Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Туған елін талмай жырлаған

Болат Молдашов! Бұл Көкалатта фамилиясымен бірге аталатын өнерпаздардың қатарынан еді. Бала күннен солай естіп өстік. Тек есімі ғана емес, Бөкеңнің әндері де бесігімізден құлағымызға сіңіпті. 

«Сен менің – жаңа жырым,

Мен сенің — лала гүлің,

анашым, анашым…

Сағынады балашың!, — деп келетін сәбилік аңсарға толы лирикалық әнді біздің ауылда білмейтін жан жоқ-тын.Туынды сонау 1977 жылы, Германияда, әскери борышын өтеп жүргенде жазылыпты. Осы орайда, сағынышты, сырлы, мөлдір де мұңлы туындыға кейіпкер болған Бибірау әжемізге қатысты бір әзіл әңгімені айта кетудің реті кеп тұрғандай.

Жас кезі, «болашағынан зор үміт күттіретін композитор» аты дүрілдеп тұрған шағында әлде аудан орталығында, әлде ауылдардың бірінде Бөкеңнің шығармашылық кеші өтіпті. Өнерді қатты құрметтейтін торғайлықтар мәдениет үйін толтырып-ақ тастайды. Уақытында келген Бибірау әжемнің өзіклубқа әрең кіреді. Бірақ зал ішінде ине шаншар жер жоқ екен. Кенжесіне деген елдің құрметіне көңілі марқайған ана: «әл, кәне, маған орын беріңдер! Мен — жергілікті композитордың анасымын!» деген екен. Бұл естігенім, естіген құлақта жазық жоқ.

Жалпы, Бөкең ата-бабасынан өнер қонған әулет. Әкесі Молдаш атақты Нұрхан ақынмен айтысамын деп хабар салыпты деседі. Жастық желігі басылмаған шайқы жігіттің меселін қайтарғысы келмеген, әрі әкесі Жұбантай мен дін ұстаған молда, елге сыйлы діндар ағасы Нұрманғалиды құрметтеген (белгілі айтыскер Отар Нұрманғалиевтің әкесі) ақтангер Нұрекең бір-ақ шумақпен «сәлем жолдап», айтысты мезгілінен бұрын доғарыпты. «Сәлем де Жұбантайдың Молдашына» деп басталатын төрт жолды Торғай көлемі тегіс біледі. 

Молдаш ақсақалдан тараған ұрпақ бүгінде аймақта кеңінен танымал. Баласы белгілі термеші, актер Бөлтірік Молдашов, немересі Бағнұр Молдашовтар мәдениетке өлшеусіз қызмет етіп келеді.

Ал, негізгі кейіпкерім Бөкеңнің маған жақын болатын себебі бар. 5 сыныпта музыка пәнінен сабақ берген ұстазым.Әрі қан жағынан келгенде апамның інісі, нағашым. Қасиет қанмен беріледі дегенге иланған халықпыз ғой, кейде үйде маған өнер қайдан «қонғаны» жайлы талас боп қалады. Мұндай апам «балам өзіме тартқан, ақын інім Болат Молдашов бар емес пе?» деп «дәлел келтірсе», көкем Торғайдыңқұймақұлақ шежірешісі Орекен Алмат ақсақалдың «Қонысбайға (Әбіл) өнер нағашысынан, Мауданнан жұққан болар» деген болжамын алдыға тартады.  Ең алғаш «Сары дәптер» жинағым жарық көріп, Қостанайда тұңғыш кешім өткенде апам көпшілік алдында сол сөзін қайталап, «балама ақындық бізден келген, Болат Молдашов деген ақын інім бар» деп, оған сол жерде отырған нағашыларым ду қол соғып, қошеметтегені бар.

2004 жылы маған Шабыттың бас жүлдесі бұйырып, оны «хабар» арнасынан көрсетті. Оған дейін бар-жоғы білінбеген бұйығы баланың бір-ақ сәтте жарқ етіп, Фазиза Оңғарсынованың қолынан жүлде алуы – ауыл үшін күтпеген оқиға еді. Көкалаттықтар біздің үйге қарай ағылады. Оның арты тай сойған тойға ұласты. Сол шақта Көкалатта Болат нағашым да қыдырып жүр екен. Апа-жездесіне еркелеп, елдің алдымен жетеді. «Өзіне тартқан жиенінің» топ жарғанына қуанған Бөкең шаттанып отырып төрт-бес шумақ өлең арнап та жібереді. Ұйқасы бар сөзді қадір тұтқан халықпыз ғой, көкем де балдызының қолына қағаз қалам ұстата қояды. Апам бұл хатты арнайы сақтапты. Бірақ, жазуы өте «күрделі» екен, бір беттік тілектен, тек «апа» деген сөзі ғана таныдым. Сол «қолтаңбадан» нағашымның қандай хәлде отырғаны көз алдыма келді.

Бөкең осылай жүрген жеріне өлең үлестіріп жүретін жомарт. Өнерге шынайы берілген, өмірі дүние жинамаған, қолында барын халқынан аямаған жан. Әйтпесе, ол кісі тапқан малдың кемі жоқ шығар. Сол уақытта Көкалаттың тең жартысы тойын өткізді десе таңғалмаймын. Қуанышын әрлеген жаннан тойы иесі аянып қалмайтын кеңшілік уақыттар ғой. Елдің еркелеткені сазгердің шабыты мен уақытын ұрлағаны анық. Бірақ, Болат Молдашұлы шығармашылықтан қол үзбеді. Туған жерін, Торғайын талмай жырға қосты, әндерін арнады. Ол туындылар  өңірге кеңінен тарап жатты.

Көкалат ежелден өнерлі мекен ғой. Оның ішінде біздің сынып ән мен күйге бейім болды. Бірге оқитын балалардың ішінде ең өнерге шорқағы мен ғана едім. Сонда мектепішілік шаралардың бәрі дерлік Болат Молдашовтың әндерімен әрленететін. Себебі, сазгердің шығармашығы тұнып тұрған патриотизмнің бастауы. Педагогтарымыз соны ұтымды пайдалана білді.

Жасыратыны жоқ, көкалаттықтар туған жерге қол ұшын созуға келгенде жан салмайды. Ауылда атқарылып жатқан ауқымды істер соның айғағы. Оған Бөкеңнің әндерінің де ықпалы бар деп ойлаймын. «Қабырға толқындары», «Шежірелі Торғай киелім» сынды әндері жүрегіңді шымырлатпай қоймайды.

«Қабырға, Торғай өзенім,

Көкалат — менің өз елім,

сүйемін, елім, өз жерім!

Ақкұмның айырық белдері-ай,

Ақкөлдің айдын көлдері-ай,

Шежірелі Торғай, киелім», — деп ән салып өскен ұлан қалайша туған жеріне құрметпен қарамасын?!

Болат Молдашов әннің сөзін де өзі жазады. Оның артықшылығы да, кем тұсы да осы. Менің ойымша, сазгердің сырлы әндерін кейде сөздері ақсатып тұратын сияқты. Бір қызығы, ол мәтінін жазған «Киелі топырақ» туындысы (әні Бақытжан Сәуекендікі) бүгінде кеңінен танымал.

 «Асқақтап атың әлі,

баршаны шақырады,

өнердің қайнар көзі,

Торғайдың атырабы,

өсірген қос бәйтерек,

киелі топырағы» деп келетін әнді естігенде рухтанбайтын жан жоқ шығар-ақ.

Өнерпаз бүгінде Арқалық қаласында тұрады. Арайлы Арқалығын, туған жер тұлғаларын ән-жырға қосып жүр. Өмірін өнерге арнаған, атақ қумаған сазгер 27 қарашада 63 жасқа толады. 2019 жылы тамызда Көкалатта ауыл күні ұйымдастырылды. Әр жылғы түлектер бас қосып, ауылда «Жастерек» саябағы ашылды. Осынау іс-шара аясында Болат Молдашовтың да шығармашылық кеші өтті. Бұл бәлкім автордың Тәуелсіздік жылдарында өткен алғашқы кездесуі болар. Кеудесінде салпыншағы жоқ дарындарды елемейтініміз өкінішті-ақ дейсің осындайда. Әйтпесе, Бөкеңнің әндері ешкімнен кем емес. Қазіргі эстрада жүрген ала-құла туындылардан бәлен есе артық деп білем.

Біз оның әндерімен сусындап өстік. Туған елге, туған жерге деген сүйіспеншіліктен туған бұл әуендер әлі талай ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелей бермек. Бұған дейін автордың бірнеше әні антологияларға кірді, өзінің күшімен «көңіл толқындары» атты кітабы шықты. 2018 жылы елге барғанымда Бердібек нағашымның жұбайы Оразкүл «Болат ағаның осы кітабы керемет ұнайды. Күн сайын оқып тұрамын» деп еді. Бұл өзіне таныс ортаны әсірелемей, жеңіл шумақтармен шынайы суреттеген Бөкеңнің өз оқырмандарын тапқаны ғой!

Болат Молдашұлының жұлдызы жарқырайтын күн алыс емес. Қазір оның әндеріне танымал әншілер «құда түсіп», аттай қалай алып жатыр. Кәсіпкер інісі Қайрат Бекболат ағасын насихаттауда көп еңбек сіңіріп жүр.

Осындайда бір сөз еске түседі. Атақты Жамбыл Жабаев жас шағында түс көріпті. Түсінде ескі киіз үйден ай келіп қолтығына кіріпті. Сонда ақын «е, маған да бақ-дәулет осы киіз үйдей қаусаған шағымда қонады екен-ау» деп жорыған деседі. Қай жаста болсын, адамды құрметі адаспай тапқаны абзал ғой. Ал, Бөкең зейнетке кенелер, қазақ «тал түс» дейтін шақта. Пайғамбар жасында. Атың өшкір пандемиядан құтылып, Арқалықта сазгердің шығармашылық кеші өтіп, мерейі тасысын деген тілегім бар. «Ештен кеш жақсы», еңбегіңіз еленсін, зейнет жасыңыз құтты болсын, Болат аға!

Абылай Мауданов, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.