Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ұлттық жоспар жасалды

Қазақстанда елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспары дайындалады. Бұл жөнінде Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысында айтылды.

Жиында Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын әзірлеу, Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі, Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы, 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарының жобасы, сондай-ақ, Жедел реформалар пакеті және ұлттық халық санағын өткізу мәселелері қарастырылды.

Кеңесте Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғановалар баяндама жасады.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша кеңес мүшелерінің баяндамалары мен пікірлерін тыңдаған Президент көтерілген мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталып, оларды іске асырудың нақты тетіктері туралы өз ойымен бөлісті.

Мемлекеттік жоспарлаудың жаңартылған жүйесінің бағдарламалық құжаттары мейілінше икемді болуға, стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын арттыруға, мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларына қойылған міндеттерді орындау үшін тікелей жауапкершілігін айқын бекітуге тиіс.

Әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің қатарына кіру мақсатында елімізді одан әрі дамытудың негізгі үш бағыты, атап айтқанда,  институттардың сапасын жетілдіру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, мықты экономика құру ұсынылды.

Ортамерзімді перспективаға арналған міндеттерді айқындайтын негізгі құжат ретінде еліміздің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары белгіленді. Құжатта аса маңызды салаларды дамыту бойынша пайымдар, негізгі саясатты жетілдіру жөніндегі басты бағдарлар көрініс табады.

Ұлттық жобалар қызмет түрлері мен салалардың түйіткілді мәселелерін шешуге бағытталады. Жобалар белгілі бір кезеңде нақты нәтижеге қол жеткізуі және ол толықтай қаржыландыруы керек.

Қазіргі уақытта цифрландыру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, кәсіпкерлік, бәсекелестік, қоршаған ортаны қорғау және басқа да бірқатар жобаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Олар биылғы 1 шілдеге дейін дайындалып, бекітілуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев нақты салаға қатысты мәселелерді талқылауға маманданған сарапшыларды тарту, ал қоғамда қызу талқыланған тақырыптар бойынша белсенді азаматтарды кең ауқымда жұмылдыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Үкімет ұсынған Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының жобасы 12 стратегиялық бағыттан тұрады. Олар институционалдық, экономикалық және әлеуметтік болып үш салаға бөлінген.

Даму жоспары бойынша 2025 жылға қарай өсім деңгейі 5 пайызға артып, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 35 пайызға дейін, негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі ЖІӨ-нің 30 пайызына дейін, шикізаттық емес экспортты 2 есеге, яғни, 41 миллиард теңгеге дейін, еңбек өнімділігін 45 пайызға ұлғайту негізгі көрсеткіш болмақ.

Қазақстандықтардың тұрмыс деңгейі мен сапасын арттыру жөніндегі шаралардың нәтижесінде азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін ұлғаюы тиіс.

Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі деңгейін, атап айтқанда, оқушылардың білім көрсеткіштері, цифрлық бәсекеге қабілеттілік, заң үстемдігі индекстері бойынша жақсарту жоспарлануда.

Аталған құжатқа қатысты пікір білдірген Президент Ұлттық жоспар бүгінгі жаһандық үрдістерді ескере отырып, ел дамуының негізгі бағдарлары мен цифрлық параметрлерін қалыптастыратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, еліміздің ортамерзімді перспективадағы дамуы аталған реформалардың сапалы іске асырылуына тікелей байланысты болмақ.

Стратегиялық көрсеткіштердің егжей-тегжейлі картасы – Ұлттық жоспардың ажырамас бөлігі. Соған сәйкес әрбір мемлекеттік органға және ірі квазимемлекеттік ұйымға белгіленген кезеңде қол жеткізуге тиіс нақты көрсеткіштердің тізбесі бекітіледі. Көрсеткіштердің нәтижесі ақиқаттан алыс болмауы керек. Дегенмен оңай қол жететін және ынталандырмайтын индикаторларды мақсат етуге болмайды.

– Біздің басты мақсатымыз – бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру және әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына кіру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлттық даму жоспарының аясында ұсынылған реформалардың көбісі Кәсіпкерлік, Бюджеттік және Салық кодексі сияқты заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді қажет ететінін ескере отырып, Мемлекет басшысы Үкіметтің Парламентпен конструктивті жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.

– Депутаттық корпус Ұлттық жоспардың табысты жүзеге асуы үшін барлық қажетті заңнамалық базаны қамтамасыз етуге тиіс, – деді Президент.