Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 621, 54-81-20, 54-08-30 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қызыл судан қауіп бар

Күн райы күрт жылынып, қасат қардың көбесі сөгіліп кетсе, Қостанай облысындағы жүзге жуық елді мекенді тасқын су басып қалуы мүмкін. Табиғи апат қаупі төніп тұрған 95 ауылда 9 мыңға таяу тұрғын, 2 мыңнан астам үй бар. Мұның сыртында, өңірдегі автокөлік жолдарының 107 тұсы тасыған судың табанында қалуы ықтимал.

Облыстық төтенше жағдай қызметі қызыл судан келетін қауіптің алдын алуды қазірден бастап қолға алып жатыр. Қамданған қапы қалмайды, биыл бюджеттен төтенше және шұғыл шығындарға арналған қорға 814 млн 330 мың теңге бөлінді. Қалалық, аудандық әкімдіктер 9 мың тоннадан астам инертті материалдар мен 52 мыңнан астам құм қаптарын дайындап қойды. Төтенше жағдай қызметінің 162,9 тоннадан астам жанар-жағармай қоры бар. Тасқын судың алдын тосып, арнасына қайта түсіру үшін 7 аудандағы өзендерде мұз жару жұмыстарын іске асыру жоспарланған. Облыста наурыз айынан бастап қардың қалыңдығы мен су тасқыны болуы ықтимал аумақтардағы жағдайды бақылауда ұстап отыратын ғарыштық мониторинг жүргізіле бастады.

«Қазгидромет» филиалына қарасты гидрометеорологиялық бақылау және мониторинг бөлімінің бастығы Нина Виткалованың айтуынша, таяуда Тобыл, Обаған, Қарасу және Тінтуір өзендерінің бойында қар құрамындағы су мөлшерін анықтау жұмыстары жүргізілген.

– Тінтуір өзеніндегі қардың құрамында 45 мм су қоры бар, бұл қалыпты норманың 72%-ын құрайды. Меңдіқара, Әулиекөл және Жітіқара аудандарындағы 18 метеостансада су мөлшерінің шамадан артық екені анықталды. Мәселен, Меңдіқара ауданындағы

Михайлов ауылының маңында ылғал мөлшері 67 мм болу керек. Ал біздің мамандар бұл өңірдегі ылғал 130 мм екенін анықтап отыр, – деді Нина Виткалова.

5 ақпаннан бері ауыл-ауылды аралауға шыққан ТЖД қызметкерлері мен қала және аудан әкімдіктерінің өкілдері тұрғындарға уақтылы қар шығару, су арналары мен арықтарды тазарту жайын ескертіп, су тасқыны бола қалған жағдайда қандай амал жасау керектігін түсіндіруде. Құтқару қызметі өкілдерінің айтуынша, қызыл судан қауіп төнген елді мекендердегі тұрғындар эвакуацияланып, қорадағы мал қауіпсіз аймаққа шы-ғарылады.

– Эвакуацияланған азаматтарды су басу қаупі бар аймақтан тыс жерлерге орналастыру үшін 192 уақытша пункт дайындап қойдық. Қауіпті аймақта қалған елді мекендерге азық-түлік жеткізу жөнінде ниет-шарттар жасалды. Қажет болған жағдайда эвакуацияланған тұрғындар орналасатын жайлар, үй жануарларын айдап апаратын орындар анықталды. Аймақта көктемгі су тасқынына қарсы күрес шараларын жүзеге асыратын 1085 техникасы, 116 қайығы, 365 су сорғысы, 269 мотопомпасы бар жалпы саны 2 960 адамнан тұратын арнайы құтқару тобы жасақталды, – деді Төтенше жағдай департаментінің бастығы Біржан Кәрімов.

Департамент басшысының айтуынша, су тасқыны кезеңінде төтенше жағдай қызметі мен барлық азаматтық қорғаныс қызметтерінің апатқа қарсы бірлескен штабы жұмыс істейтін болады.