Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 621, 54-81-20, 54-08-30 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Көршіден көмек

Қостанай қаласына Ресей Федерациясының гуманитарлық көмегі келді. Гуманитарлық көмекті қостанайлық үкіметтік емес ұйымдар қарсы алды. «ГрИн» Қостанай облыстық азаматтар альянсы» қоғамдық қорының төрайымы Динара Өтебаеваның айтуынша, көршілер көмегін «Урал-Евразия» сарапшылар клубы ұйымдастырған.

«Біздің облыстың волонтерлері көршілердің көмегін қарсы алды. Медициналық қорғаныш құралдары, маскалар, қолғаптар, антисептиктер зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға тапсырылады. Оларға термометрлер, тонометрлер, «Парацетамол» дәрісі мен дәрумендер жиынтығы жеткізіледі. Сонымен қатар, гуманитарлық көмек өңірдің волонтер жастарына да беріледі. «DamU.kst» жастар ұйымы, «Тұмар» және «Жанашар бол» қоғамдық қорларының еріктілеріне алғыс айтамын. Олар гуманитарлық көмекті көліктерден түсіруге көмектесті», — дейді Динара Өтебаева.

Ресейден келген көмек енді Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына жол тартады. Ресей азаматтық секторының өкілдері шілде айында Қазақстан өңірлеріне шамамен 8,5 млн теңгеге гуманитарлық көмек жіберген.

Сондай-ақ, Қостанай облысына Ресеймен қатар, Қытайдан да гуманитарлық көмек келді. Мамандар дәрі-дәрмектер мен қорғаныш құралдарын емханаларға бөлді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы дәрілік саясат және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді үйлестіру бөлімінің басшысы Гүлнар Оспанова атап өткендей, мамандар шет елдерден келген гуманитарлық көмекті қабылдап, тексеріп алды. Ең бастысы КВИ-мен күресте қолданылатын «Фавипиравир» емдеу препараты келді. Бұл дәрі Қазақстанға бірінші рет әкелініп отыр.

20 тонна дәрі-дәрмек облыс орталығындағы «Іңкәр» серіктестігіне тапсырылды. Қазір серіктестік қоймасында аса зәру дәрінің 23 түрі бар. Мәселен, мұнда бір ғана парацетамолдың 35 мың қаптамасы тұр. Цефтриаксон, азитромицин, левофлоксацин, новокаин, антигриппин, анальгин, зитмак, кардиомагнил, ксарелто сияқты дәрілер кешеден бері дәріханаларға таратылып жатыр.

Жалпы, Қостанай облысында 281 дәріхана бар. Бүгіннен бастап соның бәріне жедел түрде дәрі жеткізіліп жатыр. Ең бірінші кезекте облыс орталығынан шалғай орналасқан Арқалық, Амангелді, Жангелді, Жітіқара аудандарын әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмекпен қамту міндеті тұр. Жаңа келіп түскен дәрілердің бағасы мамандардың бақылауында. Облыста COVID-19 вирусын анықтайтын 5 зертхана жұмыс істеуде.

Бүгінде «Ұлттық сараптама орталығы» филиалында 3 зертхана және «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасы үздіксіз жұмыс істеуде. 1 зертхана 29 млн теңге демеуші қаражатының есебінен сатылып алынғанын айта кеткен жөн. Бүгінге дейін жалпы саны 46 мыңға жуық зерттеу жұмыстарын жүргізген бұл зертханаларда тәулігіне 2 мыңға дейін талдау жасалады.

Індетке қарсы жүзеге асырылып жатқан кешенді іс-шаралар барысында аймақтағы емдеу мекемелерінде науқастарға арналған 1668 төсек-орын қойылды. Оның 584-і короновирус індеті нақты анықталған науқастарға арналған. Бұл төсек-орындарда қазір 260 адам жатыр, қалғаны бос тұр. Сондай-ақ, індет белгілері бар адамдарды оқшаулау үшін 1084 провизорлық төсек-орын дайындалды.

Сонымен қатар, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов коронавирустық инфекцияға қарсы күресте көмектесіп жатқан жеке компаниялар мен кәсіпкерлерге алғыс айтты

Архимед Мұхамбетов медициналық құрал-жабдықтарды жеке қаражатына сатып алып жатқан компаниялардың еңбегін атап өтті. Оның айтуынша, «Полиметалл» компаниясы COVID-19-ға қарсы күресте тұрақты негізде демеушілік көмек көрсетіп келеді.

«Облыстың медициналық ұйымдары үшін компания қаражаты есебінен жеке қорғаныш құралдары, пульсоксиометрлер, оттегі концентраторлары, ұйымдастыру техникасы және т. б. сатып алынды. Жақында Жітіқара аудандық ауруханасы үшін 9 млн теңгеден астам сомаға 100 пульсоксиметрлер мен 10 оттегі концентраторы жөнелтілді. Сондай-ақ, келесі аптада 20 млн теңгеге медициналық жабдықтар жеткізілетін болады. Сонымен қатар, мамыр айында компания қаражаты есебінен ПТР-тестілеуді өткізу үшін құны 20 млн теңге болатын зертханалық жабдықтар сатып алынды. Компания басшылығна КВИ-мен күреске уақытылы және қажетті көмек көрсеткені үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді», — деп жазды аймақ басшысы әлеуметтік желіде.

Өңір басшысы тұрғындарға қауіпсіздік шараларына ұқыпты болуға және локдаун тәртібі кезінде үйден шықпауға шақырды.

Тағы айта кететін айжт, Қостанай қаласының емханалары оттегі толтырылған баллондарды, дәрі-дәрмек өнімдерін тасу жұмыстарына адам қажет екенін айтып, әлеуметтік желілерге жазба қалдырған. 11 шілдеден бастап Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшылығы тиісті көмек көрсету үшін қала еріктілерінің жиынын ұйымдастырды.

«Осынау қиын шақта бірлік танытуымыз қажет. Сонда ғана қауіпті індетті жеңеміз. Қазір вируспен күресте дәрігерлердің алдыңғы шепте жүргені мәлім. Сол себепті біздің басқарма облыс тұрғындарына үндеу жариялап, көмектесуге шақырды. Бұл үндеуге әртүрлі жастағы, түрлі кәсіп өкілдері үн қатты. Мәселен, бірінші күннен бастап мәдениет қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, студенттер, өрт сөндірушілер бізбен бірге. Қазір оттегі баллондарын емханаларға жеткізу жұмыстарымен айналысып жүрміз. Бүгін өңірдегі су тасушы компания хабарласып, ауызсу жеткізуге көмектесетінін айтты. Мұндай жұмыстар жалғасады», — деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Саят Шаймұрынов.

Волонтерлер жұмыс таңдап жатқан жоқ. Күнде шамамен 10-15 адам «қара» жұмыста жүр. Солардың бірі – кәсіпкер Нұржан Сәрінжіпов.

«Біз достарымызбен көмек көрсетуге келдік. Қазір қалалық аурухананың базасында тапсырылған шаруаларға қол ұшын созып жатырмыз. Қолымыз қалт еткенде медицина қызметкерлеріне көмектесуге уәде еттік. Әкімдік, я болмаса, аурухана басшылығының нұсқауы болған емес. Әлеуметтік желілерден еріктілердің ұсынысын көріп, қабыл алдық. Бір кислород баллоны бір науқасқа тезірек жетсе деген тілек қана. Таңғы 9-дан бастап осында жүрміз. Қолдан келгенше көмекті аямаймыз», — дейді кәсіпкер Нұржан Сәрінжіпов.

Волонтерлер бүгін кешке дейін қалалық провизорлық стационарда оттегі толтырылған баллондарды түсірмек.