Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 (New) kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Театр музейі ашылды

Қостанайдағы Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Театр төріндегі мерекелік шараға мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, аталмыш сала ардагерлері мен өнер ұжымдары қатысты.

Театр мерейтойына орай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыстық қазақ драма театрының жетекші актері Қонысбек Бекайдаровты  төл мерекесімен құттықтап, өңірлік театрдың бүгінгі аяқ алысы жайлы сұрадық.

– Бүгінде біздің театр ұжымы тың ізденіс үстінде. Нәтижесін халық, театрымыздың тұрақты көрермендері көріп, біліп отыр. Театр сахнасы – киелі орын. Кейде сол киелі сахнаға кәсіби актерлер жетіспей жатады. Қазір елордадағы Өнер университеті, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер университетінен бітірген балалардың көбі облыс орталықтарына келе қоймайды. Шалғай дейді, дені Алматы мен Нұр-Сұлтанда қалғысы келеді. Біздің кезімізде тәжірибе алу үшін облыс орталықтарына баруға құлшынып тұратынбыз. Дегенмен қазір облыстық қазақ драма театрында еңбек етіп жүрген жастардың беталысы жаман емес. Тың ізденістері көп. Жет­пей жатқан жерлері болса, ақыл-кеңесімізді беріп отырамыз» – деді театр саңлағы.

Мереке барысында сахна өнерінің дамуына үлес қосып жүрген театр қызметкерлері марапатталды. Киелі театр төрінде талай тағдырлы рөлдерді сомдап, көпшілік сүйіспен­шілігіне бөленіп жүрген сахна саңлақтарымен қоса, әдетте көрермен байқай бермейтін театр қызметкерлері – костюмер, гример, инженерлер облыс әкімінің, мәдениет басқар­масының, Nur Otan партиясы мен Қазақстан халық ассамблеясының мадақ дипломдарымен, алғыс хаттарымен марапатталып, құшақтары гүлге толды.

Биыл пандемияға байланысты мәдениет ордасының қан­шама жоспары іске аспай жатыр. Бірақ соған қарамастан, әртістер жазғы уақытта табиғат аясына шығып, онлайн форматта Абай өлеңдерін, қара сөздерін, спектакльдердің үзінділерін сахналады. Жиырма жылдық мерейтой күні театр өз мұражайын, шайхана залын ашып отыр. Бұл – Әлімхан Мырзахан басқаратын тұтас ұжымның өткен тарихы ғана емес, көрерменнің жүрегінде қалған талай құнды мұра екені анық. Мұражай төрінде Ілияс Омаровтың портреті, қайраткердің жұмыс орнынан бастап, өнер ұжымында іргесі қаланғаннан бергі еңбек еткен азаматтардың жеке заттары, суреттер, белгілі тұлғалар сыйға тартқан дүниелер, этнографиялық заттар және басқа да көз тартар дүниелер қойылған. Бұл музей қарашаңырақтың шежіресінен сыр шертіп тұратын тарихи мүйіске айналмақ.