Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 (OLD) kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Оқушыларға компьютер тапсырылды

Жаңа оқу жылының алғашқы тоқсаны да аяқталып, оқушылар қарашаның 5-інен 14-іне дейін онкүндік демалысқа шықты. Бірінші тоқсанда Қостанай облысындағы 337 мектепте 22 мыңнан аса бала сыныпта білім алды. Бұған қоса ата-аналардың өтініші бойынша 157 мектепте 15 балаға дейінгі кезекші топтар жұмыс істеді. Ал қалған 63 мың оқушы «Күнделік», «Onlinemektep», «Еdupage», «Zoom» платформалары бойынша қашықтан оқыды.

Қашықтан оқыту кезінде білім сапасын қамтамасыз ету мақ­сатында облыстың білім бас­қармасы жергілікті бюджеттен және үкімет резервінен бөлін­ген 3,8 млрд теңгеге 21 мың компьютер сатып алып, техникалық құ­ралға зәру болып отырған оқу­шылардың қолына уақытша ұстатты.

Басқарма бас­шысы Зәу­ре Байменованың айтуынша, биылғы оқу үдерісі барысын­да оқушылар жалпы саны 50 мың­нан аса компьютер пайдаланып отыр. Мұның сыртында таяу­да ғана облыс әкімдігінің ақ­параттандыру және білім сапасын бағалау орталығының мамандары 870 ноутбук қабылдап алып, тексерістен өткізді. Бұл тех­никалық құралдар осы апта ішінде алдын ала жасалған мұқ­таж балалардың тізіміне енген оқушылардың қолына табысталады.

Бірінші тоқсанда кезекші топтардағы негізгі пәндерді бір мұ­ғалім жүргізіп отырды, ал қазақ тілі, орыс тілі, әдебиет, ағыл­шын тілі, дене шынықтыру, көр­кем еңбек, музыка сабақтары қашықтан ұйымдастырылды. Жалпы, кезекші сыныптардағы оқушылар екі топқа бөлініп оқыды. Бұл жағдайда мұғалімдер жүктемесі де екі есе артатыны белгілі. Басқарма мәліметінше, қосымша жұмыс істеген әр мұ­ғалімге нақты неше сағат жүктеме орындағанына байланысты жер­гілікті және республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен қосымша еңбекақы төленген.

Аймақта штаттық режім­де ж­ұ­мыс істеп жатқан мектеп­тер­дегі санитарлық талаптар­дың сақталуы – қатаң қада­ға­лауда. Санитарлық тазалықты қам­та­масыз ету үшін облыстық бюджеттен білім беру меке­мелеріне жеке қорғаныс құрал­да­ры мен дезинфекциялау құрал­дарын сатып алу үшін 30,5 млн теңге бөлінген.

– Балалардың өмірі мен ден­саулы­ғын сақтау мақсатында мектептерде санитарлық қауіп­сіз­дік шаралары жүр­гізілді. Мек­тепке кіріп-шығу, сынып пар­таларында отырып білім алу талаптары күшейтіліп, оны бұл­­жымай орындау барысы күн­делікті қадағалауға алынды. Бі­­рінші тоқсанда күн сайын әр мектептің кіреберісінде медицина қызметкерлері кезекшілік етті. Олар қыз­меткерлер мен оқушы­ларды термо­метрмен тексеріп, қол­дарын, аяқ киім­дерінің табанын дезин­фекциялап, фильтрден өткізіп барып қана мектепке кіргізіп отырды. Облыста қосымша дезинфекциялау құрал­дарын, яғни санитайзерлер, аяқ­киімге арналған дезинфекциялау кілемшелері, термометрлер, ауа рецир­куляторлары, кварц шамдары, антисептиктер мен деохлор сатып алу үшін тағы 206,5 млн теңге қаражат бөлініп отыр, – деді білім басқармасының басшысы.

Оқу жылы басталғалы, әсіресе, ақпараттық платформалардың қызметі күшейіп, оны пайда­лану­шылардың саны еселеп арт­қан. Мәселен, бүгінге дейін «Onlinemektep», «Еdupage», «Zoom» сияқты бі­лім беру платформаларына 361 мың­нан аса мұғалім, 2,5 млн-ның үс­тінде оқушы кіріп, пайдалану­шы­лардың жалпы саны 2,9 млн-ға дейін жеткен.

– 30 мыңнан аса сабақ осы бі­лім беру платформалары арқылы ұйым­дастырылып, 12 мыңнан аса сабақ синхронды, 18 мыңға жуық сабақ асин­хронды түрде өтті. Білім беру плат­формаларының бір ерекшелігі, мұнда мұға­лімдерге сабақты видеоконференция түрін­де онлайн режімде өткізу­ге, онлайн-чат арқылы сынып­пен бірге бір уақыт ішінде жұ­мыс істеуге, үй тапсырмаларын онлайн түрінде тексеруге мүм­кін­дік қарастырылған. Ал асинхронды режімде мұғалімдер өз сабақ­тарын береді. Оны шә­кірт­­тер қалаған уақытта қа­рап, меңгере алады. Сондай-ақ ұс­­таздар балалардың оқу ал­го­рит­мін сипаттайтын маршрут парақшаларын жасайды. Аталған платформаларда оқу­шылардың білімін бағалау, сы­ныптың сабақ үлгеріміне мониториг жасау, өтілген тараудан алған білім мен тоқсандық бі­лімді қорытындылау мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар оқушы аталмыш платформалар ар­қылы онлайн-жаттығулардың орындалу жолдарымен танысып, күнделікті сабақ барысында үйде орындаған тапсырмасы үшін қан­дай баға алғанын қада­ғалай алады. Әрине, бастауыш сынып оқушылары қашықтан оқу барысында ата-аналарының көме­гін қажет етеді, – деді З.Әнуар­бекқызы.

Бірінші тоқсанда облыс мек­теп­­­теріндегі оқу үдерісі ұйым­дас­қан түрде, жоспарлы режім­де жүзеге асы­рылған. Алайда көп­шілік ата-аналарды оқу жылы­ның екінші тоқсанында оқы­ту қалай ұйымдастырылады деген ой толғандырады. Басқарма басшысы бұл сауалға «Барлығы аймақ­тағы санитарлық-эпидемио­ло­гиялық жағ­дайға байланысты. Өңір­де ахуал ушы­ғып бара жатса, білім беру мекеме­лері қашық­тан оқыту форматына көшуі мүм­кін. Оқу түріне қатысты мәселе – Ден­саулық сақтау министрлігінің құзыретінде», деп жауап берді.