Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тұлғадан үлгі алдық па?

Абай мұрасы сөрелерде тұратын кітап немесе әдебиетші, тіл мамандары, өнертанушылар, философ, ғалымдар шұғылданатын ғылым саласы ғана емес. Ол қарапайым тұрмыс-тіршілігімізден бастап, өмірімізді түгел қамтитын ауқымды кеңістік.

Өзіміз байқамасақ та, қоғамның қай саласы болмасын, біз Абай айтқан мәселелермен күн сайын бетпе-бет келеміз. Ондай жағдайлар журналистикада да кездесіп жатады. Хәкім «Келдік талай жерге енді» атты өлеңінде: Адам деген даңқым бар, Адам қылмас халқым бар. Өтірік пен өсекке, Бәйге атындай аңқылдар, — деп күйінеді.

Қазір заман өзгерді, Абайды күңіренткен қараңғы дәуір артта қалды. Елдің бәрі сауатты, көзі ашық. Газет, телеарна, радионы тұтынбайтын адам жоқ. Заман дамып, дәстүрлі ақпарат құралдарымен бірге әлеуметтік желілер де кең қолданысқа енді. Бірақ, бір-бір парақша ашып алып, ақпараттың ақ-қарасын айырмай, «бәйге атындай аңқылдап» жүрген ағайынды көріп, «Абай заманынан озғанымыз қайсы?» деп ойланасың…

Иә, біз Абай туралы көп айтамыз, тамсанамыз, тәнті боламыз, бірақ, бұл аздық етеді… Енді таңғалуды доғарып, тағылымын тұтыну керек… Кемеңгер «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» — бес дұшпаның осы деп көрсетіп берсе де, біз одан қаша алдық па? Жеке өз басым әлгі кеселдерден алыстай алдым деп аса сеніммен айта алмас едім. Ал, қоғам ше? Өсек, өтірік әзір тиылады дегенге илану қиын. Тұтқиылдан тиген індет бүйірден қысқасын ба, «әлемге таныламыз» деген мемлекеттік деңгейдегі мақтаншақ, мал шашпақ «мақсаттарымызды» шектеп жатырмыз. Егер данышпанның ақылына ерте ден қойғанда, қаншама ысыраптың жолы кесілер еді?… Былтыр облыстық арнадағы «Ел мүддесі» хабарының бір санын хәкімнің тағылымына арнадым.

Сонда келген дін өкілдері төрт құбыласы сай, өз заманының дәулетті адамы Абайдың әкесі Құнанбайға ас бергізбегенін айтты. Мұны «Абай жолынан» да оқыдық қой. Әйтсе де, мән бермеген екенмін. Әрине, Құнанбай ұрпағының ұлы жіңгір жиын өткізуге дәулеті жетпей қалған жоқ. Олар тек ас ішіп, аяқ босатумен ғана тынатын бір күндік ысырапқа қарсы болды. Қазір шамалы дәулет бітсе, аста төк ас беріп ат шығаруға ұмтылғандар көп. Абайдан үлгі алғанымыз осы ма? Жақында «Абай жолының» ІІ томын қайталап оқып шықтым. Бұрын аңғармаған мың сан қатпарын көріп, таң тамаша болдым.

«Абай орыс отаршылдарына қарсы шыққан жоқ» дегендерге оқуға кеңес берем. Әрине, аржағында ақиқаты жатпаса, Әуезов ойдан қоспасы белгілі. Жазушы классиктерді оқып рухани биіктеген, күрескер, қайраткер Абайды көрсетеді. Абай ұлыларды оқып өзгерді. Біз Абайды оқып өзгердік пе? Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы» деді. Бұған толық келісем. Өз-өзін танымай оқу, тотықұстың «тоқығаны» тәрізді, «онда ми жоқ, құлақ бардың» кері болмақ. 175 жылдығында ел болып Абайдың бір өсиетін орындасақ, хәкімнің алдындағы бір парызымыздың орындалғаны. Онсыз құр қайталау, алаулатып-жалаулатып іс-шара өткізу бос әурешілік…

Абылай МАУДАНОВ, «QOSTANAI» телеарнасы директорының орынбасары