Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Арзан нан ауылда

Қостанай облысындағы ең арзан нан Қарасу ауданына қарасты Железнодоржный ауылында сатылады. Бұл елді мекенде бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген салмағы 600 грамм бір бөлке нанның бағасы 50 теңге, ал екінші сұрыпты нан небәрі 40 теңге тұрады.

Қазір Қостанай қаласының тұрғындары бірінші сұрыпты нанды 105 теңгеден сатып алып отыр. Ал Железнодорожныйдың жұмсақ наны одан екі есе арзан. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл елді мекенде соңғы бес-алты жылдың ішінде нан бағасы өзгермеген.

Жергілікті серіктестікке қа­рас­ты наубайхана сол маңай­да­ғы ауылдарды сапалы әрі арзан әлеуметтік нанмен қамтумен қатар, неше түрлі тоқаш, піспе нан сияқты шай ішкенде тіске басар жылы-жұмсақ түрлерін пісі­реді. Наубайханадан шыққан арзан өнім Октябрь ауылдық окру­гіне қарасты ауылдарға, одан қалды көршілес Ақмола об­лы­сының бірқатар елді ме­кен­де­ріне жөнелтіледі.

– Күніне шамамен 1200 бөлке нан пісіреміз. Бұл ауыл тұр­ғын­дарына да, сырттан келетін ша­ғын кәсіпкерлерге де жетеді. Ең бастысы, ұн өзіміздікі. Сон­дық­тан бағаны тұрақты ұстап отыруға мүмкіндік бар, – дейді серік­тестік басшысы Максим Артемук.

Жақсының жақсылығын айт­пасқа болмайды, таяуда Максим Артемук Октябрь ауы­лын­­дағы ауруханаға құны 22 млн 783 мың теңге тұратын анес­те­зио­ло­гиялық кешенді сыйға тартты. Ауыл медицинасын дамытуға аса қажет кешеннің төсек алдына қойылатын мониторы мен жасанды жолмен демалды­ра­тын арнайы құрылғысы бар. Октябрь ауруханасы облыс орта­лығынан 220 шақырым қа­шық­­тықта жатыр. Сондықтан ауыр науқастарды дер кезінде облыс­тық ауруханаға жеткізу қиынға соғатын. Кәсіпкер сый­ға тарт­қан аса қымбат ме­ди­ци­на­лық құрылғы енді мұндай науқастарды алысқа апармай-ақ, олар­ға ауылдық ауруханада ота жа­сай беруге мүмкіндік туғызып отыр.

Дәрігерлердің айтуынша, жер­гілікті серіктестік ауылдың ден­саулық саласына көптен бері қолдау көрсетіп келеді.

– Ауылдық аурухана ғима­ра­ты осыдан 3 жыл бұрын «Желез­но­дорожный АМФ» серік­тес­ті­гінің қаржысына күрделі жөн­деу­ден өтті. Ал 2018 жылы атал­ған серіктестік «Рухани жаң­ғы­ру» бағдарламасы аясында 12 пәтерлі тұрғын үй салды. Бұл үйлерде қазір ауылшаруашылық саласының қызметкерлері, мұға­лім­дер мен дәрігерлер тұрып жатыр. Көп жылдан бері УДЗ аппаратына мұқтаж болып келіп едік, Максим Федорович былтыр ауруханаға 15 млн теңге тұратын жоғары сапалы УДЗ құрылғысын тарту етті. Қазір ауыл тұр­ғын­да­ры УДЗ-тексеруден өту үшін бұрынғыдай қалаға сабылмай­ды, осы жерде қаралады, – деді Октябрь ауылдық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқа­ру­шы Марина Хорошун.

Осыдан бір-екі жыл бұрын облыс басшысының бастамасымен қолға алынған «Көркейе бер, Қостанай» арнайы жобасы бойынша Қарасу ауылында 9 үй бой көтеріп, мұ­ға­лімдер мен дәрігерлерге табыс етілген. Тұрмысқа жайлы әрі жылы бұл үйлердің біреуі «Же­лез­но­дорожный» серік­тес­ті­гінің қар­жы­сына тұрғы­зыл­ға­нын да айта кету керек. Мұның сыртында, жергілікті серіктестік былтыр 135 млн теңге қаржыға Октябр ауы­лындағы кәсіби-техникалық учи­лищенің оқу ғимаратын да күрделі жөндеуден өткізіп берді. Ал ауыл мектебінің оқу озаттары жергілікті серіктестіктен ай сайын арнайы стипендия алып отырады.