Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 (OLD) kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз

Тәуелсіздік. Қандай ыстық, қарапайым әрі қасиетті сөз. Осынау қасиетті ұғымды аңсап күткен қазақ баласы екі жарым ғасыр бойы дұғадай жаттап, ұрпақтан-ұрпаққа найзаның ұшы мен қылыштың жүзімен, ата-баба қанымен аманат етті, намыс жігерін болат кездіктей жаныған батыр бабаларымыздың азаттық жолындағы күрестері осының  жемісі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел газеті «Егеменде» жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласы еліміздің жүріп өткен отыз жыл ішіндегі жеткен жетістіктері ғана емес, жарқын болашағы туралы байсалды талдау жасауымен де қоғамдық санаға сілкініс жасап, ұлтқа бағдар беретін тұжырымдамалық сипатымен оқырманға ой салды. Сондықтан бұл құнды құжатты бүгінгі белесімізді бағамдаған, болашағымызға бағдар берген, қоғам құндылықтарын таным мен талғам таразысынан толғаған, ұлтты ұраншылдыққа емес, ұстамдылыққа үндеген ұлағатты мақала деуге негіз бар.
            Тәуелсідікке біз оңайлықпен жеткеніміз жоқ. Бүгінгі ұрпақ егемендік ғасырлар бойғы күрестің, «Елім-жерім» деген жан дауыстың , қасық қандарын қиып, ел үшін жанын пида еткен аға-апаларымыздың қанымен келгендігін есте сақтағанымыз жөн.   Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қазақ мемлекеттілігінің түпкі негізі сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті.

Қазіргі таңда Тәуелсіздік — барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Тәңірге тәубе, тәу етер тәуелсіздіктің алғашқы үш он жылдығында еліміз орасан жетістіктерге қол жеткізді. Бұл туралы мақалада жүйелі, жақсы айтылған. Сонымен қатар алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті қуатты елдің иесі һәм кемел халық болу екенін, бұл үшін ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру қажеттігін қаперге салады. Егемендіктің мәңгілік үштағаны – байтақ жеріміз, қастерлі тіліміз және бойтұмардай береке-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауға шақырады.

Әрине, ұлттық сананы тарихи сана қалыптастырады. Тарихын терең білген, тамыр тартып, тағылым алған ұлт тәуелсіздіктің тегін келмегенін ұғынады. Бұл ретте Елбасының «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» сынды кешенді бағдарламалар жасау арқылы тарихи санамызды жаңғыртуға рухани негіз, деректемелік бай қор жасап, таптаурын қияс түсініктерден санамызды азат еткенін айтқан Президенттің тарихшыларға отандық канондық тарих жазу, сол арқылы ұрпаққа ұғынықты, қарапайым тілмен өткенімізді насихаттау, көркем және деректі фильмдерді көбейту секілді тапсырмалар беруі – уақыт созбай шешімін табуға тиісті өзекті мәселе екені айдан анық.

Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – алдымен халқымыздың бақыты.Елімізде бейбітшілік болуы халқымыздың өжеттілігі, батылдығы емес пе? Алғашқы жылдарда басым мақсаттардың қатарында егемендікті нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикадағы қиыншылықтарға жауап беру болған еді.

Қазақстан — қазақ халқының ата-бабамыздың қонысы. Халқымыз өлшеусіз табиғат байлығымен қатар, ең бастысы  сан түрлі ұлттардан құралған халқымен ерекшеленетінін ұмытпаған жөн.Бүгінгі шуақты күндерді бағалай біліп, жаңа белестерге ұмтылу – біздің ұрпақтың бағыты болуы тиіс.

Бұл күнге  дейін жеткен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістердің тарихымызда өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталатыны рас. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға хан-сұлтандар, батырлар, қарапайым халықтың өзі де жандарын пида еткен.

Қазақстан үшін,  қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті.Ата-бабаларымыздың аңсаған арманына біздер, яғни бүгінгі ұрпақтың қолы жетті. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден келе  жатқан арманы,ендеше біз де келешек ұрпаққа дәл солай жеткізейік.. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының  арқасында, тәуелсіздікке қол жеткіздік.

«Ерлік — ұрпаққа ұран, елге – мұра »деген бабалар өсиетін бойына дарытқан халқымыз бүгінде жас ұрпақтың бойындағы патриотизмді дамыту үшін зор көңіл бөлуде

Тәуелсіздік – елдің биік те қасиетті ұғымдарының бірі, ал отансүйгіштік – біздің халықты біріктіретін Қазақстанның бірлігі мен жалпыұлттық идеясының негізі болып табылады. Мемлекеттің саяси құжаттарында нақты белгіленген патриотизмнің ықтималды нәтижесі ел азаматтарының нақты іс-әрекеттерінен көрінуі тиіс. Себебі, азамат, патриот болу үшін батыр немесе асқан ерекше адам болудың қажеті жоқ. Тек өз Отанынды жеткілікті дәрежеде сүюің, ол үшін қам жеуің, оның барлық қиындығы мен қуанышын бірге бөлісуің қажет.

Арысы қазақ хандығынан бастап берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтау. Жәнібек пен Керейдің керген керегесін кілем үсті көтеріп, Отанды қастерлеп өту әрбір ұрпақтың міндеті. Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес. 

Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!

Латифа Калиева, «Қостанай гуманитарлық колледжі» мекемесінің  оқытушысы.