Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қауіпсіздік қаперде болған жөн

Қостанай облысына ВАК төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен келді. Вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізіп, жергілікті мемлекеттік органдар басшылығының қабылданып жатқан шаралар туралы есебін тыңдады.

Ералы Тоғжанов биылғы қараша айынан бастап өңірде COVID-19 фактілерінің едәуір өсуі тіркелгенін атап өтті. Қостанай қаласында, Жітіқара, Қарабалық аудандарында эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру қажеттілігіне ерекше назар аударды.

Вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысының әлсіздігін атап өтіп. Денсаулық сақтау министрлігі ұсыныстарының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ облыстың кейбір қалалары мен аудандарында ПТР-тестілеудің болмауын ескере отырып, бұл қызметтің облыс тұрғындары үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуді жедел шешуді тапсырды.

Еске салсақ, кеше ведомствоаралық комиссияның келісімі бойынша Қостанай облысында 9 қарашадан бастап санитарлық режимді қатаңдату жөнінде бірқатар шара қабылданған болатын. Сонымен қатар, ВАК облыс әкімдігіне қосымша шектеу шараларын қабылдауды, соның ішінде Қостанай – Қарағанды, Қостанай — Алматы бағыттары бойынша темір жол тасымалдарын аптасына 7-ден 3 ретке дейін қысқартуды және облыс ішінде жолаушылар темір жол құрамдарын тоқтатуға тыйым салуды (облыс әкімдігі айқындайтын орындарды қоспағанда) тапсырды.

Сондай-ақ, өңір басшылығына карантиндік режимді сақтау бойынша мониторингілік топтардың қызметін күшейту, сондай-ақ тұрғындар арасында карантиндік режимді мүлтіксіз сақтау қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары медициналық нысандарда, атап айтқанда Облыстық ауруханада, медициналық маскалар өндіруші кәсіпорында және дәрі қоймаларында болып, өңірдің коронавирустық инфекцияның ықтимал толқынына дайындығын тексерді. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай Үкіметтің тұрақты бақылауында.