Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

«Тізгін – жауапкершілік!»

Жалпыға жол көрсеткен жас көкпаршының сөзі   Соңғы жылдары ұлттық ойындарымыз, оның ішінде көкпардан қомақты жүлде тігіліп, әлемдік деңгейдегі чемпионаттар, халықаралық бәсекелер ұйымдастырылып. Бұл төл өнеріміздің дамып, насихатының артуына үлкен серпіліс жасалып жатқанын көрсетсе керек-ті. Жалпы Қостанай аймағында көкпардың қайта түлеуі өткен ғасырдың 70 жылдарына сәйкес келеді. Кейін Торғай облысының бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков төл алу науқаны аяқталып, малшы-шопандардың арқасы кеңейген кезде«Шопандар слетін» өткізіп тұрған.

«Ат тұяғын тай басар» дегендей, кешегi әкелерiнің бастаған жақсы iсiн бүгiн олардың ұрпақтары жалғастыруда. Соның бірі – Амангелді ауданының жас палуаны Бағдат Қаймолда. Туған жерінде төл спорттың дамуына үлес қосып жүрген Бағдатпен әңгімелескен едік.  

– Көкпаршыға қойылатын дәстүрлі сұрақ: жылқыға жақындығыңыз, ат спортына деген қадам қай кезден басталды?

– Жастайынан атқа міну ауылдың әр баласына тән ғой. Менің де атқа қонып, көкпар тартуға әуестігім ерте жастан оянды. Өзім аудан орталығының іргесіндегіҮрпек ауылынанмын. Мархабат есімді ағамның көк аты болатын. Алғашқы мінген арғымағым сол еді. Шамамен 7-8 жасым болуы керек. Ағамнан ат алып, оны өзенге суарып келудің өзі бақыт-тын. Тақымым қатая бастады-ау дегенде ауылдың жабағы-тайларын үйрете бастадым. Алдымыздағы ағаларымызға қарап өстік қой. Үрпекте Қабдеш деген ақсақалдың Жарас деген ұлы бар. Қазір көкпарды ілгерілетіп келе жатқан бірден-бір адам.

Негізі, әдейі дайындалып, болмаса біреуден тәлім алып көкпарға келген жан емеспін. Осыдан 5-6 жыл бұрын сол Жарастармен бірге көкпар шабатынбыз. Сонда бір таңғалғаным, шағын ғана ауылда 20 шақты ат додаға түседі. Неге осыны аудан көлемінде ұйымдастырмасқа дейтінмін. Көкпардан қайтып келе жатқандағыарман-мақсатымыз қазір жүзеге асып келеді.

– Аймақтағы ат спортының аяқ алысы қалай? Амангелді ауданына қарасты ауылдардағы жас көкпаршылар туралы сөз етсеңіз.

– Амангелді ауданында ат спорты енді-енді қанат жайып келеді. Теңге алу, қыз қуу,жамбы ату сияқты спортымыз кенжелеп қалды. Ендігі мақсат – ойын төресі болған көкпарды өшірмеу. Елдің ертеңі үшін деп жақсы істерді бастадық. Қанша бауырларымыз смартфонға еріп, көздеріне көзілдірік тағып кетті. Телефоннан бас алмайтын замандастардың ойын басқа арнаға бұру үшін тырысып жатырмыз. Олардың жылқы малына деген қызығушылықтары оянса дейсің.

Әрине, көпке топырақ шашпаймыз, әр ауылдан бірнеше палуан бізді қолдап, осы жұмыстарға белсене кірісіп келеді. Үрпек ауылындағы Нұрдәулет пен Дәуіттер, Қарасудағы Шалқар, Байғабылдағы Серікболсын, Есірдегі Жарылқа, Амангелді ауылындағы Нұрсұлтан, Ермектердің қадамы нық. Олардың облыс деңгейіне дейін көтерілетініне күмәнім жоқ. Тек, осы құлшынысы мен еңбегін жоғалтпаса болғаны.

–Бағдат, көкпардың атын қалай таңдап аласыздар?

–Үлкендердің айтуынша, көкпардың аты тай кезінен таңдалады. Мықты атбегілер көкпарға жақсы шабатын айғырларын үйірге жіберіп, оның құлындарын  асықпай үйретіп, көкпарға зейіні бар ма, жоқ па, соны байқап барып баулиды.Көкпардың  аты үшін ең басты қажеттілік – жүректі болуы. Былайша айтқанда, өлген-тірілгеніне қарамайтын өте жүректі жылқы ғана көкпарға жарайды. Одан кейін икемділігі, жылдамдығы, иесін тыңдай алуы бар. Көкпаршы мен ат тұтасуы керек. Бірін-бірі өте жақсы түсінуі үшін өте көп еңбек пен уақыт жұмсалады. Көкпар – жігітті батылдыққа тәрбиелейтін құрал. Жүздеген ат жан-жақтан кимелеп, тепкілеп жатқан майданнан көкпар алып шығу өте қиын. Оны басынан кешкен ғана біледі. Қазір көкпаршы десе көзқарас басқа. Абыройы артып, дәрежесі көтеріліп келеді.

– Сырттай қарасаң, командалық көкпар мен жаппай көкпардың айырмашылығы көзге айқын көрінеді. Дегенмен нақты ерекшеліктері де бар ғой?

– Ел ішінде «Жаппай көкпар – командалық көкпардың әліппесі» дейтін сөз бар. Жаппайда додаға түсіп жүрген кез келген көкпаршы командалық көкпарға дайын болып келеді. Алайда, командалық көкпарда көбінде салқынқанды, салмақты, ойынды ақылмен ойнайтын көкпаршылар сап түзейді. Әрине, бұл жаппай көкпарды кім болса сол ойнап, ақылсыздар алаңына айналады деген сөз емес. Керісінше, жаппай көкпарда білек күші мен жүрек күші мығым, ештеңеден тайсалмайтын нағыз палуандар додаға түседі. Бір сөзбен айтқанда, командалық көкпарда әдіс-айла көбірек іске қосылса, жаппай көкпарда мықты ат пен палуан жігіттің қара күші сынға түседі.

– Жақында көкпаршылардың облыстық құрылтайы өтті.  Не өзгеріс болды? Ережеге өзгешеліктер енді ме?

– Облыстық көкпаршылар құрылтайында біраз нәрсеге куә болып қайттық. Төрешілердің жұмысы, палуандардың тәртібі, салым салмағы сияқты тақырыптар қозғалды. Үлкен буын тарапынан түрлі ұсыныстар айтылды. Ең негізгісі, бұрын айналып шабу (ат айналдыру), жетекке алу әдістері алынып тасталды.

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Былтырдан бастап бірнеше жобаларды бастап едік. Алайда әлемді жаулаған пандемия жоспарды бұзды. Биыл карантин шаралары кезең-кезеңімен жеңілдеген соң дайындық көкпарға жиналып жүрдік. Ендігі мақсат – аудан намысын қорғайтын жастардың басын қосу. Аттың тізгіні – жауапкершілік. Соны абыроймен ұстайтын азаматтар шықса дейміз. Ауданның аты үлкен додаларды аталып жатса, еңбегіміз бір еленер еді. Ауыл-ауылдан команда құрып, ауыспалы кубок ұйымдастырсақ деген ниет бар.Көктемге қарай облысқа танымал тәжірибелі палуандарды шақырып, жаппай көкпар жасасақ деген ой бар. Олар біздің жас палуандарға жол көрсетіп, ақыл-кеңестерін айтады. Мұның бәрі жүзеге асса, елдің көкпарға деген көзқарасы өзгеретіні рас.

Әңгімелескен Қасқырбай Қойшыманов,

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев