Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тарихтан тағылым

Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасы мен Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Алтын Орда – 750 жыл: тарих, әдіснама және қазіргі заманғы мәні» атты ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өткізді, деп хабарлайды «Қостанай таңы».

Конференцияның мақсаты – Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын және оның қазіргі заманғы өркениеттің дамуына ықпалын насихаттау. Әлемдік мәдени мұраның ажырамас бөлігі ретінде Қазақстан Республикасының тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталуын және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету. Қазақ даласында орта ғасырларда құрылған ірі мемлекет Жошы Ұлысының — Алтын Орданың тарихын таныстыру арқылы біздің тарихымыздың тереңде жатқандығын көрсету.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен конференция жұмысына еліміздің жоғары оқу орындарының ғалымдары, зерттеушілер, археологтар және музей қызметкерлері қатысты. Конференция модераторы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов Алтын Орданың 750 жылдығына арналған конференция Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанын баса айтты.

-Облысымызда маңызды шара өтуде. Әлбетте, Алтын Орда тарихы біздің тарихымыздың ажырамас әрі маңызды кезеңі. Сондықтан оны тәуелсіз мемлекеттің тұғырынан қарап, қалыптасқан біржақты көзқарастан арылып, әділ тарихи бағасын беру уақыт жүктеп отырған ауқымды міндет. Конференцияда сөз сөйлеген ғалымдар қолда бар ауызша және жазбаша, археологиялық деректерді ұтымды пайдалана отырып, Алтын Орда тарихының елеусіз жатқан тұстарына ерекше назар аударды. «Алтын Орда тарихына, Қазақ елінің тарихына тереңірек үңілетін уақыт туды. Жазбаша деректердегі мәліметтер, тарихи дәйектер мен деректер біз үшін өте маңызды, — деп ортағасырлық Алтын Орда мемлекеті мен тәуелсіз мемлекеттің арасындағы алтын көпірді жалғап, тарих тұрғысынан маңызды мәліметтермен бөліскен тарихшыларға алғысын айтып, осы тақырып болашақта да зерттеу жұмыстарының негізі болатынына сенім білдірді.

Конференция жұмысында Қазақ даласында осыдан сегіз ғасыр бұрын құрылған алып мемлекет Алтын Орданың өмір сүру кезеңін жан-жақты қарастырған, саяси және әлеуметтік-экономикалық тарихына, оның қалдырған мол мұрасын зерттеуге, насихаттауға, әскери өнеріне, Алтын Орда мен Қазақ хандығының тікелей мұрагерлік тарихы мен байланысына қатысты, Жошы ұлысы кезеңінен жеткен фольклорлық туындылар, өз заманында жақсы дамыған экономикалық орталыққа айналған ортағасырлық қалалар жөніндемазмұнды баяндамалар жасалды.

Сондай-ақ Алтын Орда тарихы бойынша ортағасырлық араб және парсы тарихшыларының еңбектеріндегі құнды мәліметтер мен қазіргі қазақ даласындағы сол кезеңнің ескерткіштері туралы да сөз қозғалды. Онлайн форматта ғалымдар ғылыми зерттеулері бойынша өзара пікір алмасты. Осындай конференциялар өткен тарихымызды жете танып, зерделеуге, Алтын Ордадан бастау алған қазақ хандығының тарихын тереңнен білуге жол ашады.