Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мүмкіншіліктер мен артықшылықтар

Облыстық Білім басқармасы «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру» жобасы аясында Қостанай облысы Тілдерді дамыту басқармасының «Тілдарын» орталығымен бірлесе отырып «Жетілдірілген әліпби: ерекшеліктері мен артықшылықтары» тақырыбында семинар өткізді.

Онлайн өткен шараға білім басқармасының, тілдерді дамыту басқармасының мамандары, қалалар мен аудандар білім бөлімдерінің «Рухани Жаңғыру» бағдарламасына жауапты мамандар, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскерлері және мұғалімдер қатысты.

-Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы 2020 жылдың 17 ақпанында, 5 наурызда облыстың қазақ тілі мұғалімдері, тіл мамандары, филолог ғалымдары Республикалық орфографиялық топқа ұсынылған әліпби жобаларының ашық талқылауына қатысты. Олардың арасында филолог-ғалымдар А.Әбсадықов, Қ.Нұрмұхаметова, К.Есіркепова, басқа да тіл саласының мамандары бар. Осы кезде біздің облыстың тіл мамандары умлаут, бревис, седіл, макрон диакритикалық таңбаларды қолданған әліпбидің жобасын қолдады, — деп атап өтті облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Кенжеғали Бимағанбетов.

2020 жылы 28-29 қазанда жетілдірілген жаңа әліпбиді апробациядан өткізу мақсатында облыстың қазақ тілі мұғалімдері мен бастауыш сынып оқытушылары, орталықтар мен жоғары оқу орындарының филологтары арасында сынама сабақтары өтті. Сынама нәтижесінде жазба коммуникация жеңілдетілгені айтылды. Диакритикамен берілген әріптердің барлығының жалпы жиілігі өте төмен, яғни, олар көп болмайды.

Сонымен қатар, осы әріптер жазуға ыңғайлы, көзшалымға қолайлы деген пікірлер айтылды. 9 қараша күні Мәдениет және спорт министрі мен Білім және ғылым министрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа әліпбидің жетілдірілген жобасын  таныстырды. Содан кейін әліпби ғалымдар тарапынан тағы пысықталды. 2021 жылдың 28 қаңтарында Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында жауапты министрліктер латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндап берді.

Сондай-ақ, жетілдірілген әліпбидің жобасы, емле ережелерінің жобасы мен қазақ тілі әріптерінің пернетақтада орналасу тәртібі ұсынылып, Ұлттық комиссиямен мақұлданды. Ендігі кезекте бекіту үшін белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентіне ұсынылады. Семинарда «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері Айнұр Нұрбекова жетілдірілген әліпби жобасымен таныстырып, оның артықшылықтары мен ерекшеліктерін түсіндіріп өтті.

Айту кету керек, жобаның теориялық негіздерін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жүргізді, ал Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы емле жобасын зиялы қауым арасында түрлі сынамадан, сараптамадан өткізетін болады.