Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Құнды жәдігер табылды

Қостанайдағы Ішкі істер министрлігіне қарасты Шырақбек Қабылбаев атындағы академияның қызметкері Мырзабек Тұйғанов таяуда ғана атасынан қалған кітаптар қорын ақтарып отырып, Абай Құнанбайұлының 1939 жылы Сәбит Мұқановтың алғы сөзімен латын қарпінде шыққан кітабын тауып алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Күтпеген жерден үлкен олжаға кенелген қызметкер көне кітапты жұмыс орнына құшақтап барып, әріптестеріне көрсетеді. Ұжым болып танысып, қарап шыққан әріптестері: «Өте құнды, сирек кездесетін кітап екен. Мұны академия бастығына көрсетейік» деген ұсыныс тастайды. Осылайша киелі кітап басшылықтың қолына тиеді.

Кітапты парақтап қарап шыққан академия басшысы Нұрлан Биекенов: «Бұл шынында да жақсы кітап екен ғой. Мұндай кітаптар көп кездесе бермейді. Сирек құндылықтың бірі екен. Мұны курсанттарымызға таныстырайық. Олар да көрсін, оқысын. Кішігірім тұсаукесерін өткізейік. Бұл данышпан Абайдың еңбегі ғой. Абайдың еңбегі бүкіл халыққа ортақ. Сондықтан бұл кітаптың бір үйде немесе бір оқу орнында қалып қойғаны жарамас. Одан да мұны облыстық кітапханаға тарту етсек қалай болады?» деген ақыл қосады. Мырзабек сәл ойланып тұрып, – Мұныңыз жөн екен, – деп көне кітапты оқу орнының мұражайына уақытша сақтауға тапсырады.

– Бұл кітаптың бір құндылығы алғы сөзін Сәбит Мұқанов жазған екен. Ол да латын қарпінде. Жинақ негізінде екі томдық. Оның бірінші томы – бізде табылған кітап. Екінші томы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың алғы сөзімен шыққан. Ол кітап, әзірше, қолда жоқ. Табылған кітаптың сапасы реставрация жасауды қажет етеді. Сырты көк түсті жұқа матамен қапталған. Мұқабалары ажырап, тозыңқырап қалған. Бірақ қаріптері оқуға келеді. Жыртылған беттері бар. Басы 19-шы беттен басталады. Соңы 272-ші беттен біткен. Жалпы жинаққа енген өлеңдер мен поэмалар толық сақталған. Алғы сөзінен біраз бет, одан кейін кітап соңындағы түсініктемелерден біраз бет жоқ. Енді осы жоқ беттерін іздеп тауып, толықтырып, кітаптың көшірмесін жасап, өзімізге қалдырып, түпнұсқасын облыстық кітапханаға тапсырамыз ба деген ойымыз бар, – деді академияның ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бастығы  Құрбанәлі Елмұратов.

Тағы бір айта кететін нәрсе, Мырзабек Тұйғановтың атасы көзі ашық, көкірегі ояу,  өте білімпаз,  адам болса керек.  Ол кісі бұған дейін де қазақ шежіресін жазған кісі екен. Оны белгілі ақын Ақылбек Шаяхметұлы жеке кітап етіп бастырып шығарып беріпті.

Жоғарғы оқу орны қызметкерлерінің айтуынша, жаңа табылған Абайдың көне кітабы облыстық кітапхана қорында жоқ. Құнды кітапқа ұлы ақынның өлеңдері мен «Ескендір», «Әзім әңгімесі», «Масғұт» поэмалары енген.  Осы аптаның соңына таман академияда «Тіл апталығы» өтеді. Ш.Қабылбаев атындағы білім ордасы сол апталықтың аясында Абай кітабының тұсаукесерін де өткізуді жоспарлап отыр. Одан кейін құнды кітап облыстық кітапханаға тарту етілмек.