Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Еңбегін бүкіл одақ білген

Әлі де қимылы ширақ, жүріс-тұрысында кісі назарын аударарлықтай кемшілігі жоқ, адамдармен қарым-қатынаста аңқылдап, кісімен кездескенде сәлемі түзу, жарқылдап тұратын Сайлаубек Сайділдаұлын дәл осы күнгі қалпында көргендер «70-ке келіпті» дегенге сенбеуі мүмкін. Біздің осыдан елу жыл бұрын көріп-білгенімізді елестетсек, кескін-келбеті аса қатты өзгермеген, ең бастысы, адамгершілік бітім-болмысы мен азаматтық қалпын өте берік ұстаған адамның бірі – осы біздің Сайлаубек замандасымыз.

Сайлау Байғабылдың баласы болып-туып, Аманкелді ауданының азаматы атанған күннен бері көптеген жолдастарымыздың алдыңғы тобынан лайықты көрініп келеді. Кейінгі туған жас жеткіншек балалар болмаса, 70-90 жылдардағы ауыл-аудан жастары Сайлау ағаларының аты-жөні мен атақ-даңқын, атқарған еңбек-қызметіндегі алау-эстафетасын өте жақсы біледі.

Сайлау ауданға келіп, шопан болып жүрген жастардың тыныс-тірлігімен танысқысы келген небір бастық дейсіз бе, газет-радиодан келген тілшілер дейсіз бе, соларға істің мән-жайын тәптіштеп тұрып айтып беріп, қойған небір қисық-түзу сұрақтарының бәріне жауап бергенде, оны саясатпен ұштастырған кезде, кез келгенін есінен тандырып, таңғалдыратын. Келген кісілерге соңынан беретін бригада мүшелерінің қонақасысын айтсай?!

Талайлар, әсіресе, қазақтың қонақжайлығына бөленген орысша ғұрыппен тәрбие алған ағайындар бригаданың дастарқаны басында, кездесу үстеліндегі жақсы отырыстар барысында, келе-келе бригаданың домбыра, гитара-баяндарына қолдарын созып, кетерлерінде көліктеріне ептеп сүйемелдеумен мініп жататын. Ол кезде үрдіс-салт солай-тұғын. Қысылатын ештеңе жоқ! Жұмыс жүріп жатыр: отарлар күйлі, мал басы аман. Құрдасы Мираштың қолынан шыққан көрнекілік үгіт-насихат тақтасы мен «Қызыл бұрыш» жайнап тұр, газет, радио-телевизор сайрап тұр, өндірістік көрсеткіштер жылма-жыл өсіп келеді. Осылардың бәрін жасайтын, оны игілігіне тұтынатын адам ғой?! Солай емес пе?

Шопандыққа барған «Құрдастар» бригадасында Мұратәлі-Зәпеннің Әсемі мен Намары, Сайлау мен Сәулеттің Нұрланы, бригадир Дүйсеболат пен топтың саяси хабаршысы Әбдірахманова Зейнептің Әсемі мен Гүлданасы дүниеге келді. Бір жарым жыл ішінде бригада мүшелері тегіс партия қатарына қабылданып, кішкентай еңбек ұжымында алғаш құрылғаннан бергі цехтық кәсіподақ (жетекшісі: Бекетова Зәпен) ұйымымен қатар, енді цехтық партия (хатшысы: Сәулет Мұқашева) ұйымы пайда болды. Сөзін Сайлау өзі жазып, Нұрмұханов Кәрімжан ағайы, бригаданың әнұраны іспетті, «Құрдастар» бригадасының әуенін жазды. Ән көпшілікке кеңінен тарап, автор оны жастардың аудандық жиындарында бір-екі рет орындағанын да білеміз. Оны және «Таң самалы» бригадасының еңбек ерлігіне арналып, Серікбай Шоңғаловтың сөзіне жазылып шыққан, тағы да сазгер-ұстаз ағайының «Жас шопандар әнін» Сайлау баянмен сүйемелдеп, өнерпаз келіншектерге күрілдеген дауыстарымен Мұратәлі мен Дүйсеболат қосылып, шағын «хор капелласының» кішігірім-қонақасылық концерті дастарқан басында болған талай қонақтарға ұмытылмастай әсер арқалатып жіберетін. Ой, қайран жастық-ай десей?!

Сайлауды ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін ВЛКСМ Орталық Комитетінің «Жастар жетекшісі»деген алтын белгісіне ұсындық. Кереметтей салтанатты жағдайда 1979 жылы 26 шілдеде Днепропетровск қаласында өткен Мектеп оқушылары өндірістік бірлестіктерінің Бүкілодақтық слётінде бүкіл Кеңес Одағы республикалары өкілдері алдында комсомолдың бірінші хатшысы Ю.А.Пастуховтың өзі тапсырған еді. Сол жолы С.Сайділдаұлының КПСС-тің Бас хатшысы Л.И.Брежневтер қатысқан жиында Қазақ ССР-ның мемлекеттік туын көтеру мәртебесін иеленгенін қазір біреу білсе, біреу білмейді.

Сайлаубек Аманкелді комсомолының атын біраз жерге танытты. Сонау Мәскеуден өзінің аңшылықты жақсы көретін ағылшын мылтықты, аңшы-мерген әкесін ерте келген «Комсомольская правданың» тілшісі В.Комаров бригада өмірінен көлемді очеркін жазып болғасын, бір жарым күн «Бестарауда» жарқылдауықпен шортан-шорағай аулап, таң сәрі-кешқұрымда үйрек-құс атып, байғабылдық «Құрдастардың» тірлігі мен ықылас-құрметіне таң-тамаша болып, басын «шайқай-шайқай» аттанғанына біз де куә болып едік.

Осы жылдар ішінде Сайлаубек Сайділдаұлы үлкен шыңдалудан өтті. Бригада мүшелерінің қайсыбірі аупартком активі қатарына, келесісі ауыл-аудандық Кеңестердің депутаттығына, кәсіподақ пен жергілікті органдардың құрамына сайланды. Үш жыл өткесін шаруашылықта Сарманов Қанапия бастаған ізбасар «Замандастар» бригадасы дүниеге келді. Сол жылдары осы күнгі «Қарасуда» Биғабылова Ақжібектің «Аққу», Нұғыманова Өрік пен Шәріпова Сәлиманың бастамасымен «Гәкку» отбасылы-сауыншы қыз-келіншектер бригадалары құрылды. Әрбір шаруашылықтарда ұйымдасқан жаңа еңбек ұжымдары өздерінің алдында болғандардың дәстүрлі еңбек бастамасы-эстафеталарын одан әрі жалғастырып, ауданның еңбек даңқы тарих-шежіресіне айтарлықтай, толымды табыстарымен өз есімдерін қалдырды. Кез келген бастама-қозғалыстың өміршеңдігі деп осындайларды айтса керек?!

Сайлау сияқты жүздеген замандастарымызбен бірқыдыру жылдар қатар жүріп, қызмет істеген, кейін жауапты ел басқару ісінің биігіне көтерілген, жастар ұйымында тәрбиеленген мыңдаған түлектерді, біздің заманымыздың ерлерін үнемі мақтан тұтамыз, олардың қатарының бүгінгі дәуірде де көбейе, жаңа толқынмен толыға түскенін қалаймыз.

Бимырза Нұрсейітұлы, Әбдіқадыр Әбдірайымұлы.