Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жағдай тұрақталып келеді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында елдегі эпидемиялық ахуал және коронавирус инфекциясымен күрес шаралары қаралды. Тақырып бойынша Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың баяндамасы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Маңғыстау, Қостанай облыстары әкімдерінің есептері тыңдалды.

А.Цойдың айтуынша, 5 шілдеде қатаң карантиндік шектеу шаралары енгізілгеннен бергі 3 апта ішінде вирус жұқтырған 35 951 науқас тіркелді. Жалпы, вирус жұқтыру көрсеткіші 29%-ға төмендеді. «COVID-19-бен ауыру жағдайы орта есеппен тәулігіне 1600 адам деңгейінде. Сауығып кеткендердің үлесі 63%-ға дейін өсті. Осылайша, денсаулық сақтау жүйесіне жүктеменің негізгі көрсеткіштері төмендеуіне қол жеткізілді», деді министр.

Инфекцияның репродуктивтік көрсеткіші 1,2%-дан 0,99%-ға дейін, төсектік орындардың қамтылу пайызы 90%-дан 47%-ға дейін төмендеді. Яғни денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің негізгі көрсеткіштерінің жоғарыда көрсетілген оң серпіні карантиндік шараларды кезең-кезеңмен азайту мүмкіндігі бар екенін көрсетіп отыр.

«COVID-19-дан сырқаттану мен өлім-жітім жағдайын одан әрі тұрақтандыру экономиканың барлық секторларының үйлесімді жұмысына байланысты екенін ерекше атап өткім келеді. Қабылданатын тұрақтандыру шараларының тиімділігі тек 30%-ға медициналық көмек пен эпидемиялық іс-шаралардың сапасына байланысты», деген ведомство басшысы қалған 70%-ы маска режімі мен жеке гигиенаны сақтауға (30%), әлеуметтік қашықтық нормаларын сақтауға (40%) байланысты екенін жеткізді.

Министр айтқандай, барлық қазақстандық қоғамға коронавирус емес, қауіпсіздік пен салауатты әдеттер «жұқпалы» болуы үшін барлық шараларды қабылдауы қажет.

«Үйден тыс жерлерде маска кию инфекцияның таралуын 30%-ға азайтады. Инфекцияның таралуында қол гигиенасы ерекше рөл атқарады», деді А.Цой.

Осыған байланысты мемлекеттік мекемелер мен жұмыс берушілерді, басқа да ұйымдарды тарта отырып, маска режімін сақтау жауапкершілігін күшейту, барлық қоғамдық орындарда санитайзерлер орнатуды қамтамасыз ету, барлық ақпараттық арналар арқылы халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек.

Күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режімді сақтау, маска тағу және әлеуметтік ара қашықтықты сақтау арқылы бір апта ішінде төсектік орындардың қамтылу көрсеткіші 70%-дан азайып, өлім-жітім деңгейі төмендеген кезде уақыты мен күндері бойынша шектеулер сақтала отырып мынадай инфрақұрылымдық объектілердің қызметіне рұқсат етіледі: сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері, жабық азық-түлік, азық-түліктік емес базарлар, балаларға арналған түзету кабинеттері, білім беру орталықтары, балаларды дамыту орталықтары, әр топта 5 адамнан аспайтын үйірмелер, кезекші топтар режіміндегі мектепке дейінгі балалар мекемелері, сұлулық салондары, шаштараздар, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар мен салондар.

Сонымен қатар қашықтан жұмыс істеу формасы мемлекеттік органдардың (ұйымдардың) қызметкерлері мен кеңсе қызметкерлерінің кемінде 80%-ы үшін сақталуға тиіс. Денсаулық сақтау министрі әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, ашық ауада жеке және топтық жаттығулар жасауға рұқсат етілетінін атап өтті. Сондай-ақ ұлттық құрамалар үшін 30 адамнан аспайтын құраммен спорттық жаттығулар жасауға болады. Халықтың жүріп-тұруына қатысты мынадай талаптар сақталады: көшеде жүру, саябаққа, скверге және жағалауға бару – 3 адамнан аспауы тиіс; қоғамдық көліктерде маска тағу, санитарлық-дезинфекциялық режімді сақтау, кондуктордың болуы міндеттеледі.

Қоғамдық көліктердің жұмысында уақыт бойынша шектеу, жолаушылардың 50%-дан аспауы сынды ережелер де сақталады. Сонымен қатар: көпшіліктің қатысуымен өтетін іс-шаралардың барлық түрлеріне, ойын-сауық мекемелерінің, кинотеатрлардың, фудкорттардың, банкет залдарының жұмысына; мейрамханалар, барлар, түнгі және ойын клубтарының жұмысына; мәдениет нысандарының, музейлердің жұмысына, конференциялар, көрмелер, форумдар өткізуге; спортзалдардың, фитнес-орталықтардың, бассейндердің, аквапарк жағажайларының жұмысына; діни нысандар жұмысына; қала маңындағы жолаушылар пойыздарының (жұмыс пойыздарынан басқа) қозғалысына, ортақ вагондардың, қалааралық автобустардың (шағын автобустар) рейстеріне тыйым салынады.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 5 шілдеде күшейтілген шараларды енгізу дұрыс шешім болғанын атап өтті. Алматыдағы эпидемиялық жағдай кешенді түрде тұрақтанды. Мегаполистегі коронавирус жұқтырғандардың өсімі 2,2%-ға дейін төмендеді. Қазіргі таңда қалада COVID-19 жұқтырған 10 965 адам тіркелген. 6 341 адам немесе 60%-ы емделіп шыққан. Коронавирустан қайтыс болғандар саны – 73 адам (0,68%). Пневмония және COVID-19 жұқтырды деген күдікпен жедел жәрдем шақыру саны 4 есеге азайды. Стационарларға жатқызылған адамдар саны 2 еседен астам төмендеді.