Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 621, 54-81-20, 54-08-30 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Арды ойлаған азамат

Мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, публицист Ілияс Омаровтың дүниеден өткеніне 19 шілде күні тура елу жыл болды. Әйгілі тұлғаның тағдыр-талайына жазылған аз ғұмырының өзі жасындай жарқылдаған, алтындай жалтылдаған сәттерге толы.

Ілияс Омаров – ХХ ғасырдағы Қазақстанда қалыптасқан пар­тиялық-мемлекеттік зиялы қа­уым ортасынан шыққан көр­некті тұлға. Бұл ретте оның же­ке басындағы көпқырлы ин­тел­лектуалдық қасиеті мен ерек­­ше ұйымдастырушылық қа­бі­леті, таудан аққан тас бұ­лақтай тазалығы мен тәртіпке тән берген тектілігі, қоғамды жа­ңа­ша құруға бағытталған ас­қақ идеялар жолындағы сенімі адам баласына деген шексіз сүйіспеншілікке ұласады. Сол кезеңнің саяси жүйесіндегі әкімшілік-басқарушылық шең­берінде жұмыс істеу қанша­лық­ты ауыр болғанымен, Ілияс Омаров қай кезде де адам­гер­шілік қасиеттерінен айнымай, бойындағы отансүйгіштік мі­незінен танған жоқ.

Ілияс Омаровтың жеке тұл­ғасы орыстың атақты жазушы­сы Антон Чеховтың «адам бойында оның киімі де, ақыл-парасаты мен жүріс-тұрысы да тамаша болу керек» деген сөзін дәлелдеп тұрғандай еді. Ал шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің Ілияс Омаров жайлы тамсана айтқан пікірлері де жетіп-артылады. Же­­ке архивінде сақталған жүз­деген өзге ұлт өкілінің ой-пікір­лері мен естеліктерінің бә­рін тізіп шығу оңай шаруа емес. Мы­салы, ХХ ғасырдың атақ­ты режиссері Наталия Сац өзінің «Менің өмірімнің новелласы» атты кітабында былай деп жазды: «Ілияс Омарұлымен он бес минут сөйлескеннен кейін мен барша қазақты бір­ден жақсы көріп кеттім. Оның жоғары мәдениеттілігі, ізеті, сұх­­баттасушысына деген құр­меті, менің Қазақстанға келуім шы­ғармашылық мол табыс әке­летініне шүбәсіз сенуі қан­дай!». Әйгілі режиссердің 1944 жылы Абай атындағы опера және балет театрына режиссер болып жұмысқа кіріскен кездегі Ілияс Омаровпен алғашқы кездесуден алған әсері қағаз бетіне осылай өрілді. Бұл кезең Наталия Сацтың 1937 жылғы қуғын-сүргіннен кейінгі бірнеше жылын ГУЛАГ-та өткізіп, енді босап шық­қан кезі болатын. Ал Ілияс Омаров бұл тұста Қазақ КСР Сау­да халық комиссары қызметін атқа­ратын. Осы кездесуден кейін Ілияс Омаров пен Наталия Сац арасында ерекше сыйластық сақталып қалды.

1967 жылғы 3 маусымда жазушы Юрий Казаков: «Құрметті Ілияс Омарұлы! Әбдіжәміл Нұрпейісовтен сіздің жаңа қыз­метке тағайындалғаныңызды естідім, сізді шын жүректен құт­­­тық­таймын. Сонымен қатар қа­зақ мәдениетін де құттық­та­ғым келеді, өйткені Мә­де­ниет министрліктерінің барлығы бірдей нағыз мәдениетті минис­трімен мақтана алмайды. Қа­зақ достарым үшін керемет қуа­ныштымын, тіпті өзімнің қазақ болмағаныма өкініп қалғандаймын…» деп жазады. Қазақстандық әйгілі жазу­шы Дмитрий Снегин өзінің 1948 жылғы естеліктерінде: «Мен сөйлеген сөзі ғана емес, жүріс-тұрысы мен киім киісінен де жоғары мәдениеттіліктің исі аң­қып тұрған, аса зиялы адамды көрдім. Көзәйнек астынан тіке қараған мөлдір көз бірде өңменіңнен өте сұстанса, енді бірде күлімсірей жымиып, ішкі жан дүниеңді оқып тұрғандай. Тұла бойындағы табиғилық пен қарапайымдылық сенім ұялатады. Осы тұста Ба­уыр­жан Момышұлының: «Ілияс – нағыз ақылды адам, жа­ңа­­шыл­дықтың нақ өзі», деген сөз­дері ойға оралды». Ілияс Ома­ров тура­лы Ғабит Мүсірепов былай деп жазды: «Тазалықтан, бауыр­мал­дықтан, айнымас мейі­рім­діліктен жаралған ол әді­летке, жол­дастыққа, достыққа кір жұқ­тырмайтын. Үлкендер қатарында кіші емес, кішілер қатарында үлкен емес бір жан еді-ау!».

Ал белгілі жазушы Александр Фадеев Ғабит Мүсіреповпен кездескен сайын: «Данышпан Ілияс Омаровтың халі қалай?» деп сұрайтын көрінеді. «Ілияс Омаров қандай лауазымды қызметте болсын өзге шенеуніктерден дара тұлғасымен, ең бастысы – адамдармен араласудағы қара­пайым болмысы мен игі тілегімен ерекшеленетін», деп жазды композитор Ғазиза Жұ­­банова. – Ол опера мен балет тұ­саукесерлерінің бірде-бірін қалдырып көрген емес. Ол жазушылардың, композиторлар мен суретшілердің барлық жаңа туындыларын біліп отыратын. Шығармашылық адамдармен жиі араласып, олардың ортасында үлкен беделге ие еді».

Ілияс Омаровтың ерекше әрі бай кітапханасында оның ұрпақтарына қалған ең қасиетті мұра – белгілі қаламгерлердің қолтаңбасы жазылған ондаған кітап сақталып тұр. Мәселен, 1960 жылы Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш» атты кітабы жарық көрді. Мұхтар Омарханұлы Ілияс Омаровқа бұл кітаптың негізгі нұсқасын сыйға тартқан екен. Кітаптың алғашқы бетінде: «Алтыннан да ардақты қадірлі досым Ілиясқа достық пейілмен сыйға тартамын» деген жазу бар. Ілияс Омаров пен Бауыржан Момышұлының арасында үлкен достық қатынас болған. Аты аңызға айналған батыр 1962 жыл­дың 19 желтоқсанында Ілияс Омаровқа сыйға тартқан «Арқамызда Москва» атты кіта­бының алғашқы бетіндегі жазуда өз көңілін былай жеткізген: «Аи эм глэд ту си ю! Аи лайк ю вери матч! Бұл ақиқат! Өмірден бі­рінші үлкен өте ме, кіші кете ме, ол – біздің құзырымызда емес. Бірақ менің сенің артыңда қалғым келмейді». Ілияс Омаров дәл осындай игі сөздерді атағы кеңге жайылған ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің де өз аузынан естіген. Ілияс Омаровтың асқақ адамгершілік келбеті жайлы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Кәкімбек Салықов, Шерхан Мұр­таза, Қуаныш Сұлтанов, Люд­мила Енисеева, Исаак Попов сынды белгілі тұлғалар қалам тартты.

Ілияс Омаровтың бет-бейнесі биік мәдениет пен терең парасат түсінігін іс жүзінде көрсете алуымен де сомдалды. Биік мә­де­ниеті мен айрықша парасат-пайымы жақындарымен, жора-жолдастарымен, отбасымен сөйлескенде де анық байқалатын. Шен-шекпені мен қызметіне, лауазымына қарамастан, кез келген адамға аса үлкен сыйластық танытатын. Жүріс-тұрысынан қарапайымдылықтың лебі есіп, артық қылық көрінбеуші еді. Өте заманауи, мәдениетті адам болатын. Осы тұста оның жары Гүлшат Сәкиқызының атқарған айрықша рөлін атап өткен ләзім. Олардың отыз алты жылға созылған жұ­байлық өмірлерін таңғажайып драмалық шығарма деуге болады. Гүлшат Сәкиқызының айтуынша, оның жолдасы ешқашан көрсеқызарлық пен екіжүзділік секілді жаман әдетпен ауырып көрмеген. Басына түскен қи­ын­дыққа сабырлылықпен тө­зіп, кейде айтқысы келгенін ащы әзілмен не дәлелді сөз­дермен жеткізіп отырған. Ілияс Омаров үнемі біржақтылық пікірді ұстанып, қырсықтық та­нытатындардан күдіктенді. Егер сондай жандар жолыға қал­са, мысқылға, тіпті уытты қалжыңға жүгініп отырды. Ол адамдардың кемшіліктері бір­ден көзге көрініп тұратынын ай­тып, «Шыдамды болсаңдар, нашар адам өзін-өзі танытады» деген сөзді жиі қайталайтын. Сонымен қатар ол: «Жағымсыз жұмыстарда өздерін әшкере етпейтін жаман жандар болмайды. Оның өзін-өзі әшкере етуі айқын болған жағдайда ақылды адам ұстамдылық танытып, үнсіз қалады», дейтін. Кейде оның оңаша қалып сатқындық жасаған адамдармен мүлде араласуды жөн көрмейтін кездері де болды. Бірақ ол сондай жандардың атын атап, түсін түстеген жоқ. Олар жайында «ләм» деп аузын ашпады. Тек оларды өз өмірінен аластатып жүруге тырысты.

Ілияс Омаров адамдардың өзгеше көзқарасы еш жерде жа­зыл­маған өмір заңы дейтін. Өмірге бірдей көзқарастағы екі адамды табу мүлде мүмкін емес. Сондықтан әр адамның өзіндік ой-пікірі шынайы өмір мен қоршаған қоғам жайлы мағлұмат алуда баға жетпес байлық. Өзгеше ойлауды қабылдамайтындарды мәдениеттен жұрдай жандар деп бағалайтын. Ерте жетім қалып, «Қазкоммунада» өскен осы бір адамның рухани мәдениеті биік болып жетіліп, ақсүйектік қа­сиетке қалайша ие болғаны жұм­бақ күйде қалып отыр. Неге осы бір адамның бойында дог­ма­лық қатып қалған қағида мен шы­дамсыздықтың түйір тамшысы жоқ? Қуғын-сүргіндік жү­йеде өмір сүрген адам қалайша сол жүйенің құралына айналып кетпей, керісінше, адамдар­ды құт­қа­рып, оларға қолұшын берді? Осы бір асқан мәде­ниет­тілік пен па­расаттылық қайдан пайда болды?

Ілияс Омаров 1913 жылдың 1 қазанында шаруа отбасында дүниеге келді. Бала кезінен-ақ айрықша есте сақтау қабілетінің арқасында тілге шешен болып өсті. «Қазкоммунада» үздік оқуы­­ның нәтижесінде Ташкент­тегі Орта Азия университетінің эко­номика факультетіне оқуға түсті.

Жоғары оқу орнын бітірген соң Қызылордадағы кеңес сауда-саттық техникумының дирек­торы қызметіне жіберіледі. Сон­да жүріп болашақ жарымен таны­сады. Махаббат жолында тех­никум директорлығынан қуылып, үстелге партия билетін тастап кеткені рас. Бұл оқиға былай болған. Ілияс бай көпестің қызына үйленіп, отау тігеді. Ол кездегі саяси жүйе мұндайды кешіре алмайтын еді. Осылайша, тап дұшпандарының қызы Гүлшат сұлуға үйленгенінің кесі­рінен жұмыстан қуылады.

Соғыс жылдарында КСРО сауда-саттық комитетінің жауап­ты қызметінде жүрген кезінде Ілияс Алматыда тұратын ғылым мен мәдениетте орны бар тұл­ғаларға комсомол жастардың түс­кі асқа ыстық тамақ апарып тұруын қадағалады. Осы әре­кетімен ол Қаныш Сәтбаевқа, Ғабит Мүсіреповке, Юрий Завад­скийге, Самуил Маршакқа, Сергей Сергеев-Ценскийге қол­дау білдірмек болды.

Кейін Ілияс Омаров Жо­ғар­ғы Кеңестің депутаты ре­тін­де Қа­зақстанның түкпір-түк­­пірінен үшбу хаттар алып отырды. Бірде қолына Алматы облысы, Ұзынағаш ауылында тұратын ингуш ақсақалы Хасан Аушевтың шағым хаты түседі (ауған соғысының қаһарманы Руслан Аушевтың атасы). 1919 жылы Хасан қызыл партизандар қатарында деникиншілдерге қарсы соғысқан. Қартайған ша­ғында жұбайы Патима екеуі үй іргесіндегі телімнен түскен кішкентай ғана өніммен күнелтіп жатыр еді… Ақсақалдың ұлы Бес­лан ата-анасынан бөлек Ал­маты облысының Шелек ауда­нында тұратын және осы ауданнан тыс жерлерге шығу құ­қы­ғынан айырылған болатын. Ілияс Омаров бұл мәселені де тез шешті: Хасан Аушев зейнетақы алды, ал біраз уақыттан кейін оған ұлы Беслан көшіп келді. Тағдыр оның адалдығын, айнымастығын мұнан кейін де талай рет сынға салған еді. Сондай ауыр сын оған 1940 жылдардың соңында, Қазақстан КП-ның идеологиялық хатшысы кезінде төнген еді. І.Омаров «Қазақ ССР тарихы» атты екі томдық іргелі еңбектің редакторы болды, жарық көрген кітаптың Абылай хан мен Кенесары ханға арналған тарауларын тарихшы Ермұхан Бекмаханов жазған болатын. 1949 жылдың 11 қазанында Мәс­кеуден атақты академик Анна Панкратовадан хат келеді (ол хат күні бүгінге дейін Ор­та­лық мемлекеттік архивте сақтаулы).

«Тарихшылар арасында кейбіреулердің қазақ тарихын кемсіткісі келетіні бар. Неге грузин патшасы мен өзбек ханы дәл қазақтардағыдай жағдайда озық ойлы болып есептеледі де, ал қазақтар Абылай мен Кене­сарыға неге күйе жағуы тиіс? Мен қазақ тарихындағы көр­некті қайраткерлерге кері тарихи баға беру жолына түсе алмаймын. Оның үстіне ондай сыншылар өздерінің жасаған қорытынды түйіндерін ешқандай тарихи құжатпен, дерекпен дәйектемейді», дейді ол. Өзі құрмет тұтатын ғалымның хаты Ілияс Омаровты қатты қуантады. Оны сол кездегі Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке көрсетеді. Алайда екі жыл өтер-өтпесте қазақ ұлт­­­шылдығы жайында әңгіме қозғалып, өрескел саяси қателік жіберген Ермұхан Бекмаханов пен Бек Сүлейменов «халық жауларының» қамытын киіп, лагерьге айдалады. Бекмахановтың Панкратова мен Омаровты қа­ра­лауға бармай, қиындықты қайыспай көтеріп, тұтқын татар дәмді татып, әйтеуір кейін аман-есен елге оралғаны аян. Бірақ осыған қарамастан, Қазақстан КП бюросында ҚКП хатшысы І.Омаровтың жіберген қателігі турасында мәселе көтерілетін болады. Сонда Жұмабай Шаяхметов Ілияс Омарұлына Мәскеуден Сталинге өте жақын сенімді адам­ның қоңырау шалғанын айта келіп, оның Омаровтың тарихшы болмағандықтан Панкратовадай іргелі ғалымның жетегінде кеттім деп айтуы, ал Панкратовадай әлем­ге аты белгілі әрі Сталинмен сонау Азамат соғысы жылдарынан таныс, 1946 жылы Сталиндік сыйлық алған ғалымға ештеңе болмайтындықтан, өз басын ара­шалағаны жөн деген сөзін жеткізеді. Алғашында таңдан­ғандықтан үнсіз қалған Ілияс Омар­ұлы артынша өзінің ондай сатқындыққа бара алмай­тындығын айтады. Бір күннен кейін болған ҚКП ОК бюросында қазақ ұлтшылдығы сыналды. Сөз кезегі Ілияс Омаровқа келгенде ол өзінің Бекмахановты тарихи фактілерге адал да кәсіби тарихшы деп білетінін, ал оған кінә таққандардың жалған ғы­лыми ұғымдармен адасушылар деп пайымдайтынын айтады. Осыдан кейін бюрода нағыз у-шу болып, аяғы Омаровтың қыз­меттен кетуі туралы шешім қабылданады. Шын достар сыналып, күні үшін жүргендердің тайып кететін кезеңі жетіп, Ілағаң бір жыл үйде отырады. Тіпті қатаң қудалау шаралары да қабылдануы мүмкін еді. Осыны түсінген адал достары Мәскеуде Омаровты құрметтейтін ықпалды адамдармен кездесіп, мән-жайды түсіндіреді. Ал олар Микоян мен Суслов арқылы мәселені ушық­тырмай оң шешеді.

Омаровтың адамгершілігінің тағы бір көрінісі – кейін өзіне сырт бергендердің, оның ішінде бюрода партбилетін тапсыруды айтқан адамды кешіруі. Отбасындағылар мен жанашыр достары: «Неге, өзіңе жамандық жасаған адамның өзін кешіре бересің?» дегенде: «Адамдар – заманның құлы, ол емес, бұған осындай жүйенің өзі кінәлі. Барлығын халық көріп отыр. Ал жі­берген қателікті кеші­ру – ердің ісі», деп өзінің тағы да Ілияс Омаров екендігін танытқан. Енді оны Солтүстік Қазақстан обкомына бірінші хатшы етіп жібереді. Одан кейін ҚазКСР Министрлер Кеңесіне жұмысқа шақырылады. Бір жыл өткен соң Мемлекеттік жоспарлау комитеті басшысының орынбасары, кейін бірінші орынбасары болады.

І.Омаровтың Мемлекеттік жоспарлау комитетінде қызмет еткен кезі экономикадағы «косы­гиндік реформа» кезеңіне тұспа-тұс келді. Осы жылдардағы Ілекеңнің атқарған жұмысы туралы белгілі экономист Жарысбек Әбутәліпов «ол кісі еліміздегі экономикалық реформаның бас­тауында тұрып еді. Омаровтың бастамасымен экономикалық зерт­теу институты ашылып, ал орталық аппаратта жаңа жобалау әдістемелері бөлімі ашылды» деген екен. Сол жылдары Ілаға «Енді бір 20 жылдан кейін КСРО-ны ауыр экономикалық соққылар күтіп тұр. Ұзаққа созылатын осы экономикалық дағдарыс алып державаның болашағына қауіп төндірмек. Адамзаттың дамуы ортақ диалектикалық спиральға негізделген, ал Сталин осы спиральды зорлықпен түзеді. Бұл 20-30 жыл­дың ішіндегі қысқа мер­зім­ге ғана жүрмек, ал әрі қарай заң­­­­ды­лық өзін күштеп өзгертуге жол бер­мейді» деп айтқан болатын.

1967 жылы І. Омаров Мәдениет министрі болып бекітілгенде одақтық Бас Жоспарлау комитеті бастығының орынбасары, академик Николай Некрасов: «Осын­шалықты кәсіби экономист маманды қалайша мәдениет саласына жіберген?» деп кәдімгідей ренжіп, Д.Қонаевқа телефон шал­мақ болыпты. Сонда оны Ілияс ағаның өзі тоқтатып, «Бұған тек өзім кінәлімін, Қонаевқа мәдениет саласының жұмысын жақсарту мен реформалау жайында жиі ұсыныс жасаған едім» деп академикке басу айтыпты. Ал Ілияс Омаровтың Мәдениет министрі болған кезеңі қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін айтулы жылдар болды. Өнер мен мәдениет саласына жас толқын таланттар келе бастады. Осы жылдар ішінде қазақстандық өнер жұлдыздары шетелге үлкен шығармашылық сапарларға шықты. Қазақстанның барлық мәдени өмірінің бастауында Ілияс Омаров тұрды. Әсіресе, 1967 жылғы Монреальдағы ЭКСПО халықаралық көрмесінде көптеген адамды өзінің мінез-құлқымен таңғалдырды, онда ол бірде-бір шетелдік тілшіге сұхбат беруден бас тартпаған. Канаданың радиосында сөз сөйлеп, Кеңес-Канада достық қоғамының басшыларымен тілдескен, басқа одақтас республикалардың мәдениет министрлері барынша қашқан кездесулерден бас тартпаған.

Сол кездегі басшылық Ілияс Омаровтың көптеген әрекет­і мен айтқан пікірлеріне кеші­рім­мен қарады. Бұл жерде Дін­мұхамед Қонаевтың да, КСРО Мәдениет министрі Екатерина Фурцеваның да еңбегі болды деп болжауға болады. Бір күні Ғ.Мүсірепов Қо­наевпен кездес­кен кезде Ома­ровтың үстінен Орталық Коми­тетке хат жазған фанат ком­му­нистердің арыз-шағымына назар аудармағаны үшін алғысын білдірді. Қонаев Ілияс Омарұлы бірде-бір оғаш іс-әрекет жасамағанын және адам­гершілік пен моральға қайшы келетін бірде-бір сөз айтпағанын жеткізді. Ал хаттар толассыз келіп жатты. Ілияс Омаров Мәдениет министрі лауазымында жұмысқа кіріскен күні кабинетіне сол кез­дегі саясатқа сай Лениннің емес, «халық жауы» деп саналған және әлі ақталмаған Жүргеновтің портретін іліп қояды. Келушілерге ол: «Егер бұл адам болмаса, мен де осы лауазымда отырмас едім», деп жай ғана түсіндіреді. Бір күні Омаровқа Фурцева былай деп әзіл-шыны аралас ескерту жасайды: арыз-шағымдардың соншалықты көптігінен жақында КОКП ОК-де жеке «қазақ шағым хаттары бөлімі» ашылатынын айтады. 1970 жылдың шілдесінде Ілияс Омаров мезгілсіз өмірден озды, ол 58-ге де толмаған еді. Оны көрнекті мемлекет қайрат­кері ретінде соңғы сапарға шы­ғарып салды. Омаровты мәңгі есте қалдыру жөніндегі арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Бірақ ОК бюросының отырысында Алматының бір көшесі мен Қостанайдағы кең­шарды Ілияс Омаровтың есімімен атау ұсынысын барлығы бірдей қол­дамады. Бірақ 1992 жылы 80 жылдық мерейтойына орай Алматыдағы көше мен Қостанай облысындағы кеңшарға Ілияс Ома­ровтың есімі берілді. Ал 2000 жылы Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Қос­та­­най­дағы қазақ драма театры Ілияс Омаровтың есімімен аталды.

Мемлекет және қоғам қайрат­кері Ілияс Ома­ровтың артында қалдырған мол шығармашылық мұрасын зерт­теудің алғашқы қа­дамдары да жасалды. Оның 100 жылдығына орай 2012 жы­лы «Ілияс Омаровтың хаттары» кітабы жарыққа шықты. Жи­нақ­та жарияланған хаттардың ең ал­ғашқысы 1942 жылдың жел­тоқ­­санында жазылған болса, ең соң­ғысы өз замандастарына арнаған үндеу-хаты 1970 жылдың 16 шіл­десінде ауруханада, қайтыс б­олуына екі күн қалғанда жа­зыл­ған. Жазылған хаттардың гео­графиясы мен адресаттары қай­ран қалдырады. Ілияс Омаров дү­ниежүзілік даңқы бар жазушылармен, режиссерлермен, атақты ғалымдармен, Қазақстанның әй­гілі зиялы қауымымен, сондай-ақ қарапайым еңбек адамдарымен, тіпті балалармен хат жазысқан екен. Ал енді бұл хаттардың маз­мұнымен танысқанда, асқақ рух пен ақылдың күшіне, теңіздей терең білімді жоғары лауазымдағы қызметкердің соншалықты қара­пайымдылығына таңғаласыз. Ұлтын жанындай жақсы көрген, елім деп еміренген, өзінің «орын­­тағының жайын» емес, халқы­ның өнері мен мәдениетінің өркендеуін көксеп аянбай еңбек еткен нағыз нар тұлғаның бей­несін көреміз. Көреміз де, көңілге медеу тұтамыз. Мына жалған баянсыз дүниеден өзінің баянды басты мақсатын таба білген Ілияс Омаровтың өмірлік ұстанымы да – халқына адал қызмет ету болған еді.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ