Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жұмыспен қамту жүйелі жүргізіледі

Биыл Қостанай облысына «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 9 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 17 мыңға жуық адамды еңбекке тарту жоспарланып отыр. Облыс әкімдігінде өткен жиында жұмыспен қамту мәселесі талқыланды,

Биыл өңірде кадр даярлау және ұзақ мерзімді оқуға 1,5 мыңға жуық адам жіберілмек. Бірақ әзірге қандай мамандықтар тізімі жасалған жоқ. Сонымен қатар «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін 1400 жас маман оқиды.

«Осы жылы кәсіпкерлерді шағын несиелеуге 1,4 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа ауылдық жерлер үшін 1 млрд теңгеге 226 микрокредит беріледі. Қаржы аудару сәуір айына белгіленген, қалаларда жалпы сомасы 416,1 млн теңге болатын 47 шағын несие беру жоспарланған. Республикалық «Жас маман» жобасын іске асыруға 2,1 млрд теңге бағытталады. Бұл қаржыға облыстың 7 колледжі заманауи құрылғылармен жабдықталады. 16 зертхана, 8 шеберхана және жаңа модификациялы 2 кабинет іске қосылады», – дейді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова.

2021 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында жастар тәжірибесі және қоғамдық жұмыстарға 17 мың адамды орналастыру жоспарланып отыр. Ал еңбек ресурстары мобильділігі бағыты бойынша оңтүстіктен 800 қоныс аударушы келуі мүмкін. Оларды тұрақты жұмыспен қамту және жаңа мамандықтарға оқытуға жіберу көзделген.

Былтыр өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына коронавирус пандемиясы айтарлықтай әсер етті. Соған қарамастан мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы кәсіпкерлердің табысы сақталып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, жұмыссыздықпен күреске ерекше мән берілді. Тұрақты табысынан айырылғандарға уақытша жұмыс табылды. «Еңбек» бағдарламасының негізгі көрсеткіштері орындалды. Жұмыспен қамту шараларымен 31 767 адам қамтылды.

«Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Бағдарламаны іске асыруға 9 млрд теңгеден астам қаражат көзделген. Қаржының еселенуі тиісінше жұмыс орнының көбеюіне ықпал етеді. Былтырғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша облыста 9749 тұрақты жұмыс орны құрылған. 2021 жылы 17 300 жұмыс орнын ашу жоспарлануда, оның ішінде 9 700 тұрақты жұмыс орны болады», — деді аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов.