Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қалада қыруар жұмыс бар

Қостанай әкімі Қайрат Ахметов қала тұрғындарына онлайн режімде есеп берді. Әкім облыс орталығының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, Қостанайда  биыл жүзеге асырылатын тың жобалар туралы баяндады.

Қостанайда былтыр өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 652,1 млрд теңгеге дейін ұлғайған.  Әсіресе, көлік құрастыру саласының табысы қомақты.   

– Жыл басынан бері Қазақстанда 75 мыңнан астам көлік құралы өндірілді. Олардың жартысынан көбі яғни, 53,2%-ы Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром»  зауытына тиесілі.  Кәсіпорын 2020 жылы 40 мың көлік шығарды, – деді Қайрат Ахметов.

Әкімнің айтуынша биыл «Индустрияландыру-кәсіпкерлікті қолдау картасы» аясында Қостанайда бірнеше ірі кәсіпорындардың құрылысы басталмақ.

— 2020-жылы индустриялық аймақта «Beefexport Group» ет өңдеу кешені мен шойын құю зауытының, сондай-ақ автокөлік бөлшектерін шығаратын кәсіпорынның құрылысы бойынша жұмыс жалғасады. «Агромашхолдинг KZ» АҚ аумағына бизнес-инкубатор орналастыру жоспарланып отыр. 2 жобаны биыл 1 тоқсанда пайдалануға беру жоспарлануда, — деді әкім Қайрат Ахметов.

Қостанайда 50 көп балалы отбасыға пәтер беріледі. Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметовтың айтуынша, бүгінде облыс орталығында тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесі бірінші кезекте тұр.  Қазір Қостанайдағы тұрғын үйдің орташа бағасы – 11,3 млн теңге.

– Жоғарыда аталған әлеуметтік топтағы отбасыларды баспанамен қамту мақсатында мемлекет қыруар шаруа тындырды. Нәтижесінде, баспана кезегіне тұрушылар саны да едәуір азайды. Мәселен, былтыр республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген  1 млрд 135 млн теңгеге 100 көп балалы отбасыға пәтер сатып алынды, – деді Қайрат Ахметов.

Биыл Қостанайда көп балалы аналарды баспанамен қамту үшін 575 млн теңге қарастырылып отыр. Оған 50 пәтер сатып алынбақ. Мұның сыртында, қала әкімдігі тұрмысы төмен отбасыларды жалдамалы пәтерлермен қамту жұмысын жалғастырамыз деді. Бүгінге дейін мұндай пәтерлерге 231 отбасы қоныстанған. Жалдамалы пәтер әкімдіктің меншігінде тұра береді.  Сондықтан, оған қоныстанған адам пәтерді сатып алып, өзіне ресімдеп алуға құқығы жоқ.   

Бүгінде Қостанай қаласында 11,2 мың адам баспана кезігінде тұр, оның 170-і көп балалы және тұрмысы төмен отбасылар.