Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тәртіп, Жағдай басшылар бақылауында

Қостанай облысында карантин шаралары қайта күшейді. Бүгін өңірде 12 санитарлық бекет орнатылған. Бекеттердің алғашқы жұмыс күнін өңір басшылары бақылап қайтты.

Санитарлық бекет орнатылған аумақтарға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы барды. Оның айтуынша, соңғы күндері облыста эпидемиологиялық ахуал күрделене түсті. Осыған байланысты covid-19 ауруының одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында облыстық жедел штаб 9 қарашадан бастап 2 апта мерзімге карантин шараларын қатаңдату туралы шешім қабылдады.

Облыстық полиция департаменті бастығы полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетов өңір басшысын сақтық шаралармен таныстырды.

9 қараша сағат 00.00-ден бастап өңірде 12 санитарлық бекет жұмысын бастады. 4 санитарлық бекет Қостанай облысының мемлекеттік шекарасында, тағы 4-еуі Қостанай қаласының периметрі бойынша қойылады. Қостанай ауданында – 4, Жітіқара ауданында –1 санитарлық бекет қойылды.

Әр санитарлық бекетте адамдардың, сондай-ақ көлік құралдарының кіруі мен шығуын бақыланады. Медицина қызметкерлері бекеттен өткен тұрғындардың дене температурасын тексереді. Архимед Мұхамбетов полиция мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына сақтық шараларын мүлтіксіз қадағалауды тапсырды. Қазір облыстағы 12 санитарлық бекетте 94 қызметкер кезекшілік атқарады, олар қажетті қорғаныс құралдарымен жабдықталған.

Айта кетейік, Қостанай облысында шектеу шараларына қарамастан той жасағандар әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы Қостанай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметіне сүйенсек, өткен екі күн ішінде облыста карантин режимі 232 рет бұзылған. Шектеулерге қарамастан, аймақ тұрғындары туған күндер, үйлену тойлары мен еске алу кештерін өткізіп келеді.

«Қостанай қаласында отбасылық мерекелер, сондай-ақ еске алу іс-шараларын өткізу фактілері анықталды. Мысалы, «Еуразия» мейрамханасындағы үйлену тойына 50-ден астам адам қатысса, «Диярда» дәмханасында еске алу түскі асы өткен. Сондай-ақ облыс орталығында 35 адамның қатысуымен құдалық тойы ұйымдастырылды. Бұған қоса коттедждерде туған күндер мен қыз ұзату рәсімдерін өткізгендер анықталды. Облыстың бас санитар дәрігердің бұйрығымен тыйым салынған дәмханаларда 30-дан астам келуші тіркелді. Түнгі уақытта жұмыс істеген екі саунаның басшысы жауапқа тартылды», делінген полицияның ақпаратында.

Полиция департаменті карантин режимін бұзған барлық облыс тұрғындары әкімшілік жауапқа тартылатынын еске салады.

Осыған орай Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов карантин режимін сақтау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды.