерде табыс етілетін болады», — деді мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.      

Жиынға қатысушыларға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, сондай-ақ Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамоталары табыс етілді.

Аймақ басшысының Құрмет грамотасына ие болған Нәзима Оташева 15 жылға жуық облыстық тарихи-өлкетану мұражайында қызмет етіп келеді. Біраз жылдан бері музейдің ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.

Атаулы мереке қарсаңында аз ғана жұмысымызды бағалап, еңбегімізді елеп-ескеріп жатқан облыс басшылығына рахмет! Әйтпесе, қиратып жатқан ештеңеміз жоқ.  Басты міндетіміз —  музей қорындағы  тарихи құнды жәдігерлерді насихаттау, жас ғалымдардың ғылыми жобаларына, журналистердің ізденістеріне қол ұшын беру, өлке тарихына қатысты маңызды деректерді жарыққа шығарып отыру. Біздің қорда мұндай тарихи құжаттар мен құнды бұйымдар баршылық,  — деді марапат иесі Нәзима Оташева.